Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 19 Қазан 2022

Халықта жазық жоқ, талас тудырып жүрген саяси пәлеқорлар

None
None

Ретроспекциялық сұхбат деген жанр бар. Өмірден өткен белгілі адамдармен немесе артында сөзі қалған тарихи тұлғалармен жасалатын сұхбат.

Әрине, өлген адаммен сұхбат құра алмайсыз. Бірақ бұрын берген сұхбаттары мен жазған-сызған дүниелерін, айтқан сөздерін жинақтап, бүгінгі уақытқа лайықтыларын таңдап, сұрағын реттеп беруге болады. Ретро-сұхбаттың бүгінгі кейіпкері Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза. Шерағаң тірі болса, биыл тоқсанға толып, республика көлемінде торқалы тойы өтер еді. Шерағаңның көзі тірісінде берген сұхбаттары мен жазған-сызған дүниелері әлі өзекті. Құдды, бүгінгі уақытқа арнап жазып қалдырғандай.

– Шераға, бұл сұхбат көп сұхбаттарыңыздың бірі емес. Мұны ретро-сұхбат деп атап отырмыз. Әңгімені арыдан бастасақ. Сіз алапат аштықта туған жоқсыз ба?     

– Иә, балам, аштықпен жағаласып туған ұрпақпыз. Айша шешем кеудесінен сүт шықпай қалғанда талқанды матаға түйіп, оны суға матырып, маған соны сорғызады екен. Сол қорек болыпты.

Алдыңғы үш баласы шешек ауырынан шетінеген Айша анам мен Мұртаза әкем аш өзегіне түскен мені осылай асыраған.

Аштықты қойшы, әкенің жоқтығынан артық балада қайғы болмайды екен. Түн ішінде екі милиция мен бір «понятой»  болып өзіміздің ауылдағы бір мұғалім келді. Терезеде сыртта біреу тұрғанын тағы көрдім. Естен кетпейтін жаман түн… Үйдің ішін тінтті. Жүктерді, сандықтарды ақтарды. Милиционерлердің біреуі ілулі тұрған жайнамазды жұлып алып, асты-үстін аударып көріп: «аяғым тоңып жүр еді, жақсы болды ғой. Осыны мен шылғау қылып алайыншы» деді. Бала күнімнен көрген зорлықтың, қорлықтың алғашқы түрі осы болды. Осыны көрген баланың көңілінде қандай сезім қалуы мүмкін? Өшпенділіктен басқа еш нәрсе қалмайды.

Көкіректе өкініш дегенің толып жатыр, айналайын. Ол теріп айта беретін нәрсе емес, өкініш кез келген нәрседен құралады. Біріншіден, жастайымнан әкеден айрылдық. Онда да Құдайдың құдіретімен өз ажалынан кеткен жоқ, қиянаттан кетті. Совет өкіметі деген өкімет болды, білесің. Сталин дейтін патша болды, оның Қазақстандағы қолшоқпары Голощекин деген болды. Сол заманда әкей «халық жауы» болып кетті. Сонау Сібірдің бір түкпірінде қалды сүйегі. Бұл арман ба, арман емес пе?! Солай, мен әкеден 1937 жылы, 5 жасымда қалған адаммын. Содан бері жетімдіктің талай-талай көпірінен өтіп, тырбанып, әйтеуір, тірмізік жанмын, тіршілік қылып, осы халге, осы жасқа жетіп отырмыз. Мұның өзіне Құдайға шүкір дейміз. Артымызда талай-талай өкініш қалды. Құдай енді оны қайталатып көрсете көрмесін. Жақсылығын берсін лайым.

– Балалық шағыңыз соғыспен тұспа-тұс келді. Балалық шақ деп айтудың өзіне ауыз бармайды. Соның өзі бір өкініш емес пе?

–Соғыс басталған кезде мен 9 жаста едім. Содан бастап еңбекпен келе жатқан адаммын. Бірінші сыныпта мектепке бардық, сол кезде бір күн бүтін сабақ оқығанымыз қазір есімде жоқ. Бригадир деген болды, сол қуалап алып кетеді. Сенің мұғаліміңе де, әй-шайыңа да қарамайды ол. Соғыс болып жатыр, ел қиналып жатыр, ер-азаматтың бәрі кетті майданға. Анау іске жарайтын әйел затының бәрі қызылшада, қырманда, малда жүр. «Сендер соларға көмектесіңдер» дейтін біз сөз. Бидайдың арам шөбін жұлғызады, тағы басқа толып жатқан шаруалар бар. Бел жазбаймыз. Ал қазір тоғыз жасар балаға не істетесің сен? Мектепке де жөндеп, жыламай барса – жақсы. Соғыс біткеннен кейін, шамамен сегізінші сыныптарда оқып жүргенімде маған «1941 – 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» деген медаль берді. Қазір толып жатқан орден-медальдарым, түрлі марапаттарым бар ғой. Соның ішіндегі ең қадірлісі – жаңағы медаль. Шын, адал еңбегім үшін алғам. Ал басқалары енді жұрт қатарлы дүние…

– Адамда арман таусылған ба, өкініш те, күйініш те арман ғой. «Бір кем дүниеңіз» не?

– Ұрпақсыздар ұмытылады. Өмірдің заңы солай. Жалғыз ұл елу жасқа келді, баласы жоқ. Сонымен, тұқымның үзілгені ме!? Кітаптар қалар, ал олар ұрпақты жалғастыра ала ма?! Бір кем дүние деген осы да… Темірді тат шірітеді. Тат темірдің өзінен шығады. Адамды аздыратын жаман қылықтары да өзінен шығады. Ол да тат. Сабындап жуып кетіре алмайсың. Адам жанын тат басса, оны тек кітап кетіре алады. Кітап – өмірсерік. Бір кем дүние…

Самайға ақ кіріп еді, сақал-мұрт та ағара бастады. Ұялған ұрыдай болып, қастың бір талы да ағарыпты. Сөйте-сөйте…сүйек те ағарады-ау… Несіне тырбаңдаймыз? Бәрі де өтеді. Өтпейтін тек уақыт қана. Адамдар: «Уақыт өтіп барады», – деп өкінеді. Шынында өтіп бара жатқан уақыт емес, өмір өтіп барады.

– Шерхан ата, Сіз кеткелі бірнеше жыл болды. Өзгерген ешнәрсе жоқ. Атқарушы билік те, орындаушы билік те бұрынғылар. Атқамінерлердің ұстанған бағыт-бағдарын сіздің көкейіңіздегі бағаммен өлшеп көрсек…

– Тәуелсіздік алғанға дейін армандар едік: шіркін-ай, Қазақстан байлығы өз қолымызға тисе ғой! Сонда ма, сонда… дер едік. Енді не болды? Байлық өз қолымызда. Бірақ бүйіріміз неге томпаймайды? Қарнымыз қабырғамызға неге қабысып қалды? Осылай дей бастасаң басшылар ашуланады. Өйткені олар ел аралап жүріп өткен жердің бәрі жайнап тұр. Ел тоқ, киім көп, жұрт тыныш, күнде думан, күнде той. Мұның атын «Потемкин деревнясы» дейді. Кезінде патша-қатын Екатерина Ресейдің Оңтүстігін аралап келе жатса, ертегідегідей әп-әдемі әсем үйлер көздің жауын алып жарқырап тұратын көрінеді.

Сөйтсе, патшаның Потемкин дейтін министрі жол бойына жұқа тақтайдан үйлердің көркем суретін салдыртып қояды екен. Біздің әкімдеріміздің әрекеті көбінесе Потемкиннің қулығына ұқсап кетеді. Олар шалғайдағы Торғайдың, Ырғыздың түкпіріндегі ауылдарға, Шетке, Абралыға, Шудың құрдымына, Зайсанның Тарбағатайдың пұшпақтарына барып, қарапайым халықтың хал-жайын біліпті дегенді оқыған да, естіген де емеспін.

Тәуелсіздік туралы көп жаздыңыз, көп айттыңыз. Дегенмен қарапайым халық шынайы тәуелсіздіктің дәмін әлі толық тата алмай отырғандай…

–Құдайға шүкір, дәл қазір мемлекетімізге зеңбірікпен төніп тұрған қауіп жоқ. Бірақ зарығып жеткен тәуелсіздігімізге төніп тұрған орасан қауіп— жемқорлық, парақорлық, ұрлық-қарлық! Мемлекет қазынасын, қалың халықтың несібесін солқылдата сорып жатқан солар. Жуырда Дүниежүзілік банктен тағы да 2 миллиард қарыз алды. Парламент депутаты Өксікбаевтың: «Неге қарыз ала береміз?» деген сұрағына премьер-министр Кәрім Мәсімов бюджетте ақша жоқ деп жауап берді.

Жылда 7-8 миллиард көлеміндегі игерілмей қалатын ақша қайтадан бюджетке қайтарылмайтын сияқты. Әйтеуір адам түсініп болмайды. Осы орайда, Шекспирдің даналығы еске түседі: «Қылмысты алтынмен көмкеріп қойсаң, заңның найзасы майысып қалады». Көк соққанда біздің найзаларымыз әсіресе майысқақ келе ме деп сескенемін. Неліктен? Заңның найзасы майысқақ мемлекеттің іргетасы бекем бола қояр ма екен? Өрмекшінің торына түссе, шыбын-шіркей ғана түседі. Ал ара, сона дегендер сол торды елең қылмай бұзып кете береді. Сор болғанда біздің заңның торынан үлкен шыбындар да шығып кете береді.

– Шерхан ата «жең ұшынан жалғасқан жемқорлық қай саланы болмасын жайлап алған. Аса ірі көлемін көлеңкелі бизнестен іздейміз бе? Әлде…

– Жемқорлық пен парақорлық батпан құйрығы — шетелдерден алынып жатқан несие және үкіметтен несиені миллиондап алып, бір теңге де қайтармай отырған алпауыттар. Екеуіне де үкіметтің тікелей қатысы бар. Үкімет әлгі алпауыттарға несиені оңды-солды аямай бергенде—Атымтай жомарт. Ал қарызды қайтар деп айтуға келгенде дәрменсіз. Неге? Сен қалай ойлайсың? Неге? Қарызды қайтар деп айтуға келгенде, Қажыгелдиндер неге күмілжи береді? Қағазға қол қойған сол ғой. Міне, батпан құйрықтың жатқан жері. Алтын сауытқа оранған қылмысты заң найзасы дәл жүректен түйрейтін шақ осы. Бұл жерде майысқақ найзаны лақтырып тастаған жөн. Майысқақ найза болмаса, Шумов пен Малахов, Смағұлов қайда? Заң қорғаушылар дәрменсіз дегенге кім сенеді. Бірақ осылармен пәрменді күрес жоқ.

– Маңдайының соры бес елі қазақ тілінің көсегесі қашан көгереді? Депутат кезіңізде емес пе еді, «жыланның ғана екі тілі бар» дегеніңіз?

– Иә, дәл сол заманда. Ой, айналайын-ай, қазір менен не хал сұрайсың? Қызметте отырғанда өзімізге берілген міндетті толығымен орындауға тырыстым. Қазір мен «Егеменбіз, Тәуелсізбіз» деген шырын сөздерге бұрынғыдай масаттанбайтын болып барамын. Ол – ол ма, азаттық алғанымызға де сенім азайды. Алматыда жүрсем де шетелде жүрген сияқтымын. Қала толы жарнама. Бұрын орысшасы көп те – ептеп түсінуші едім, енді не жазу екенін мүлде түсінбеймін. Өйткені қаптаған ағылшынша мен қытайша, ал соған түсініп көр. Көшеде адамдар бір-бірімен көпшілігі орысша сөйлеседі, одан қала берді ағылшынша, қытайша бірдеңе дейді. Қай елде жүргеніңе шатасып қаласың. Азаттық алғанымыз осы ма?

Бұрынғы Кеңес одағына қараған, қазір тәуелсіздік алған мемлекеттердің бірде бірінде тіл туралы біздегідей талас жоқ. Бәрінде де бір тіл, республиканың аты берілген елдің тілі – мемлекеттік тіл. Оған ешқандай талас жоқ. Талас тек бізде ғана бар. Талас шығарып жүрген Қазақстандағы орыс халқының қалың тобы емес. Халықта жазық жоқ. Талас тудырып жүрген «жаворонок» сияқты саяси пәлеқорлар. Біздің мемлекетте өмір сүріп жатқан басқа ұлттардың өкілдері қияңқылыққа бармайды.

–Қазақ қаламгерін қарық қылмаған қаламақы саясаты әлі өзекті. Жазған-сызғанына жарытып ақы алған жазушыны көрген жоқпыз. Сізге қаламақы қалай төленіп еді?

–«Жалын» баспасы менің «Ай мен Айша» атты романымның бірінші кітабын басып шығарды. Рақмет. Бірақ қаламақы төлейтін сыңайы жоқ. Өйткені қарызға батып, қаржысыз отыр. Таралымының біраз бөлігін өзім сатып ақша табуым керек көрінеді. Бар шығарғаны 200-ақ дана.

Кезінде осы әңгімені Камал досқа да айтқам! Камал, егер енді Көк базарда «самопал» арақ сатып, бөтелкесін өткенге де, кеткенге де ұсынып, зарлап тұрған кемпірлердің қатарынан мені көрсең – таңғалма. Әрине күлерсің. Күле бер. Кітабымды сатып тұрамын, атасына нәлет! Бірақ менікі «самопал» емес. Арым таза. Тек бір қаупім бар: сатып алушылар менің кітабымның мұқабасын сипалап көріп тұрып, қасымдағы «самопал» сатқан көршіме бұрылып кете ме деп қорқамын.

Солай, бауырым. Кітап дүкендері толған «Мәскеу» баспаларының неше алуан «өнімдері». Ішіндегі бірен-саран құндылары да бар. Ал негізінен «секс» туралы бейәдеп кітаптар.

Қазір жазушылар не бітіріп, не қояды, не жазады, не жазып жүр, кім не бітіріп жүр? Оны ешкім білмейді. Әркім өз қазанында өзі қайнап жүр, қайнаса. Қайнамаса жылымшы немесе мұздай судың ішінде жатыр. Әркімнің тіршілігі әрқилы.

Қазір шынында кім не бітіріп, не жазып жүргенінен ешкімнің шаруасы жоқ қазір. Ешкім сенен сұрамайды. Үкімет те, Сенат та, Мәжіліс те. Басында басшылардың біреуі айтып қалды, анау Америкада төрт-бес-ақ жазушы бар екен, әркім өз күнін өзі көреді екен. Сендер де сөйтіңдер деп. Әрі-беріден кейін Қазақстан Жазушылар одағын бюджеттен шығарып тастады. Барлық шығармашылық одақтары да солай. Сол кездегі Үкіметбасы, анау-мынау емес, үкімет басшысының өзі айтты. «Марка жинайтындардың ұйымы болады, ит атушылардың ұйымы болады, сендер сол сияқты бюджеттен тысқары өмір сүресіңдер» деп. Содан бері Жазушылар одағына бюджеттен қаржы бөлмейді, әйтеуір кейде там-тұм Одақтың ғимаратын жөндеуге, тағы да кейбір жағдайларда аздап қарайласатын болуы мүмкін. Басқаша назар салу жоқ.

– Бұрын өзіңіз журналистиканың бұрқ-сарқ қазанында қайнадыңыз. Беделді басылымдардың біразына басшылық еттіңіз. Қазір де сырттай бақылап отыратын шығарсыз. «Сырт көз – сыншы», сізді қазіргі қазақ журналистикасының несі сүйіндіреді, несі күйіндіреді?

– Қазіргі көп журналистер сол хабар-ошар төңірегінде, ақпарат төңірегінде ғана қалам тербейді. Ол да енді керек дүние, әрине. Күнбе-күнгі тіршілік, бүгін не болып жатыр деген төңіректе елді құлақтандыру керек-ақ. Дұрыс шығар… Дегенмен толғап жазатындары – публицистер де жоқ емес. Бірақ көп емес-ау деп ойлаймын мен өзімше… Жанр жоқ. Аласталып қалған сол жанрыңыздың бірі – фельетон. Ол баяғыда оқылатын, жұрт іздеп жүріп оқитын. Өтімді болатын. Жарияланған соң талқыланатын. Қазір сынап жатсың ба, шекесін жарып жатсың ба, ешкімнің онда ісі жоқ. Мінеки, осындай қадірсіз болып қалғаннан кейін фельетонға ешкімнің барғысы келмейді.

Ал менің байқайтыным, қазіргі журналистиканың бір ерекшелігі – қалам тартатын қыздар көбейген тәрізді. Мынау керемет деп даралап айта алмаймын. Кейде сындар, батыл-батыл ойлар айтады. Басқа көп көзге түсіп жатқан ешкімді білмеймін, мүмкін бұл өз кемшілігім шығар менің, барлығын қадағалап оқып жүрмеген…

Тегтер: