Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:42

ХАМАС барлық тұтқынды босатуға дайын екенін мәлімдеді

Изриал ХАМАС
Фото: Getty Images

Ұйым Трамп ұсынған айырбас формуласына келісім берді, ал АҚШ президенті Израильге шабуылды тоқтатуға шақырды.

Палестинаның радикалды исламшыл қозғалысы ХАМАС Газа секторында қалған барлық тірі тұтқындар мен қаза тапқандардың сүйегін беруге дайын екенін мәлімдеді. 

Мәлімдемеге сәйкес, ХАМАС АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспар аясындағы айырбас формуласына келісімін білдіріп отыр. Ұйымның хабары Трамптың өзі жариялаған Truth Social әлеуметтік желісінде жарияланды.

«Біз президент Трамп ұсынған айырбас формуласына сәйкес, барлық тірі қалған тұтқындар мен қаза тапқан израильдіктердің сүйегін қайтаруға дайынбыз, егер бұл келісімді жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар жасалса», — делінген ХАМАС мәлімдемесінде.

Қозғалыс сондай-ақ Газа секторын басқаруды палестиналық ұлттық келісім мен араб-мұсылман қолдауына негізделген тәуелсіз органға беру мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін атап өтті.

Алайда ХАМАС саяси бюросының мүшесі Муса Абу Марзук келісімнің орындалуы қазіргі жағдайда оңай болмайтынын мойындады:

 «72 сағат ішінде тұтқындар мен қаза тапқандарды тапсыру — теория жүзіндегі, бірақ қазіргі жағдайда шындыққа жанаспайтын мәселе», — деді ол.

Сонымен қатар, ұйым қаруды тапсыру мәселесін айналып өтті. Бұл шарт Трамп жоспарының негізгі тармақтарының бірі болған. Қозғалыс басшылығы, әсіресе Катардағы өкілдер, АҚШ президентінің бастамасына енгізілген кейбір шарттарды қайта қарауды талап етіп отыр.

Айта кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль билігін Газадағы шабуылдарды тоқтатуға шақырды, бұл аймақтағы гуманитарлық дағдарысты азайту мақсатында жасалған үндеу ретінде қабылданды.

Газа секторындағы жағдай ушығып тұрған шақта бұл бастама қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге бағытталған алғашқы нақты қадам ретінде бағаланып отыр.