Халық санағының маңызы зор
Биыл елімізде халық санағы өткізіліп жатыр. Тәуелсіз ел тарихында үшінші рет өткізіліп отырған бұл науқан жартылай онлайн режимде өткізілуде.
Яғни заманауи ақпараттық технологияның көмегін пайдалана отырып, мүмкіндігі бар ел тұрғындары үйде отырып, санақшыны күтпей-ақ санақтан өте алады. Қазірдің өзінде 17 миллионнан астам адам тіркеуден өтіп, қазақстандықтардың 91,6 пайызының ұлттық халық санағына қатысқаны белгілі болып отыр. Ел тұрғындарының 40,4 пайызы санақтан онлайн өтсе, 51,2 пайызы офлайн өткен көрінеді. Атап өтер жайт, биылғы санақ сұрақтары барынша толықтырылған. Қосымша толықтырылған сұрақтар арқылы халықтың тұрмыс тіршілігімен, әлеуметтік жағдайымен жете танысып, демографиялық саясатты дұрыс жоспарлау үшін санақ сұрақтарының маңызы зор болып отыр.
Жалпы ел ішінде дұрыс демографиялық саясат жүргізуге ұлттық халық санағы оң ықпал етеді. Соның дәлеліұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов«Санақтан өткендер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр. Мұнда санаққа қатысқандар қатары бұған дейін тіркелген халық санына шаққанда 107,5 пайызды құраған. Яғни, қолда бар мәлімет бойынша Алматы тұрғындарының саны 2 005 496 деп көрсетілген. Ал санақ сауалдарына 2 154 907 адам жауап берген. Демек, халық санағы қазірдің өзінде мегаполис халқының нақты санын көрсетуге көмектесетінін сеніммен айта аламыз» дейді. Яғни халық санағы елімізде дұрыс бағдарлап, нақты болжам жасап, ел халқының санын ескере отырып болашақты жоспарлауға өзінің оң ықпалын тигізеді.
Биыл халық санағы Қазақстанмен қатар әлемнің 61 елінде өтіп жатыр екен. Ел басқарып, дұрыс демографиялық саясат жүргізуде он жылда бір рет өтетін санақтың маңызы зор екенін түсінгендіктен, қалыптасып отырған пандемиялық жағдайға қарамастан алпыстан астам ел тәуекелге барып, халық санағын өткізуде. Атап өтер жайт, бүгінде талай жанның наразылығын туғызып отырған санақ сұрақтары халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік басқармалардың қатысуымен құрастырылған екен. Осы ретте Нұр сұлтан қалалық статистика департаментінің бөлім басшысы Шырын Тіленшиева «Қандай үйлерді алуға халықтың тұруға мүмкіндіктері бар? Жалпы қандай үйлерде біздің халық көбінесе шоғырланады? Соның нәтижелерін білу үшін бұл сұрақтар қажет. Сонымен қатар ұлттық санақтың нәтижесінде біз тек қана халықтың санын емес, жалпы халықтың әлеуметтік көңіл-күйін, сипатын білеміз. Халық арасында көп наразылық туындатып жатқан сұрақтың бірі – дүниеге қанша тірі бала алып келдіңіз деген сұрақ. Әрине кез келген анаға қиын сұрақ болуы мүмкін. Бірақ бұл сұрақтың нәтижесі бізге кішкентай балалардың өлімі, туу көрсеткіші, сонымен қатар әйелдердің туу репродуктивті жасы бойынша мәліметтерді алуға мүмкіндік береді, оны ешбір органнан ала алмайсың» дейді.
Демек санақтан соң халықтың денсаулығы туралы да бір байламға келіп, ортақ базада жиналған сұрақ жауаптарға сүйене отырып, шешім шығаруға, соған сай әрекет жасауға мүмкіндік тумақ!
Осы ретте айта кетер жайт, бұған дейін сұхбатшылар тұрғындармен тікелей жүздесу арқылы 45-ке жуық сауал қойса, биыл онлайн түрде тіркелуге де мүмкіндік бар. Ал онлайн тіркеле алмағандарға дәстүрлі санақ жүйесі сақталған. Санақ сұрақтарында барлығы 91 сұрақ бар. Соның 61-іне жауап беру міндетті, ал 29-ы нақтылауға арналған сұрақтар.
Жасырытыны жоқ, қазір елде туу көрсеткіші жоғары. Мамандар халықтан жиналатын статистикалық деректер арқылы ықазақстандық әйелдердің репродуктивті мінез-құлқын, өңірлік және этникалық ерекшеліктерін көрсетеді деп күтуде. Әлеуметтанушы Айбар Ысқақ шетелге кеткісі келетіндерге қатысты сұраққа орай «Бізде ішкі және сыртқы миграция белсенді жүріп жатыр. Сондықтан қазақстандықтардың миграциялық стратегиясы қиын. Мысалы, басқа елдің азаматы бола тұра, Қазақстанда тұратын адамдар бар, бұл олардың азаматтығы мен патриоттық сезіміне қатысты күмән туғызады. Кей адамдар керісінше, Қазақстан азаматы бола тұра, алдағы өмірін басқа елмен байланыстырады. Міне осындай стратегияларды түсініп, талдау керек. Сондықтан мұндай сұрақтардың болуы заңды нәрсе» дейді. Қалай болмасын санақ сұрақтарын кеңейту арқылы халықпен жақын танысуға мүмкіндік туып тұрған сыңайлы.
Қалай болмасын бұл санақтың жөні бөлек болып отыр. Ел еңсесін тіктеп, ұлтымыз да демографиялық өсімге бет бұрып, мемлекет тарапынан жәрдемақылардың көлемі өсе бастаған тұста халықтың нақты санын, денсаулығын, әлеуметтік жағдайын жете біліп, соған сай әрекет жасау, денсаулық жағдайына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп тұруына дұрыс жағдай жасау, терең сараптама жасап халықтың жағдайын жете білудің маңызы зор!