Халықты қарызға батырған үкімет
![None](/static/img/image.jpg)
енді «банкрот» қыламыз деп әлек
Бірінші кредиттік бюроның дерегінше, Қазақстанда экономикалық белсенді, жұмыс істеуге қабілетті 9,2 миллион адам бар болса, оның 7,2 миллионында, яғни 77 пайызында несие бар. Несие алған қазақстандықтардың төрттен бірі – шамамен 1,8 миллионы – қарызын уақтылы төлей алмаған.
Қазірде үкімет «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңды қабылдады. Бұдан былай жеке тұлғалар өзін «банкротпын» деп жариялай алады. Ел азаматтарынан арыз 2023 жылғы наурыз айынан бастап қабылданады.
Экономиканы құтқару ма, әлде...
Алайда сала мамандарының айтуынша, бұл банктерді де, тұтынушыны да, экономиканы да құтқаратын жол емес. Рас, жеке тұлғалар банкроттық жариялап, қарызынан құтылып, сәл де болса жеңілдер. Бірақ ол әрекет батпақтап жатқан салалардағы мәселелерді түбегейлі шешпейді.
Мәселен,Ұлттық банктің 2022 жылғы 1 қазандағы дерегіне сүйенсек, экономиканы кредиттеу 13,3 пайызға өсіп, 26,9 трлн теңгеге жеткен. Осыншама қыруар қарыздың 49,9 пайызы бизнестің несиелері болса, 50,1 пайызы – халыққа берілген кредиттер. Сонымен қатар проблемалық несиелердің мөлшері де өсіп келеді. Ұлттық банктің мәліметінше, 2022 жылғы 1 маусымда барлық банктік қарыз бойынша мерзімі өткен берешек көлемі 635,5 миллиард теңгеден асқан.
Міне, осы деректерге сәйкес «Аналитик» талдау орталығының сарапшы маманы Марал Төртенова былай дейді:
— Алдағы үш жылдың ішінде елдегі несие саясатына қатысты салмақты шешімдер қабылданғаны жөн. Себебі елдің көпшілігі қазір жағдайы келсін, келмесін несие алуға құштар. Нақтысы бізге қазір сонау Тәуелсіздік алған жылдарда ұстанған экономикалық бағытымызды өзгертетін кезеңге жетті. Инфляция деңгейі жыл сайын өсім беріп отыр. Үкімет қымбатшылықты бұғаттау мақсатында түрлі шараларды қолға алып, әр түрлі салаларға дем беріп, қолдау қаржы бөледі. Соның бірі – осы банктер. Бюджеттен демеу қаржы ретінде 200 млрд теңге бөліне қалса, оның 60 пайызы банктерді қолдауға кетеді. Бұл Тәуелсіздік алған жылдардан бері ұстанып келе жатқан бағытымыз. Енді «Жаңа Қазақстанға» енгіміз келсе, бұл бағытты өзгерту керек.
Сонда қалай өзгертеміз?!
Маманның пайымдауынша, біз ең алғаш нарықтық экономикаға енген тұста теорияны дұрыс ұстанбаппыз. Тоқсаныншы жылдардан бері ағылшын ғалымы Фридман Милтонның қағидасын әлі күнге дейін ұстанып келеміз. Милтон қағидасы «елде дағдарыс орнамас үшін ақша массасын қысып ұстап, өндірістік салаға емес, қаржы институттарына қолдау көрсету керек» дегенге саяды.
– Қазір әлемнің көптеген елдері Милтонның өндірістік саланы қолдамайтын монетарлық теориясынан әлдеқашан бас тартқан. Ал біз әлі сол көне теория бойынша банктерді қолдауды мықтап ұстанып келдік. Үкімет әрдайым екінші деңгейлі банктерді дағдарыстан алып шығады. Ол банктердің халыққа пайдасы тиіп жатқаны шамалы. Бұл жолы да сол екінші деңгейлі банктердің жағымсыз несие қоржыны өсіп жатқан соң жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды. Егер біз теорияны өзгертпесек, онда үнемі осылай елді «банкрот» жариялап, банктердің қарызын үкімет жауып отыра ма, – дейді экономист-сарапшы Марал Төртенова.
Банк бір жақта, халық бір жақта…
Экономист-сарапшының байыптауынша, үкімет банктерді қолдағанмен банк пен халық арасында байланыс жоқ. Екінші деңгейлі банктер бүгінде қарапайым халықтың қалтасын қағып алуды ғана мақсат етіп отыр. Маманның бұл сөзін әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева да растайды.
— Расымен де қағиданы өзгерту керек. Біздегі банктердің пайыздық үстемесі 24-28 пайызды құрайды. Кезінде отандық банктер 2004 жылдары шетелдік банктерден несиені 2 пайызбен ғана алған сәттері болды. Осы кезде олардың дәурені жүрді. Олар шетелден 2 пайызбен несие алып келіп, халыққа 20 пайыз үстемемен берді. Қазір шетелдік банктер несие ставкасын өсірді. Себебі АҚШ Федералдық қоры сыртқа беретін несиенің үстемесін өсіріп жіберді. Осыдан барып өзге де шетелдік қаржы институттары несие ставкасын өсіруге мәжбүр болды. Бірақ Еуропада жеке тұлғаларға Қазақстандағы сияқты 22-24-28 пайыздық үстемемен несие бермейді. Сондықтан бұл арада несие үстемесіне байланысты заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізсек жөн болар еді, – дейді экономист-сарапшы.
Осылайша мамандар алға тартып отырғандай, пайызы жоғары болғанмен, несие беру көлемі Қазақстанда шектеліп қалған жоқ. Мәліметтер соңғы 10 жылдың ішінде қазақстандықтардың несие алу көрсеткіші жыл сайын өсіп отырғанын көрсетеді. Сондықтан бұл арада үкіметке енді банктерден сауатты жұмыс істеуді талап етуі керек.
— Халықтың қарызға батуына бірден-бір себепкер осы сауатсыздық. Үкіметтің жұмысты сауатты жүйелей алмауында. Әртүрлі жобалардың, бағдарламалардың нәтиже бермеуі, жұмыссыздықтың дендеуі, қымбатшылықтың өршуі – елді қысылғанда банкке баруға мәжбүр етті. Бір сөзбен айтқанда халықты қарызға батырған үкімет, енді «банкрот» қыламыз деп әлек. Қазір халықтың көпшілігі жағдайына қарамай, жоспарламай, жалақысының көлеміне қарамай несие алуға дайын тұрады. Мысалы, 120 мың теңге жалақы алатын мұғалімге 2 млн теңгені 28 пайыз үстемақымен несиеге беретін банктер бар. 120 мың теңге алатын адам бес жыл бойы жалақысының жартысын банкке несие өтеуге беріп отыру керек. Осы арада келіспейтін дүние көп. Жалақысы төмен адамдарға несие беріп проблемалы несие қоржынын көбейткенше, неге екінші деңгейлі банктер мұндай қаржыны отандық өнім өндіруші саланы қолдауға бермейді. Шағын бизнесті қолдауға неге арзан пайызбен несие беруді қолға алмаймыз?! Отандық өндірісті қолдасақ, ұлттық экономиканың болашағы да бұлыңғыр болмас еді, –деді Меруерт Молдабаева.
Тақырыпқа түйін...
Сөйтіп, нақ қазір біз ұстанып отырған қаржы-несие саясатына таяу үш жылдықта жаңашылдық енгізу керек. Бұл арада біз 2007 жылы АҚШ-тан бастау алған несие дағдарысын ұмытпауымыз керек. 2007 жылы 100 мың американдық мойнындағы несиесін, ипотекасын төлеуден бір күнде бас тартып, несиеге алған үйлерін бір күнде қайтарып берген болатын. Ал 100 мың пәтерді банк не істейді? Үй құрылысын салып жатқан компанияларға беретін банктердің қаржысы жоқ. Өтелмеген несие қоржыны көбейген АҚШ сол кезеңде абдырап қалды. 2007 жылы қаржылық дағдарыс осыдан бастау алып, 2008 жылы әлемдік дағдарысқа ұласып кеткен болатын.
Негізінде, бізде де үкімет банктерді демеу үшін талай мәрте қолдауға қаржы бөлді. Бірақ елдегі екінші деңгейлі банктер осы уақытқа дейін халыққа тиімді операциялар жасаған жоқ. Сондықтан болашақта банктерге халыққа тиімді қызмет көрсетуге қатысты талапты төтесінен қою керек. «Банкроттық туралы заңнан бөлек, алдағы уақытта халыққа беретін несиелерінің пайызын төмендетуді нақты талап еткен жөн». Егер халықтың жайын ойласа, билік – өз пайдасын ғана ойлайтын банктерді осылай тезге салуы тиіс. Біз үшін қазіргідей сын сәтте халықтың жағдайын ойлайтын қаржы институттарының көбейгені керек-ақ болып тұр.