Хасан Қасымбаев қанша жылға сотталуы мүмкін?
4-қазанда қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың оқиғасы әлі де қоғам арасында қызу талқыланып жатыр.
Шерзат ісіне байланысты «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы және осы топтың серкесі ретінде Хасан Қасымбаевтың аты көп аталды. 5-қараша күні оның қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады.
Шерзат ісі болмаса, Хасан Қасымбаев қамауға алынар ма еді?
Шерзаттың өліміне қатысты «Хутор» тобы, «Хасанның бандылары» деген сөз жиі айтылып жатыр. Ал Қасымбаевтың «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобымен байланысы бары БАҚ беттерінде талай жазылды, жергілікті тұрғындардың айтуынша, жасөспірімнің өліміне оның қатысы бар болуы да мүмкін. Ал Қасымбаевтың өзі қылмыстық топқа қатысын жоққа шығарды. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов кейіннен «Талғарда «ОПГ» жоқ және бұл іске Хасанның да қатысы жоқ» деп мәлімдеді. Бұдан бөлек, Jas Alash Youtube-арнасы марқұмның үйіне арнайы барып сұхбат алған кезде Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов та Хасанның жігіттеріне қатысты пікірін айтқан еді.
«Хасанның жігіттері» дейді. Оның өзін нақты танымаймын. Бірақ Талғарға қарайды, бандиттерді реттейді дегенді естуім бар. Қысқаша айтқанда, барлығын сол шешеді екен. Оның ағасы Талғардағы әкімдікте жұмыс істейді. Талғардағы дүкендер, ресторандар соларға «отметкада» отыр екен», – деген еді.
Осылайша, Хасанның есімі күллі жұртқа мәлім болды. Оны ақтайтын журналистер мен блогерлер де, қарапайым тұрғындар да табылды. Алдымен жергілікті БАҚ-та сұхбаты шыққасын ауылдастары Қасымбаевтың мәлімдемесін қуаттады. Олар да видеоүндеу жолдап, Хасанның қолы ашық жомарт жігіт екенін, ауылға көмек беріп тұратынын айтты. Хасанның туған ауылы Алматы облысы Кеген ауданы Қарқара ауылының тұрғындары да осы мәнде үндеу жолдап, Хасанды үнемі ауылға көмек беріп тұратын жігіт деп сипаттады. Өзін түркістандық блогер деп таныстырған «Ағалық болашақ» tik-tok-арнасының авторы да сұхбат алды. Кейіннен көрермендер арнаның авторын сатылғандардың бірі деп айыптады. Себебі ол Шерзаттың өліміне Хасанды емес, әкесі Қаржаубайды кінәлады.
Хасан не үшін адам ұрлаған?
5-қарашада Хасан Қасымбаевтың екі айға қамауға алынғалы белгілі болды. Алматы облыстық полиция департаменті оның Шерзат ісіне қатысты емес, басқа іске байланысты қамауға алынғанын мәлімдеді. Полицияның хабарлауынша, 2021-жылдың маусым айында А. деген азаматтың денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру және ұрлау фактісі бойынша Хасан күдікке ілінген.
«Қазіргі уақытта қылмыстардың барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету мақсатында іс материалдары бұлтартпау шарасын қолдану үшін сотқа жіберілді», – делінген хабарламада.
БАҚ беттерінде Қасымбаевтың 2021 жылы қандай қылмыс істеген болуы мүмкіндігі жазылып жатыр. Түрлі ақпараттарға қарасақ, Хасанның ұсталуы ережесіз жекпе-жек спортшысы әрі бапкер Арман Әлімовке жасалған шабуылға байланысты болуы мүмкін. Сол кезде Арманның туыстары спортшыны алдымен «Виктория» шағын маркетінің алдында әлдекімдер ұрып-соққанын айтты. Осыдан кейін ес-түссіз күйде спортшыны Кеңдала ауылының аумағына апарып, тағы да ұрған. Әлімов ауыр халде Талғар орталық аудандық ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылған. Спортшының өзі кейін шабуылдың ешқандай себебі жоқ деген.
Арада біраз уақыт өткен соң бұл істің қайта қаралуы нені білдіреді? Алғашында Қасымбаевтың ұсталуын «Шерзат ісіне» тікелей қатысты болар деп күткен ел оның бұрынғы іс бойынша ұсталғанын білгенде, түрлі жорамалдар айтып жатты. Соның бәрінің келіп құйылар арнасы – Хасанның Шерзат өліміне тікелей қатысы болмаса да, Шерзат ісі болмаса, ол ұсталмас еді дегенге саяды. Яғни министрлік жоқ деп мәлімдеген ҰҚТ-ны тексеру, тергеу, тазалау басталды ма деген үміт. Және осының арқасында тағы қаншама қылмыс ашылар екен деп күтеді.
Қасымбаевтың кінәсі дәлелденсе, қанша жылға қамалуы мүмкін?
Хасан Қасымбаевтың кінәсі дәлелденсе, қанша жылға қамалуы мүмкін деген сұрақ туады. Мұны білу үшін заңгерлерге хабарластық. Заңгер әрі саяси құқық қорғаушы Асылбек Қараевтың айтуынша, бұл жерде адам ұрлау фактісі, яғни 125-бапқа мән берілу керек. Егер күдіктінің қылмысы дәлелденсе, 10 жылдан 15 жылға дейін қамалуы мүмкін.
«Маған жеткен мәлімет бойынша қылмыстық кодекстің 293-бабы, яғни бұзақылыққа қатысты. Ол жерде 2 жыл мерзім тағайындалған. Егер топ болып бұзақылық жасаса, 5 жылға дейін жаза беріледі. Ал 125-бап – адам ұрлау бойынша жаза ауыр болады. Осы баптың екінші тармағымен 7 жылдан 12 жылға дейін жаза кесіледі. Қазір қойылып жатқан баптар кейін өзгеруі мүмкін. Өйткені мен заңгер ретінде 293-бап бұзақылық бойынша емес, бұл істі адам өлтіруге жататын іс-әрекет сияқты деп бағалар едім. Сондықтан оны тергеу анықтауы керек. Мұны Шерзаттың өліміне қатысы жоқ деп айтып жатырмыз. Ол іс адам өлімімен аяқталды. Егер Әлімовтердің арызы бойынша сол оқиғада да ол өліп кеткенде не болатын еді? Заңды квалификация жасау кезінде осындай тергеу органдары жіберген қателіктер бар. Көбінесе сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сүйенеді де, «жеңіл жарақат алыпты» деп істі бұрмалау көп кездеседі. Бұл жерде қандай жарақат алғаны маңызды емес. Өлмей тірі қалғаны да маңызды емес. Басында қандай мақсаттары болды? Мүмкін ол Құдайдың қалауымен тірі қалған шығар, әлде олар тірі қалдырды ма? Соны анықтау қажет. Осыны айта келе, мұның кісі өлтіру бабына ауысып кетуі мүмкін деп ойлаймын», – дейді заңгер.
Бұдан бөлек, заңгер 2021-жылғы қылмысты неге сол кезде құқық қорғау органдары жауып тастағанын, уақытында соған мән бермегенін де ескеру керегін айтты.
«Тағы бір айта кететін жағдай, Хасан ұсталды деп жатыр ғой. Бұл қылмыскерлерді жазалаған сияқты болып көрініп тұр ғой. Ол да дұрыс шығар, бірақ тергеушілер, прокуратура 2021-жылы осы іс қалайша оңай жабылып кетті, сол кездегі прокурорлар қайда қарады, сол кездегі соттан қылмыскерлер қалай құтылып кетті дегенге аса мән беріп қарауы керек. Шерзаттың өліміне осындай заңсыздықтарға жол берген сол кездегі құқық қорғау органдарындағы және соттағы қызметкерлер ғой, демек, олар да жауап беруі керек, жауапкершілікке тартылуы керек деп ойлаймын», – дейді Асылбек Қараев.
Ал тағы бір заңгер Гүлмира Құсайынқызының айтуынша, 106-бап – денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру бойынша күдікті үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал адам ұрлау фактісі бойынша 125-бап, күдікті 10-15 жылға дейін қамалуы мүмкін. Заңгер бұл жерде басқа да қылмыстық істерді естен шығармауды сұрады. Мысалы, қылмыстық кодекстің 119-бабы адамның денсаулығына зиян келтіріп, ауыр жағдайда қалдыру – 5 жылға дейін қамау, 126-бабы, адамды бостандығынан айыру – 5-10 жыл аралығында жаза тағайындау, 145-бабы адам құқығын шектеу – 50 тәулікке дейін қамау, 146-бабы, азаптау – 7-12 жыл жаза тағайындау.
Міне, осы жағдайларды ескерсек, Хасан Қасымбаевтың үстінен бірнеше бап бойынша іс қозғалуы мүмкін.
Қасымбаевтың туыстары президенттен көмек сұрады
Хасан Қасымбаевтың туыстары Қонаевтағы Алматы облыстық полиция департаментіне барып, президентке Хасанның кінәсіз екенін айтып, үндеу жолдады. Қасымбаевтың анасы Гүлнар Нұракенова ұлының кінәсі жоқ екенін айтады.
«Құрметті Қасым-Жомарт Тоқаев, ұлымның ісін өз бақылауыңызға алып, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын. Баламды жазықсыздан жазықсыз қаралап отыр. Ешқандай кінәсі жоқ. Департаментке сол үшін келіп отырмын. Сол кісілерден жауап күтемін», – деді Қасымбаевтың анасы.
Ал Хасан Қасымбаевтың жұбайы Зүлфия да күйеуінің жазықсыз екенін айтты.
«Үйленгенімізге 15 жылдан асты, үш баламыз бар. Әлеуметтік желіде Хасан туралы жалған ақпарат көп. Оның рас па, жоқ па, ешкім тексермейді. Қазір балаларымызға қатты психологиялық қысым түсіп жатыр. Кімнің тапсырысы екенін білмейміз. Оның ОПГ-ға ешқандай қатысы жоқ. Шағын бетон зауыты бар. Мал шаруашылығымен айналысады», – деді.
P.S. Хасан Қасымбаевтың қамауға алынуы туралы Jas Alash Youtube-арнасы арнайы репортаж дайындады. Оны көру үшін мына сілтемеге өтіңіз.
Тұрсынбек БАШАР