...ХАЛЫҚТАН КЕШІРІМ СҰРАУЫ ТИІС ЕДІ...
2019 жылы Назарбаев президент тағынан түсіп, сосын, халықтың бір бөлігі легитимді емес деп қабылдаған сайлаусымақ нәтижесінде, өз орнына Тоқаевты қойғанда, мен мұны, естеріңізде болса, жартылай транзит деп бағаладым.
Нағыз транзит Назарбаев саясаттан толық кеткенде ғана басталады деген едім. Қазір біз сол үрдісті байқап отырмыз.
Бірақ Назарбаевтың өзі кеткенімен, жемқорлыққа батқан, тиімсіз мемлекеттік аппарат, сүйкімі жоқ парламент, өңірлердегі әкімдер түріндегі «ұжымдық Назарбаев» әлі қалды, биліктің басым бөлігі әлі солардың қолында. Сондықтан түбегейлі өзгеріс жасау үшін жаңағы «ұжымдық Назарбаевты» толығымен алып тастауымыз керек, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Сарапшының сұхбаты журналист Вадим Борейконың YouTube-тегі каналында шыққан екен. Сәтпаев тағы былай дейді:
– Дәл қазір Қазақстанда комедия болып жатыр: кезінде тұңғыш президентті жер-көкке сыйғызбай мақтағандар енді кешегі жүйенің кемшіліктерін тізіп, сынауға көшті. Бұл да Назарбаевтың кінәсі, теріс селекция. Ол ең нашар адамдарды іріктеп алып, солардан элита қалыптастырған болатын. Оның жүйесінде жатпай-тұрмай жағымпазданатын, сынаудың орнына тек мақтау айтатындар ғана байлыққа кенелді, лауазымдар мен атақ алды. Қысқасы, Назарбаевтың маңайына өңшең екіжүзділер жиналғанына тағы да куә болдық.
Қазір элитаның ішінде сауда жүріп жатыр. Тұңғыш президенттің отбасы мүшелерінің мол байлығы бар. Тоқаев қанша жерден «меншікті қайта бөлмейміз» десе де бөліс бәрібір басталады. Сосын, Назарбаевтың мұрасы деген бар. Бәріне соны кінәлап, оны теріске шығарамыз ба, әлде саясатымыздың бір белесі деп қабылдаймыз ба? Қазақстанның ары қарай қандай бағыт алатыны осы сұраққа байланысты. Бірақ, меніңше, ең дұрыс жол сол, ертең «Нұр Отан» съезінде Тоқаев жаңа парламенттік сайлау жариялауы керек. «Нұр Отан» партиясының Қазақстанға енді керегі жоқ, өйткені, ол халық қалайтын партия емес. Тоқаев «Нұр Отаннан» бас тартса, жүйеде бірдеңе өзгереді деген үміт бар. Әйтпесе, өзгеріс болмайды. Мен бірнеше рет Қазақстанды «Титаникпен» салыстырған болатынмын. Біз бағытымызды өзгертпесек, мұзға соғылып, суға батып тынамыз дейтінмін.
Қазір Тоқаевта уақыт аз, ол билікті өз қолына енді алды дейміз. Бірақ шындығын айтайық, оның түрлі лауазымдарды атқарып, билік басында жүргеніне талай жыл болды ғой? Тоқаев жылдар бойы жұмыстан үйіне келген соң, «бұл жүйені құлату керек» деп басқаша сайрады ма, әлде жұмыста жүргенде, Штирлиц сияқты іштен шыққан жау болып, жүйені құлатуға тырысты ма? Десек те, дәл қазір оның қолында мол құзыр бар. Біздегідей авторитарлық, тоқырауға ұшыраған жүйеден де бәсекеге қабілетті жүйе жасап шығаруға болады. Тоқаев өз реформасын үш-төрт жылға созбай, ары кетсе, 1,5 жылда жүзеге асыруы тиіс.
Ал Еуропа парламентінің Қазақстанға қатысты қабылдаған қатаң резолюциясы Тоқаевтың халықаралық қауымдастық алдындағы имиджіне үлкен соққы. Бейбіт тұрғындар арасынан қаза тапқандар санына қатысты үлкен сұрақтар туындап отыр. Мысалы, мен танитын бір адамның бауыры қолы кісенделген, зорлық-зомбылық іздері мен оқ жарақатымен мәйітханадан табылды. Бұл кімнің ісі? Сұрақ көп. Еуропарламенттің мәлімдемесі Ақорда үшін өте жайсыз белгі. Ең жаманы – Қазақстан билігіне деген көзқарас Беларуссия билігіне деген көзқарас сияқты болатыны. Тоқаев пен Лукашенконың бір қатарға қойылғаны. Ал бұл Путин үшін идеал, яғни өте қолайлы жағдай. Батыс әлеміне жақпайтын президент амалсыз Путинге жақын болады. Сол жағынан алғанда, қаңтар оқиғасынан пайда көргендердің бірі — Путин деуге болады. Ол жағдайды пайдаланып, элита арасындағы тартыста Тоқаевты қолдады. Элитааралық тартысқа Тоқаев үшінші қатысушы етіп ҰҚШҰ күштерін әкелді. Енді Қазақстан екінші Беларусь боп қалмауы үшін ашық та әділ халықаралық тергеу жүргізу керек. 20 мың экстремист деген әңгіменің өзіне қатысты сұрақтар бар. Меніңше, бұл да ҰҚШҰ күштерін кіргізу үшін ойлап табылды. Кешегі қырғынға оппозиция мен шерушілер емес, біздің биліктегі элитаның тартысы алып келді. Бірі қарулы топтары мен титушкаларын іске қосса, бірі ОДКБ-ны әкелді. Ең жанға бататыны, сол тартыстың салдарынан, бейбіт адамдар қаза тапты.
Сосын, біз мына өткен отыз жылдағы бар сорымыз бен сұмдығымызды ұмытып, бәрін жаңадан бастай алмаймыз. Өйткені тура сондай келесі бір отыз жылдың басталмасына кім кепіл?! Болашағыңа қарау үшін алдымен өткеніңді әбден зерделеу керек. Жаңа парақтан бастасақ, өткен тарихымыздағы қаралы оқиғалардың жауаптарын кім береді бізге? 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы, оның алдындағы Алтынбек пен Заманбектің өлімі бар. Ешкімнің көңілінен шықпайтын ресми ақпараттармен жабылған
күйі қалмақ па? Қанша күрделі болса да болашаққа шындықпен аттану үшін тарихымыздағы осындай оқиғаларға шынайы баға беру міндеті тұр. Қаңтардағы дүрбелең басылғаннан кейін Тоқаев, ең алдымен, халықтан кешірім сұрауы тиіс еді. Ол да осы жүйенің бөлшегі болды ғой? Отыз жыл бойы құрған жүйеміз үшін мен де кінәлімін деп. Сосын, Тоқаевтың өзі жас кісі емес, биыл 69-ға толады. Егер Тоқаев елде шынымен өзгеріс жасағысы келсе, ең алдымен, ол елдің дамуы мен тұрақтылығы президенттің денсаулығына байланысты болмайтындай жағдай жасауы керек. Әне, Назарбаевпен солай болды. Ол үшін билік бір адамның қолына шоғырлана беретін жүйені жылдам арада жою керек. Ел құрметтейтін, сайланатын парламент, мықты сот жүйесін құрған жөн. Әйтпесе, біз ертең жаңа элитааралық тартысқа куә боламыз, енді Тоқаевтың денсаулығына тәуелді болып, соңғы 30 жылда түсіп қалған қақпанымызға қайта түсеміз, – деген екен Досым Сәтпаев.