Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:32, 16 Қараша 2023

Хайуандық жол немесе адам хақысы

Салтанат
Фото: из ulysmedia.kz

«Бірін-бірі жеген, бірін-бірі алдаған, бірін-бірі аңдыған, бірінен-бірі кек алған – хайуандық тұрмыс салты. Қағушы, соғушы, күзетші хайуандық жолда адасқан адам баласына ғана керек» депті Әлихан.

Осы хайуандық тұрмыс салты өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналып, күнде көріп, күнде біліп жүргеннен кейін ешқандай таңсықтығы жоқ, әдеттегі көріністей болғалы қашан.

9 қараша күні бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен ұрып-соғып, өліміне себеп болды. Ешқандай ақтауға көнбейтін, ақталуға да болмайтын – ауыр қылмыс.

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Қайрат Нүкенов «Бишімбаевтар әулеті ұлын ақтап әлек» деп сұхбат берді. Нүкеновтер тергеудің әділ өтпеуі мүмкін деп қорқады. Себебі жалдамалы блогерлер Қуандық Бишімбаевты ақтау мазмұнындағы материалдар шығара бастаған.

Бишімбаевтар отбасы осыған дейін ұлдарын бір рет «ақтап» алған еді. 2016 жылы Ұлттық экономика министрі боп тағайындалған соң бір жыл өтпей Қуандық Уәлиханұлы министр болғанға дейін қызмет еткен «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингінде ірі көлемде ақша жымқырды деп айыпталып, қамауға алынған. Бір жыл бойы тергеу жүріп, қылмысы дәлелденіп, прокурор 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап, кейін Астана қаласының ауданаралық соты 10 жылға соттаған болатын. 2019 жылдың күзінде рақымшылыққа ілініп, 10 жылы 4 жылға қысқарып, ақыры Шымкент қаласының Абай аудандық соты бостандыққа шығуына рұқсат берді.

Қуандық Бишімбаевтың бұлайша ерте босап шығуы қоғамның ешқандай таңданысын тудырған жоқ. Мемлекет өзі ұстады, өзі кешірді. Оның үстіне қалталы адамдардың мерзімінен бұрын босауы – біздің елде әдеттегі жағдайға айналған.

«Егер» деген күпірлік сөз айтудан аулақпыз. Жемқорлық терең тамыр жайған елдің әділетсіз соты шығарған шешімнің «жемісін» көрдік. Мемлекеттің соты неғұрлым жемқор болса, тәуелді болса, қоғамда қылмыс соғұрлым көп болады және жиі қайталанады. Ешкім қатесінен сабақ алып, тәубесіне келмейді.

Ендігі ұсталуы – кісі өлімі, адам хақысы. Пенде өміріне қол сұғуға өзге адамның ешқандай хақы жоқ. Тіпті Жаратқанның өзі адам адамды ренжітсе, ренжіген адам кешірмей, кешірмейді дейді. Ал бұл – адам өлімі ғой.

Қайрат Нүкеновтің айтуынша, Қуандық Бишімбаевтың әйел адамға қол көтеруі бірінші рет емес деседі. Осыған дейін де бір қыз баласын соққыға жығып, қайта қыз аман-есен қашып құтылған. Ал Салтанаттың ондайға мүмкіндігі болмаған. Бишімбаев таң атқанша ресторанда отырып, алдында ішімдік тұрғаны видеодан байқалып тұрса да, экспертиза оның қан құрамынан аз ғана мөлшерде ішімдік тапқан. Қуандықтың інісі таңғы 9:30-да қылмыс болған жерге келсе де, жедел жәрдемді әбден қас қарайғанда шақырған. Барлық видео жазбалар өшірілген. Қылмыстың ізін жасырмақ түрлері.

Ал марқұм Салтанат Нүкенова алдын ала болжам бойынша «бас-сүйек ми зақымынан қайтыс болған» деген ақпарат тараған. Оған әйелдің туыстары сенбейді. «Оның денесінде сау жер жоқ, сол жақ көзі ағып кеткен», дейді ағасы.

Қуандық Бишімбаевтың әйелін осынша хайуандық жолмен ұрып-соққаны адам шошытады. Министр кезінде жұртты саксафонда ойнап «таңғалдырған», Шымкентте түрмеде жатқанда да сотталғандардың алдында өнер көрсетіп, бәрін тәнті етіп жүрген адамның бір күнде бұндай кейіпке түсуі мүмкін бе?

Мектепті 16 жасында бітіріп, 19 жасында екі бірдей университеттің дипломына ие болып, 21 жасында «Болашақ» бағдарламасымен оқуын аяқтап, шенеуніктік жолын бастаған Қуандық Бишімбаевтың музыкант болғысы келген деген сөз бар. Бірақ жалғыз ұлын Ер Төстіктей өсірген әкесі жыл сайын баласының жаңа қызметке тағайындалғанына қуанып жүрді. Қуандықтың ең ұзақ уақыт жұмыс істеген жері – «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі. Онда үш жыл отырған. Өмірбаянына қарасаңыз, барлық қызметінде бір жылдан көп жүрмепті.

Өмірі қиындық көрмеген, бетінен ешкім қақпаған, ұзақ жылдар ректор, депутат болған әкенің қорғап-қолдап, демеуімен шалқып жүрген баланың қарапайым адамдық тәрбие көрмегені қынжылтады. Тағдыр дерсіз. Оған дау жоқ. Бірақ адам өз тағдырының, өмірінің иесі. Таңдау өз қолында.

Адам қақса да жазаланбайтын, адам өлтірсе де жауапқа тартылмайтын біздің шенеуніктердің ерке балалары әбден есірген еді. Қоғам өзгерді ме, я өзгермеді ме, білмейміз. Мемлекеттің жүйесі түрленді ме, одан да бейхабармыз. Бірақ адам ұдайы өзгерісте. Я алға немесе кері кетеді.

Бишімбаевтың трагедиясы неде? Оның трагедиясы – іштей тозу. Өмірі өзі қаламаған іспен айналысқан, арман-аңсарына ұмтылмаған, мақсатқа жету жолында жанкешті еңбек етпей, бәріне оңай жеткен адамның рухани дағдарысы. Өмірде жетістікке, мансапқа оңай жетуден асқан трагедия болар ма?!

«Адамды адам еткен еңбек» болса, өмірдің мазмұны да сол – еңбек. Жұрттың наласы, елдің табасы – ауыр. Ешкімге тілемейтін жағдай. Марқұм Салтанаттың, Салтанат сияқты әйел баласының зорлық-зомбылық көретіндей жөні жоқ.

Біздің «Алтын сақа» дейтін ертегіміз бар. Сол ертегіде жалмауыз кемпірге ұсталып қалған бай жалғыз баласын оңай қия салатын. Мәселе жалғыз бала болуда емес. Жалмауыз кемпір – зұлымдық. Сол зұлымдыққа баласын қиған байдың әрекетіне қатты қынжылушы едім. Артынан бала қарлығашқа айтып, төбеттері келіп, аман жеткенде, ата-анасы не үшін сонша қуанып той жасағанын түсінбеуші едім. Рас, аман келді. Бірақ баланың асығын жұртқа тастап кеткен әке емес пе еді?

Бишімбаев туралы ойлағанда сол есіме түскен. Бәлкім, кіші Бишімбаевтың музыкант, әлде басқа бір адам болғысы келген шығар. Оған әке Бишімбаевтың ықпалы қатты болып кеткен жоқ пе екен? 21 жасынан қызмет істеген баланың жігіттік шағы қалай өтті, мысалы? Сол өз жөнімен өтпеген жастық кезеңнің орнын толтыру үшін Қуандық нендей істерді бастан кешті. Қандай күйге түсіп, оны не мазалады.

Бәрінен маңыздысы – соңғы оқиға. Болары болды, бояуы сіңді. Үлкен Бишімбаевтың осы уақытқа дейін баласының өміріне араласқаны жетеді. Одан сұрарымыз, ендігі істің әділ өтуіне – кедергі келтірмесін. Жалмауыз кемпірдің тісі тайдың төрт аяғын да жұлып түсірді. Бұл жолы ертегі басқаша аяқталды.

Бағашар Тұрсынбайұлы