Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:15

«Хезболла» мен Иран Израильге 150-ден астам зымыран ұшырды

Тель Авив
Фото: Ohad Zwigenberg/AP Photo/dpa/picture alliance

Ливандағы радикалды шииттік «Хезболла» қозғалысы Израильге қарсы жаппай зымыран шабуылын жасады.

Бұл туралы Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) өзінің ресми Telegram арнасында хабарлады.

Израиль әскери күштерінің мәліметінше, 11 наурыз кешкісін елдің солтүстігі мен орталығына шамамен 150 зымыран ұшырылған. Әуе дабылы режимі солтүстік және орталық өңірлерде жарияланды. Хайфа қаласында да сиреналар қосылып, аймаққа дрондар ұшырылғаны туралы хабарланған.

Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл салдарынан кемінде екі адам жарақат алған.

«Хезболланың» мәлімдемесі

Ливандық топ өз мәлімдемесінде шабуылдың нысанасы Израильдің әскери объектілері мен Ливан шекарасынан бес шақырымға дейінгі аумақта орналасқан елді мекендер болғанын айтты.

Топ сондай-ақ осы аймақта тұратын тұрғындарды эвакуациялауға шақырды.

Израильдің жауап соққысы

Зымыран шабуылынан кейін Израиль әскері «Хезболла» нысандарына қарсы әуе соққыларын жасағанын мәлімдеді. Соның ішінде Бейрут қаласындағы Дахия ауданына соққы берілген. Бұл аудан «Хезболланың» негізгі тірек пункттерінің бірі саналады.

Израиль әскери күштерінің дерегінше, әуе соққылары кезінде шииттік қозғалыстың 10 штабы және зымыран ұшыруға дайын бірнеше қондырғы жойылған.

Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде қаладағы бірнеше нысанда жарылыс болып, түтін көтерілгенін көрсететін видеолар жариялады.

Иран да Израильге зымыран ұшырды

Ливан тарапынан жасалған шабуылдан кейін Иран аумағынан да Израильге қарай баллистикалық зымырандар ұшырылғаны хабарланды. Израиль әскері олардың барлығы әуе қорғаныс жүйесі арқылы жойылғанын мәлімдеді.

Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) бұл шабуыл екі ел аумағынан жасалған «бірлескен операция» болғанын айтты. Алайда ЦАХАЛ бұл мәлімдемені растамады.

12 наурызға қараған түні Израиль тағы да Ливан аумағынан ұзақ қашықтыққа ұшатын зымырандармен атқыланды. Бұл жолы Тель-Авив пен оның маңында да әуе дабылы сиреналары қосылды.

Сонымен қатар Иран Израильдің орталық бөлігіне тағы бір баллистикалық зымыран ұшырған. Израиль әскері бұған жауап ретінде Тегерандағы ИРСК нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді.

Таяу Шығыстағы қақтығыстың күшеюі

Аймақтағы жағдай 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы «Эпикалық қаһар» атты әскери операциясын бастауынан кейін күрт шиеленісті. Әуе шабуылдары кезінде Иранның жоғарғы басшылығы, соның ішінде аятолла Әли Хаменеи қаза тапқан.

Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль нысандарына және Парсы шығанағындағы елдердегі АҚШ әскери базаларына соққы жасай бастады.

«Хезболла» Иранды қолдап, Израильге зымырандар мен дрондар жібергеннен кейін Израиль әскері Ливанның оңтүстігіне және Бейруттың оңтүстік маңына соққы берді. Израиль тарапының мәліметінше, қозғалыстың командалық орталықтары, зымыран қондырғылары мен қару қоймаларына жүздеген әуе соққысы жасалған.

Эвакуация туралы бұйрықтан кейін Ливанның оңтүстігі мен Бейруттың оңтүстік маңынан 500 мыңға дейін адам солтүстікке көшкені айтылуда. Сонымен қатар Израиль Ливанның оңтүстігінде құрлықтағы әскери операциясын кеңейтті.

Ливан премьер-министрі Наваф Салам ел үкіметі «Хезболланың» әскери әрекеттеріне тыйым салатынын және топтың қаруын тапсыруы тиіс екенін мәлімдеді.