Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:00

Ханкелді Әбжан, тарихшы: Тарихи қажеттілікке қайта мойын бұрып отырмыз

Ханкелді Әбжанов
Ханкелді Әбжанов

Бұл бастаманың Түркиядан шыққаны өте заңды әрі орынды деп ойлаймын. Себебі түркі халықтарының ішінде империя биігіне көтеріліп, соны сақтап тұра алған мемлекет Түркия.

Басқа түркі елдері отаршылдықтың зардабын тартып, езгіге ұшыраған. Демек бұл бастаманы кешегі империя болған Түркия мен бүгінгі түркі халықтарының қайта есін жинап, тарихқа кеткен есесін қалпына келтіруге деген ұмтылысы деп қабылдағанымыз жөн. Сондықтан ұсынысты қолдаймын. Себебі әр халықтың өз тарихы мен тағдырына лайық, өз өркениетіне, қалдырған ізіне сай атаулар беру керек. Әрі жоғалған атаулар мен таным-түсініктердің жоқтаушысы мен іздеушісі болуы тиіс. Кешегі кеңеске отар болған бес республиканы қоса алып, Түркістан деп атауы тарихқа жақын. Шынында, «Түркістанның» құрамына кіретін мемлекеттердің тәжіктерден басқасы түркі халықтарының құрамына кіреді. Отарлаушы ұлт жазған тарих пен ғылым саласы бізді көп дүниеден адастырып әрі шатастырып жіберді. Мәселен, біздің ғылымда Жапония мен сол Жапонияға көршілес елдерді Қиыр Шығыс деп атау қалыптасқан. Бәлкім, Ресей үшін ол мекендер Қиыр Шығыс саналатын шығар, бірақ Жапонияны қазір әлем Қиыр Шығыс демейді. Ресей көп дүниеге өз биігінен қарап қана атау беріп отырды. Сол секілді Орталық Азия да ескірген терминдердің қатарына кіреді. Түркияның бұл бастамасын біздің іліп алып кеткеніміз абзал. Осылайша өз тарихымызды өзіміз жазып, отарлық санадан арылатын күнге жақындай береміз. Әрине, бұрынғының мұрасынан бір сәтте арылу мүмкін емес. Біз өткенімізге, жалпы тарихқа кімге еліктесек, кімнің ықпалында болсақ, соның ұстанымымен қарап келдік. Мұнда пантүркизм әлде түрікцентризм деген заңдылықтар қалыптасады деп қорқудың қажеті шамалы. Мұндай биікке көтерілу үшін экономикалық, әскери әлде технологиялық негіз болуы керек. Ал біз өркениеттен кем дегенде жүз жыл артта қалған халықпыз. Алдағы жүз жылда өркениетті елдер қатарына жетсек, сонда ғана қауіп туралы ойлауға болады. Бізден әлемге қауіп-қатер келмейді. Әлем де бізден қорықпайды. Қайта осылай жанталасып жатқанымызға әлем халқы миығынан күліп қарап отырған шығар.

Бұл бастаманы тарихи ақиқатты мойындау және соны мойындағысы келмейтіндерге мойындату деп ұққанымыз абзал. Мұндай бастама негізі Түркияның түркі халықтарының басын қосып, біріктірсем, ынтымағын арттырсам деген талабынан туып отыр. Дегенмен арғы жағында өзінің де ел ретіндегі мәртебесін көтеру деген ниеттің, есептің бар екені де рас. Кім өзінің мәртебесінің жоғары болғанын қаламайды дерсіз. Түркия осы әрекеті арқылы ондыққа дөп тиіп отыр. Себебі түркі халықтары сонау басқыншылық заманында көп құндылықтарынан көз жазып қалды. Соның бәрін бір демде қалыпқа келтіре алмасымыз анық. Мұның бәрі уақытты, жағдайды талап ететін құбылыс. Дегенмен осы ниет қоғам санасы мен ел саясатында үнемі жаңғырып тұруы тиіс. Мұстафа Шоқай «түркі бірлігі» деп ұран тастап, Түркістан атауына ерекше мән берді. Бүгін біз сол дұрыс жолға, тарихи қажеттілікке қайта мойын бұрып отырмыз. Мұндай жаңалықтан қандай да бір қулық-сұмдық іздеудің қажеті шамалы. Қайта кештетіп жеткен қуаныштың артында тамыры тереңге жайылған тарих жатқанын айтуымыз керек. Мемлекетаралық қатынастың артында идеологиялық себеп тұратыны жасырын емес. Әр мемлекеттің идеологиясын алға жылжытып, жүзеге асыруы үшін осындай қатынастар септігін тигізеді. «Орталық Азия» деген ұғым Еуропадан көз тіккенде алға шығады. Отарлаушы мемлекеттер жазған тарих бірнеше ғасыр бойы әлемдік білім жүйесін, академиялық дискурсты және саяси тілдерді қалыптастырған үстем парадигма. Еуропоцентризм тарихты Еуропа тәжірибесінің төңірегінде жинақтап, әлемдік дамудың негізгі векторын «Батыстан басталып, Батысқа қарай кетеді» деген тар шеңберге сыйғызды. Бұл модель өзге өңірлерді тарихтан емес, тарих ортасынан ығыстырып, оларды периферия, екінші қатардағы аймақ ретінде көрсетті.Сәйкесінше, ешқандай этникалық астары жоқ, ғылыми айналымға әбден сіңіп кеткен түсініктер қалыптасты. Осындай «Отарлық Азия» деген түсініктердің орнына түркі халықтарының Отаны деген мағынаны білдіретін «Түркістан» ұғымын қолдансақ, жаман ниет емес. Өте көне өркениеттің ошағын білдіретін бұл ұғымнан әлем халқы үркіп кетеді деп ойлаудың өзі отарлық сананың белгісі. Тек дабырашыл сәтпен қалмай, үлкен идеологиялық науқанға айналдырғанда ойлағанымыз жүзеге асары анық. Түркілік өркениет пен құндылықтарды күллі әлемде беделге ие болу үшін осындай бастамалар біздің мемлекет тарапынан да қолдау табуы тиіс. Өзім мұны келешегі бар бастамаға балаймын.