Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:32, 21 Қаңтар 2022

Халықты шеруге шығарған НЕ?!

None
None

Жаңа жыл басталғалы бірнеше күн бойы еліміздегі дүрбелең оқиғалар болып, елдің берекесін алғаны былай тұрсын, көптеген боздақтардың әлдебір оңбағандардың жеке мүддесінің құрбаны болғанына куә болып отырмыз.

Осындай жағдай орын алғанда, көптеген басшы сымақтардың шынайы бет пердесі ашылып, елдің емес, қарақан басының амандығын ойлап, бұта бұтаны тасалап кеткенін көрдік. Сол кезде  Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Мен елмен біргемін!» деген сөзі көптеген қарапайым адамдарға үміт сезімі мен қайрат берді. Сырттан әскери көмек келіп, істің беті бері қараған соң, елге ақыл айтқыштар көбейді. Сол «ақылдылардың» болған қайғылы оқиғаға елді кінәләп, айыптағаны жаныма батады. Теледидардан халыққа ақыл айту деген үрдісті доғарту керек! Кім болсаңда халықтан биік емес екеніңді ұмытпаған жөн дер едім.  Сол ақыл айтқыштар, осы оқиғаға дейін қайда болған? Олар шынымен еліне жаны ашыса, осындай қайғылы жағдайдың орын алуына себеп болған  басты жәйттерді неге билікке айтпайды? Басты себеп, үкімет пен қарапайым халықтың арасындағы алшақтықпен байланыстың жоқтығы емеспе?! Үкімет басында отырғандардың қарапайым халыққа құдды бір басқа планетада тұратын адамдар сияқты жиіркенішпен қарағанынан осындай жағдай орын алды емеспе?! Сөзім дәлелді болуы үшін 2021 жылдың басынан бастап, өзімнің басымнан өткен жағдайды айтайын. Менің туып өскен ауылым Алматы облысы, Талғар ауданы, Нұра ауылы.  Ауылым Алматы қаласынан не бәрі 42 километр жерде орналасқан. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2004 жылғы Қазақстан халқына жолдауының негізінде қабылданған «Ауыл – ел бесігі» жобасына сәйкес, 2004-2010 жылдар аралығында Нұра ауылында жеке тұлғаларға, тұрғын үйлер салуға жер телімдері беріліп, ауылдың айналасында бес (!!!) жаңа шағын аудан»  бой көтеріп келеді. Ауылдық округ әкімдігінің мәліметінше, ауыл тұрғындарының саны 18 мыңға жуық. Дегенменде, сол Алматы қаласының түбінде орналасқан, 18 мың тұрғыны бар ауылыма үш жылдан астам уақыт қоғамдық көлік, автобус жүрмейді. Ауылда жұмыссыздық белең алып, ауылдастарымның жағдайы уақыт өткен сайын нашарлап барады. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі күнделікті ішетін ас-суын жергілікті дүкендерден қарызға жаздырып  алып отыр. Ал «COVID –  2019» індеті басталғалы науқастанған ауыл тұрғындары дәрі-дәрмек, шпирц, системаларында жергілікті дәріханалардан қарызға жаздырып алуда. Ауылдың емханасында МРТ, КТ, тағы басқасын айтпағанда, қарапайым рентген аппараты да жоққой! Ауылда жұмыс, аурухана мен емхана болмаған соң, ауыл адамдары Алматы қаласынан барып-келіп, жұмыс жасап, емделіп, күн көруге мәжбүр. Алматыға бару үшін Нұра ауылының тұрғындары 4 километр жердегі Жетіген ауылына барып, №220-шы автобусқа міну үшін таңғы сағат 5-тен жолға шығып, жолшыбай (попутный) көлікті 1-1,5 сағат күтеді немесе жекеменшік таксистердің көлігімен жетеді. Ауылымыз Алматы қаласына жақын орналасқандықтан, Нұра ауылының  студент жастарына Алматы қаласындағы колледждер мен  жоғары оқу орындарында жатақханада берілмейді. Қалада пәтер ақысы шарықтап тұр. Сол себепті студент балаларымызда Алматыға күнделікті ауылдан қатынауға мәжбүр.  Алматыға күнде таксимен қатынауды елдің қалтасы көтермейді.  Қайтар кезде Жетіген ауылынан өтетін темір жол өткелінен (переезден) автобустан түсіп, қайтадан көлік ұстауға мәжбүр. Сол Нұра ауылынан небәрі 4 километр жердегі Жетіген ауылына таңғы сағат 6-дан кешкі сағат 10-ға дейін №220 бағыттағы автобус 10 минут сайын үздіксіз жүреді. Осы жағдайды қарап, менің ауылдастарымның тұрғылықты жеріне қатысты алалауға тап болып отырғанынбайқап отырмын. Ал ҚР Конституциясының 14 бабында, Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтыны анық ескерілгенін негізге алып, сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Батталов мырзаға 102 ауылдасымның қолын қойғызып, Нұра ауылында заңды тіркелген  «Жалайыр» қоғамдық бірлестігі атынан хат жолдадық.  А.Батталов мырзаға жолдаған хатымызды Алматы облысы әкімдігі немқұрайдылық танытып, дұрыс мән беріп қарамай, Алматы қаласының әкімдігіне жібере салған. Алматы қаласы әкімдігінің мобильдікбасқармасынан жалтарма жауап (отписка) алдық.  Алматы облысы мен Алматы қаласының билік басында отырған шенділердің елге жаны ашымайтынына көзім жеткен соң, 328 ауылдастарыма қол қойғызып, еліміздіңпремьер-министрі Асқар Ұзақбайұлы Мамин мырзаға шағым түсірдік. Біздің шағымымызды үкімет басшысы ҚР иновация және инфорақұрылымдық даму министрлігіне, министрлік  Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктеріне жіберіпті. Біздің түсірген шағымымыздың негізінде, 2021 жылдың 14 мамырында,  Алматы облысы әкімдігінен бөлім басшысы Қ.Шарапиев мырза, Алматы қаласы әкімдігі мобильдік басқармасының бас маманы Жәнібек Мананбаев мырза, Талғар ауданынан бөлім басшысы Асқат Досжанов мырза, Нұра ауылына келіп, тұрғындармен кездесу өткізіп, Нұра, Туғанбай ауылдарына  220-шы бағыттағы автобусты 30 минут сайын жүргізу туралышешім қабылдап, хаттамаға қол қойып, елді қуантқан еді. Алайда арада бар болғаны екі күн өтпей қабылданған шешімді Алматы қаласы мобильдік басқармасы заңсыз деп таныпты. Оған себеп, Алматы қаласы мобильдік басқармасы атынан ауылға халықпен кездесуге жіберген Алматы әкімдігінің бас маманы Ж.Мананбаев мырзаның ондай шешім қабылдауға құқығы жоқ екен! Содан соң, мен премьер-министрге екінші шағым жолдадым. Екіші шағымға «шілде айында тендер өткіземіз, содан соң, мәселе шешіледі», деген жалтарма жауап алдық. Хош деп, біз шілде айының өтуін күттік. Шілде айы өтіп, тамыз айы аяқталар кезде, мүйіздері қарағайдай, елім дегенде, етегі жасқа толатын  «НҰР ОТАН», «АҚ ЖОЛ», «АУЫЛ» деген саяси партиялардың  төрағаларына әлеуметтік маңызы бар проблеманы шешуге көмек сұрап, хат жолдадым. Біздің хатымызды «НҰР ОТАН» партиясы мүлдем ескермеді. «АҚ ЖОЛ» партиясы премьер министрдің орынбасары Скляр мырзаға хат жазумен ғана шектелді.  Сол жолдаған хаттарыма тек «АУЫЛ» партиясының азаматтары шынайы көңіл бөліп, партия  төрағасының көмекшісі Анас Бағанасов деген азамат хабарласып, көмек беруге ниет білдірді. Ауыл партиясы азаматтарының елге деген жақсы көрқарасын көріп, кеудемізде үміт оты қайта жанғандай болды. Партияның істеген істеріне қарап, нағыз халықтың, елдің жанашыры деп танып,  риза болғандықтан, «Ауыл»  партиясына мүше болу үшін өз еркіммен арыз жаздым. Ауыл партиясының  хатшысы Анас Бағанасов, Алматы облыстық маслихаты депутаты Сағыныш Әубәкіров, Талғар ауданы маслихаты депутатыБаубек Байсабаев ағамыз қатысқан онлайн кеңес өткізіп, сол кеңесте автобустың біздің ауылға жүрмеуіне негізгі себептер: Жетіген мен Нұра ауылының арасындағы жолдың нашарлығы мен субсидияның бөлінбегендігі екені белгілі болды. Жолға қатысты болған әңгімені бөлек айтайын. Себебі ол өз алдына бөлек хикая...                                                                                                                                            ҚР «Автомобиль көлігі» туралы заңының 8 бабына сәйкес, қала маңындағы – елді мекендер санатына, қалаға дейінгі ұзақтығы елу километрге дейінгіелді мекендер жатады.

Ал сол заңның 14 бабында, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары қала маңындағы қатынастарда әлеуметтiк мәні бар тасымалдауларды жүзеге асыру кезіндегі тасымалдаушылардың залалдарын субсидиялауды жүзеге асыратыны көрсетілген.

Аталған заң талаптарын басшылыққа ала отырып, 23 желтоқсанда Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев мырзаның онлайн қабылдауында болып, 18 мың ауыл тұрғынының өтінішін жеткіздім. Алайда «Баяғы жартас – бір жартас» дегеннің кері келіп тұр. Себебі газ бағасының бірнеше есе өсіп кеткені сияқты, жаяу жүрген қарапайым халықтың мұңы мен зары,  Алматы қаласы мен Алматы облысындағы билік басындағы шенеуніктердің басын ауыртпайтын сияқты. Осы орайда, президентіміз Қ.Тоқаев мырзаның екі жылдан бері айтып келе жатқан «ЕСТИТІН ҮКІМЕТІ» ертегіме деп қаламын. Оған 2021 жылдың 29 қазанында Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаев мырзаның блогына  «Ашық диалог» арқылы жолданған, тіркеу нөмірі 712096 хатымның осы уақытқа дейін қараусыз жатқаны дәлел емес пе?! Одан бөлек, 2021 жылдың 23 желтоқсанында сол «Ашық диалог» арқылы жіберген тіркеу нөмірі 720306 хатым да жауапсыз жатыр. 

Міне, осыдан кейін халыққа жаны ашымайтын осындай шенеуніктердің кесірінен, халықтың шеруге шыққаннан басқа амалы қалмайды. Ал сол бейбіт шерулердің өзін  кейбір қаскөйлердің өз мүддесіне ұтымды пайдаланып, арты қанды қырғанға ұласқанын өз көзімізбен көріп, басымыздан өткізіп отырмыз. Осыдан кейін кімнің қаншалықты кінәлі екенін өздеріңіз анықтай беріңіздер...

Тегтер: