Хан мөрі – тұмар кілті болған тарланбоз
Тәуелсіздіктің елең-алаңында алты Алаштың абызы, ұлы жазушы Мұхтар Мағауиннің саясында «Жұлдыз» журналының қара шаңырағында еңбек ету біз үшін таусылмас азық, өнегелі мектеп болды.
Сол кезеңде бұрын-сонды жарияланбаған Алаш арыстарының шығармалары, тарихымыз мен мәдениетімізге қатысты тың деректер журналда үздіксіз жарияланып, төл руханиятына шөліркеген оқырманды сусындатып отырды. Мұхтар Мағауин басшылық жасаған кезеңдегі журналдың әрбір саны ұлтымызға рухани олжа, «Жұлдыз» кітап-журнал пішінінде жанкүйер оқушының сөресінде сақталып қалды.
Мұхтар ағамыздың алды кең, жаны жайсаң, мінезі көркем, шынайы, ұжымға аса жайлы, жағасы жайлау, қойыны қыстау, қолтығы кең. Адамға сенгіш әрі серіктес інілеріне бүкпесіз сыр ақтарып, шамамызға қарай тапсырмалар береді, болашағымыздан үміт күтетіндіктен бәрімізге сенім артқыш. Шабытты жоқ деп есептейтіндіктен аса еңбекқұмар, зерігу, жалығу деген атымен болмайды. Мысал айтсақ, бір күні дәлдүріштеу әлдеқандай бір жазарманның романы журналға жарияланатын болды. Кезекші редактор ретінде мен тағайындалдым, барлық материалды оқуға тиіспін. Алайда әлгі жазарманның шатпырағы мезі еткендіктен аттап-бұттап қана үстіртін зер салдым. Жауапты хатшы Қорғанбек Аманжол ағам менен «Толық оқыдың ба?» деп сұрады. Мен жастықтың буымен іш пыстыратын халтурщикті оқымағанымды айтып масаттандым. Қорағаң күлді де, Мұхтар аға оқыған, түзетулер жасаған көкала парақтарды көрсетті. Мен ағамыздың алтын уақытын жеген жазарманды жазғырып, содан мұндай дүниені де жалықпай оқыған ағатайымның төзіміне, сабырлы мінезіне таңғалдым, әрі бұл маған да сабақ болды, сабама түсе бастадым.
Ағамыздың алдына барып әңгімесін тыңдау – бізге өмірлік сабақ, нәрлі даналық дәрістер. Мұхтар аға тарихымыз бен мәдениетіміз, әдебиетіміз бен өнеріміз туралы айтқанда тебіреніп, телегей теңіз ілім-білім мұхитына сүңгітеді. Кабинетінен шыққанда рухани жетіліп, айдарымыздан жел есіп, асқақтап, аспандап шығамыз. Әттең, қолымызда ол кезде үн алу құрылғысы жоқ, дегенмен бізге айтқан әңгімелерінің көбі кейінгі шығармаларында көрініс тапты, дегенмен қалыс қалған дүниелер де мол-ақ. Бір күні Білге қаған, Күлтегін, Шыңғыс хан туралы айтып, төре деген сөздің ежелгі мәні көне түрікше мемлекет дегенді білдіретінін түсіндірді, Едігенің төре заңдары бар екенін шолып өтті. Қазақта сақталған төре таңба (тарақ пішінді) Алтын ордадан ұласқан рәміз екендігін, мемлекеттік дәстүр сабақтастығы үшін аса маңызды символ екенін айтып, «Жұлдыз» журналының мұқабасына сол таңбаны басып жариялай бастады. Кенесарыға дейінгі хандарымыздың мөрінде көрініс тапқан қастерлі таңба ұлы жазушының «Шыңғыс хан», «Алтын орда» эпопеяларын жазуға тұмар кілт болған екен деп шамалаймын.
Марғасқа қайраткер, ұлы жазушы Мұхтар Мағауин артында 26 том (27-томы дайындалуда) мол мұра қалдырып, келместің кемесіне мінді. Ол ұлттың жадын жаңғыртушы, тарихын таңбалаушы, қазыналы ежелгі мәдениетімен халқын қауыштырушы дарабоз тұлға болды. Шындыққа шырақшы, елінің жел жағына пана, ық жағына қала, біртуар дана болған қайран Мұқаңның сапары мұхиттың арғы жағында түйінделгенімен, сол мезеттен-ақ азаттық пен еркіндіктің, ақиқат пен ар-намыстың айшықты рәмізіне айналды.
Советтік қапаста туып өскенімен оны Тәңір қолдап, аруақ алқап ерекше бақытқа, таңғажайып тағдырға ие болды. Жаратқан ие бір басына молынан пішіп білім мен білікті, өткір түйсікті, қайтпас жүректі, қажымас қайратты, бақ-ырысты ұялатты. Арқатірек Алаш жұрты, жігерлі жас буын, берекелі отбасы қаламгерді аялай білді.
Абай елінде, қарт Шыңғыстаудың қойнауында тал бесігі тербелген ол зерделі атаның, мейірбан әженің құшағында ел ескілігінің кәусарына қанып өсті. Атасынан Алаш арыстарының өнегесін, данышпан Абай мен Шәкерім жырларын зердесіне тоқып ер жетті, сталиндік зұлматтың соғыстан кейінгі толқынында әкесі Мұқан мұғалімнің концлагерьге айдалуы да балауса жүрегіне жара салып, оны шарболаттай қайрап, қара дауылға қасқайып қарсы тұруға үйретті. Ол советтік тыйым мен жазадан ешқандай сескенбей, қапаста жатқан жыраулар поэзиясын жарыққа шығарып, қазақ әдебиетінің ежелгі тарихын бес ғасырға ілгерлетті (1968), атын атауға тыйым салынған түнектегі Шәкерімді ақтап, Ленинградта жарияға шығартты (1978), «Алдаспан», «Аласапыран», «Көк мұнар», «Ғасырлар бедері», «Сары қазақ», «Шақан шері» секілді көптеген шығармалары арқылы қазақ халқының рухани өміріне терең сілкініс әкелді, қазақ әдебиетінің дамуына соны бетбұрыс жасады. Өз перзенттеріне де Алаш зиялылары Мағжан, Мадияр (Міржақып) есімдерін беруі де Мұхтар ағаның қызыл коммунистік жүйеге бас имеген текті де тарпаң мінезін көрсетеді.
Сағы сынбай, бағы жанып, жолы әманда ашық болып, еркебұла өскен Мұхтар аға ер еді, еркін еді, қара орман қазағынан басқа ешкімге басын имеген, басына ноқта кимеген Алаштың шу асау арда ұлы еді. Алла жолын оңғарып, елі ақ батасын жаудырғандықтан болар, оның тепкен тасы қай заманда да өрге домалап отырды. Мұхтар Әуезов мұхит асқан алғашқы қазақ жазушысы болса, қарт құрлықта өмір сүріп, соңыра Америка асқан, алыптар елінде ошақ асып, түтін түтеткен, барақатты өмір сүріп, өндіріп жұмыс жасаған тұңғыш қаламгер Мұқаң болды. Мұхтар ағаның бақыты – көк байрақты, тәуелсіз Қазақ елі, Алашының азат, бостан өмірі, баянды болашағы.
«Қобыз сарыны» арқылы арғы ғұн, көк түріктен үзілмей ұласқан ұлтына ұраншы, мемлекет қайраткері, әскери өнер шебері болған жауынгер жыраулардың поэзиясының дүбірін еліне табыстады. Сөз тиегін «Орхон-Енисей» жазба жәдігерінен бастап, ортағасырдағы «Оғызнама», «Мұхаббатнама», «Кодекс куманикус» секілді құнды нұсқаларды шола көктеп өткен ол Кетбұқа, Сыпыра, Жұмақұл жыраулар туралы да дерек береді. Қазтуған, Асан қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет секілді көптеген жорықшы жыраулардың сарыны сол ежелгі арынды да азат Алаштың екпінін бүгінгі ұрпақтың жүрегіне ұялатты. Жыраулардың мемлекет иесіне қарата толғап айтатын жырлары – елдің болашағына қатысты күрделі түйіндерді шешетін даналыққа толы өсиетнама, туған жер, сүйген аруын, мінген тұлпарын суреттейтін мөлдір лирика, әрі сол заманның картинасын, шымыр өмір-дерегін беретін шынайы шежіре секілді кешенді көркем құбылыс. Ал Мұхтар Мағауиннің тұтас өнернамалық тұғыры, азаматтық келбеті, ар-ұждан қағидаты осынау асыл күретамырдан, арналы жүйеден арқау алады. Сол себептен оның кез келген шығармасы терең тарих, елдік мүдде, нәзік махаббат, кәусар сұлулықпен қабат өріліп, эпикалық-лирикалық леппен оқырман жанын баурап алады. «Аласапыран» – қазақ халқының ежелгі мемлекеттік түзімі, салт-санасы, қатпарлы тауарихы, қоңсылас елдер, аралас-қоралас жүрген туысқан ұлыстардың өмірінен, бір сөзбен айтқанда, көшпелі өркениет қазынасынан жан-жақты энциклопедиялық мәлімет беретін жауһар. «Шақан шері» романы табиғат пен адам арпалысының күрделі сырын ашады, құмға айналған кешегі жойқын өзендер, жойылып кеткен жолбарыстың сілемін гөй-гөймен жоқтап, шерімен жалаңаш айқасқан бабалардың ерлік дәуіріне із кесіп, індете іздеу салады, бүгінгі ұрпаққа «кімсің?» дегендей астарлы ой салады.
«Қазақ тарихының әліппесі» деректі-толғамы – бодандық бұғаудан босаған жұртымыз тарихы тоналып, тұлдыр болып отырған өтпелі кезеңде жазылып, қаламгер кішіпейілділікпен «әліппе» деп атағанымен бұл шын мәнінде ұлт тауарихын жазудың бағдарламасы, жүйелі қағидаты болған аса құнды туынды. Әсіресе бұл шығарма – мектеп түлектерінің тарих пәнінен сынақ тапсырарда қолынан түспей келе жатқан көмекші құрал. Мұхтар Әуезов «Индия очерктерінде» таңғажайып көне мәдениетке ие ірі елдердің өткені туралы айта келіп, болашақ қазақ тарихы жазыларда оқырманды қасаң деректермен жалықтырмай, тауарихты қызықты да тартымды, көркем етіп жеткізуді аманат етеді. Мұхтар Мағауин – осынау арман-мұратты асыра орындаған алып қаламгер. Сол бағытта жорға тілмен жосылтып-көсілтіп жазған, халқымыздың кетілген тарихының кемшін тұсын түгендеп толықтырған екі туынды – «Қыпшақ аруы» мен «Кесік бас – тірі тұлып».
Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаятында ХІ ғасырдан бүгінге дейінгі өнер адамының (Қыпшақ ханы Көбектің бәдізші ұлы Саржан, оның бүгінгі жалғасы мүсінші Саржан Көбеков) қилы тағдыры арқылы ұлтымыздың тарихы, саяси өмірі, мәдениетінің көкейкесті мәселесі қозғалады. Хикаятта ХІ-ХХІ ғасыр аралығындағы оқиғалар, яғни мың жылдық шегіндегі ел өміріндегі елеулі бел-белестер қамтылады. Автор хронологиялық аса ауқымды дәуірді қамту үшін мифопоэтикалық символдарды сәтті қолданып, нәтижеге жетеді. Қазақ тарихының Қыпшақ хандығы кезеңін түгендеп жазған, жазатайым мерт болған дарынды тарихшы Сержан Ақынжанов (Саржан), қыпшақ-қимақ тарихының білгірі, академик Болат Көмеков (Көбеков) шығарманың прототипі болар деген болжам жасаймыз.
«Кесік бас – тірі тұлып» хикаятында Моңғолия қазағы Ақынбек зәңгінің Ресейдің кәсіби тыңшысы қалмақ Жа-лама тарапынан қастандықпен тірідей сойылып шәйіт болған қанды оқиға суреттеледі. Осылайша, небір қиянат, зобалаңды бастан кешсе де, ешкімге бас имей, тізе бүкпей кеткен, яғни жазушының рәміздік ишарасы бойынша сырт қалыбы сыпырылғанымен ұлы қаңқасы, дүрсілдеген жүрегі аман сау қалғандықтан ұрпақ таратқан қайсар Алаштың өр бейнесі шынайылықпен сомдалады.
«Шыңғыс хан» тетрологиясы – сонау хунну, көне түріктен бастау алған көшпенділер өркениетінің тұтастығын, мемлекеттік дәстүрдің сабақтастығын, халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы, салт-санасы, әскери өнері, бауырлас елдердің ара байланысының тамырын бай дерекқормен, тәуелсіз сана, ұлттық мүдде, ежелгі мемлекеттік түзім-жарғы жалғастығы тұрғысынан сараптаған теңдессіз шығарма. «Алтын орда» – Жошы, Батудан жалғасқан алтын шынжырдың қазақ хандарына ұласқан буын-бунақтарын, сол баһадүрлік замандағы Алаштың әлемге әмір жүргізген салтанатын айғақтаған бірегей шежіре. Бұл роман-эпопеялар – дерекқорының молдығымен, дәйекті де мәйекті бітімімен, көшпенділердің қаһармандық тарихының бірегей алып панорамасын асқан суреткерлікпен жасауымен бүгінге дейін жасалған әлемдік деңгейдегі қатарлас туындылардан мойны оқ бойы ұзақ тұрған теңдессіз мирас.
Қазақ – отаршылдықтың салдарынан тарихын жазуға тыйым салынып теперіш, тепкі көрген, жадысынан жаңылған жұрт. Осындай рухани дүниеміздегі олқылықты, өткенге жіберіп алған өкінішті есені елінен жырақта, эмиграцияда жүрген көрнекті сөз зергері, ұлы жазушы Мұхтар Мағауин адал тер төгіп, еңбекқорлықпен еселеп өтеп берді. Оған куә – қаламгердің артына қалдырған том-том еңбегі, ұрпаққа аманаттап кеткен өсиеті. Жақын араласқан інісі, шәкірті ретінде айтарым: Мұхтар Мағауиннің эмиграция кезеңі қазақ үшін де, қаламгердің шығармашылық ұстаханасы үшін де толық пайдалы, өнімді, өркенді, ғибратты болды. Шыр етіп өмірге келгенде Тәңір тағала құдіретімен бұрқ ете қалған топырақ – қазақ баласы үшін торқа. Топырағыңыз торқа болсын, рухыңыз бейіштің төрінде шалқысын, Мұхтар аға!
Ақеділ Тойшанұлы,
фольклортанушы ғалым