«Хезболла» Израиль соққыларына жауап беретінін мәлімдеді
Иран қолдайтын шииттік «Хезболла» қозғалысы Ливандағы Израильдің әуе шабуылдарынан кейін қарымта соққылар жалғасатынын хабарлады.
Ұйымның мәлімдеуінше, 9 сәуірге қараған түні Израильдің «бітімді бұзғанына» жауап ретінде елдің солтүстігіндегі Манара жері атқыланған. «Хезболла» Израиль мен АҚШ тарапынан жасалып отырған «агрессия» тоқтағанға дейін шабуылдарын жалғастыратынын жеткізді.
Ливан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Израильдің түнгі әуе соққылары салдарынан, оның ішінде Бейруттың тұрғын аудандарында кемінде 182 адам қаза тауып, 890-ға жуық адам жараланған.
Иранмен арадағы екі апталық бітімге қарамастан, Израиль «Хезболлаға» қарсы операцияларды жалғастыру ниетінде. Ал АҚШ бұл бітімді Ливан аумағына таратпайтынын мәлімдеген.
Fars агенттігі Тегеранның Израильдің әрекеттеріне байланысты бітімнен шығу мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады.