Homo sapiens пен Homo Soveticus

( Күнәдан арылу жыры)
(поэманың эскизі)
Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса, неге қалған?
(Қазақтың қара өлеңінен).
Автордан бір ауыз сөз
Қара жерден бауырын көтеріп, саналы адамға (лат. Homo sapiens*) айналған адам баласының дүниеге келгеніне 300 000 жылдай уақыт болып қалған екен.
Сол Homo sapiens-тің бір бөлігі ХХ ғасырда қаны бұзылып, Homo Soveticusке** (лат) айналды! 1917 жылы адамзаттың артта қалған бір бөлігі Ресейде Қазан төңкерісін жасап, Homо sapiens-тен бөлініп шығып, Homo Soveticus(лат) дейтін ұлыс құрды, ол ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін жаналғыш ірі державаға (СССР) атанып, өркениетті дүниенің зәре-құтын алып еді! Біз соның тірі қалған соңғы тұяқтары боламыз!
Бұл екі адамзат өкілінің ( Homo sapien- Homo Soveticus)арасы—жер мен көктей! Болмыс-бітімі, тіршілік-қаракеті мен дүниге деген көзқарастары да бір-бірінен мүлде, керағар, алшақ! Әлихан Бөкейхан мен Мұхтар Әуезовтер Homo sapiens болса, Бейімбеттің Мырқымбайымен бірге ғұмыр кешкен біздің бәріміз де Homo Soveticus-піз! Мына алдарыңыздағы «Күнәдан арылу жыры» соның бір зары...
Пролог. Қазақстан – Қазығұрттың кемесі
Дүние—мұхит, тыншымайды неге осы,
Су патшасы Сүлеймен бе егесі?
Кетіп барам Күн түбіне жортам деп,
Қазақстан—
Қазығұрттың кемесі!
Уахап шығып оңынан,
Сайтан шығып солынан; –
Түсіп кетті Қорқытымның қобызы, –
Бекболаттың қолынан!
Тиегіне жел тисе де боздайды ол,
Қай-қайдағы қайғымды да қозғайды ол.
Сайтан көрсе, уахап көрсе, неге осы,
Одан сайын боздайды ол?!
Бұ дүние бізден-дағы озбақ бір,
Соңымызда сумаң-сумаң сөз қап тұр.
Қазығұрттың кемесінің үстінде,
Қазақстан Қобыз болып боздап тұр!
Жүзіп шықты Қазығұрттың кемесі!
Есін алып ессіз заман елесі –
… нығматулин-мәсімовтер ойбай сап,
Жақтауына жармасып тұр неге осы?!
Жүрегі—тас, шерлі үні:
«Кет!» деп, «Түс!» – деп кіргізбей тұр ел мұны.
… Біреуі оның кіріп кетсе бұ жерге,
Тағы да ылаң болатыны белгілі...
1. Homo Sapiens пен Homo Soveticus
Мен жұртымды ешбір елден кем көрмен.
Жетпісімде жасырайын немді елден?
Мен бір Мұңлық —
Абайменен Пушкиннің,
Арасында арып-ашып, сенделген...
Жаным бірге —
Елциндейін ерлермен,
Пушкин —
Менің жүрегімде жерленген!
Ауырғанда Чехов дейтін докторға –
Емделгем!
Өзге жұртты өзімнен де кем көрмен.
Бөлек менің Ресейім сендерден!
Шөжелерше ермен ертісбаев боп, –
Соңынан сұм империяның—
Жем берген...
2. Ұлттық қор
Ұлттық қорда—көк қағаз,
Кімге таңсық оның да?
Тістегеннің аузында,
Ұстағанның қолында.
Іштің!—құстың!
Же!
Болды...
Түйені түгімен жұтқандар,
Биені бүгімен жұтқандар—
Не болды?
Төрт құбылаң түгел ғой, қолды жайып, тіленбе:
Мағжан мен Абай жоқ бізден басқа бір елде!
Құрманғазы жоқ – бір елде,
Тәттімбет жоқ – бір елде!
Ұлттық қорың, міне, осы!
Басқа қорлар біртүрлі...
Онсыз мына халықтың, құрып кетуі мүмкін-ді...
3. Қорқыныш синдромы
(Қазақ олигархтары)
Мынау заман – Homo sapiens заманы.
Сол жаулап тұр әлі біздің сананы.
Бұ қоғамдық хайуанның, баяғы,
Хайуаннан айырмасы шамалы.
Миында оның содан қалған сор табы,
Жаулап жұлын жүйесімен қолқаны;
Жаралғаннан жарымаған хайуан,
Әлі күнге аш қалам деп қорқады!
Сарыуайым – толқып іш,
Түніменен ұйықтамайды ол тыныш,
Қазақстан олигархтарының
Миында да содан қалған қорқыныш!
Атасынан айырмасы шамалы –
Әлі бізде – Homo sapiens заманы!
4.Мынау біздің мырзамыз
Мынау біздің мырзамыз,
Қой ішінде құлжамыз!
Жұрт алдында осы тұр, топ бастайтын көсем боп,
Сөз бастайтын шешен боп.
Түп атасы – тып-типыл,
Келтіреді күлкіңді,
Сөз ұстаған биі жоқ,
Мал ұстаған байы жоқ.
Біртүрлі...
Жақсым осы болып тұр, жаннан бөлек реңі,
Бұ қашаннан дүр еді?
Құл мен күңнен жаралмай,
Қасқайып, кіл қаракөктен туғандай,
Алшаң да, айхой, алшаң басып жүреді!
Е, алшаңда, алшаңда, өс балалап, өрле кеп,
Қандай тексіз қап еді,
Отырмаған біздің осы төрге кеп?!
«Арғы түбі – Күлтегін, қойшы, тексіз демеші?!» –
дейін десем мен осы;
Қаны түгіл бұ сабаздың миында
О, сұмдық-ай, оның да жоқ елесі...
5. Анкетадағы «сотталдың ба» деген сауалға жауап
Сол сауалдың шыққанына көп болған, Соған жауап берсем деп сан оқталғам.Ұры-қары жеті жылға кетсе егер, Мен бақандай 70 жылға сотталғам!
Маңдайдағы соры қалың ұл ем мен, Кіндік қаны, тағдыры да бір елмен.Архипелаг Гулаг дейтін бір жерге,70 жылға мені де айдап жіберген!Ұлы Дала ұланы да емеспін.
Туа сала етекбасты боп өстім.
Тұтқыны едім Архипелаг Гулагтың,
(Әлі мені ақтап алған жоқ ешкім?!.).
6. Уа, аруақ!
(Империяның құлауы)
Империя құлайды өстіп бір күні,
Көкке жетіп жанұшырған дүркірі.
Қасиетті түгі жоқ қой мынаның?!
Қасіретті...
Күлкілі...
Күн тұтылды.
Таяуда әлі ашылмайтын сықылды?
Асқақ мұрат қалды аяқтың астында.
Құл мен құтан құтырды!
«Түк қалдырмай тау мен тастан, обадан,
Тартып алған кім деп, сатып, тонаған?!» –
Аруақтар келе жатыр көшеде, –
Атып шығып моладан!
Маңдайда соры бес елі.
Мына жұрттың сап боп қаңқу-өсегі, –
Аруақтар атып шығып моладан,
Кезіп келе жатыр, әне, көшені!
Мынау—ұры-қарылардың заманы,
Білмейтұғын ұят, обал, шаманы.
Отыз жылдай жеді Ұлттың байлығын,
Миды жеді (бәрінен де жаманы...).
Сарайлары Нью-Йорк, Лондонда,
(миллиардтаған құны бар!).
Тоқалының бірі—шекер, бірі—бал.
Еш елде жоқ, бізде ғана тұрады,
Ұлы мәртебелі ұрылар!
Олар ішіп, жегеніне шала мас,
Артына енді қарамас!
… Алдында кеп абдырап тұр Алланың,
Қазақстан –
Аш һәм тырдай жалаңаш...
7. Алтынмен апталған сарайлар
Жаз айында суықтан отырғанда қалтырап,
Ішіп кеткің келеді баяғыдай… жартыны ап?
Нұрсұлтанда сарай тұр, көзімді арбап алыстан,
Пах!
Сүлеймен сұлтанның сарайындай жарқырап!
Мына шенеунігіңнің неткен жүйрік қиялы,
Ақын керек емес пе, бірге кезер қияны?!
Мен түгілі бұ жерге, он сан түмендерімен,
Фетиһ Меһмет Сұлтанның** өзі кірсе сияды!
**Түріктің «Құдайдың қылышы» атанған жауынгер сұлтаны.
Шіркін, мына қарғамның басындағы ой қандай?
Феодализмнен келіп, бір бізді қырып-жойғандай!
Ақылды бір атасы Алты Алашқа білдірмей,
Ақмоланың түбіне алтын тығып қойғандай!
Ата-баба – Атамекеннен жеріп құр,
Вокзалдағы бомждарға еріп бір, –
Тоқсан тоғыз түмені, тоғыз қатыны бар,
Өтеген баһадүрден туғанымды қайтейін?
...Ішіп кеткім келіп тұр...
8. Мағжандардан кейін...
Мағжандардан кейін тағы күннің көзі қабарып,
Жатса ақындар жазықсыздан түрмелерге қамалып;
Шығып жатса арып-ашып,
Аруақ құр сүлдесі,***
Сөгілгелі тұрса елдің баяғыдай іргесі;
Көңіл тағы алай-дүлей, көздің алды тағы елес,
Мынау елдің ақыл-есі, меніңше, әлі сау емес?!.
***Арон Атабек*—диссидент ақын.
9. Мына бір шәйір...
(Муин Бсисудың әуенімен)
О, Аруақ!
Өзің кеп мені жебеші!
Бүлінген қалай ел осы?
Былықтан мынау, шылықтан мынау алып шық,
Уа, Қазығұртымның кемесі!
Мына бір шәйірдің не деген жаман сүреңі?
Мемлекеттік намысты таптап біреуі; –
Біреуі өлді, елемей елдің нала-зарын,
Басымен ұрып, мемлекеттің барабанын?!.
Күресінге тастап, мемлекеттің күрегі,
Мемлекеттік етікті жалап біреуі, –
Өліп барады із-түзсіз анау төбеде,
Тағы да біреу осылай ит боп өле ме?!.
10. Қара тізім
Мағжандар болған «қара тізімде».
Шәкерім де жүрді «қара тізімде».
Бродскский...
Бізден басқа ақынның,
Бәрі—«қара тізімде».
Көздеріне толып қан,
Олар іштен азап шегіп, торыққан
Қолында атом бомбасы бар ел де одан,
Зәресі ұшып, – қорыққан...
Нені айта алдық Мағжанмен теңесе,
Қайда қапты елің соны елесе?
Жүрген жоқ қой бізді ешкім де ақын деп,
Өлеңіміз, мүлде, нашар—немесе?
Том-том өлең – не тілде,
Астанада, ауылда, елдің шетінде;
Тойларында байлардың,
Фейсбуктің бетінде, –
Елім дейміз—өтірік,
Жерім дейміз—өтірік.
Өтірікке бауыр басқан ақынның,
Өмірі де, өлеңі де — өтірік!
Біз жүрген жол, күңгірт, сағым, тұманды,
О, Тәңірі, өзің кешір күнәмді?
Бір өлеңі «Қара тізімге» кірмеген,
Менің-дағы ақындығым күмәнді...
11. Қазақ
Шайқалды әбден тұнығым.
Социализмде өтті жарты ғұмырым.
Капитализмде өтті жарты ғұмырым...
Есалаңдау елге барған елшідей,
Біреуіне көңілім көншімей;
Жан—алқымда, тән мұздап, қан ысынып,
Кетіп барам түс қашып һәм іш ұлып;
Қазақ болып тууменен өлудің,
Қасиетін түсініп!
Қасіретін түсініп...
12. Әр ақынның заманында бір сұлтан
Ұлы Мәртебелі Поэзия!
Тұрсың паң!
Әр ақынның заманында—бір сұлтан.
Мандельштамда—Сталин,
Вознесенскиде— Путин,
Менде—Нұрсұлтан...
Ойлары да бөлек оның, тойлары,
Біреуі де бізді іш тарта қоймады.
Пір тұтпадық біз өбектеп, олар да
Бізді өзіндей пенде ғой деп ойлады.
Бастан ұшса боқ қой—бақ.
Қожаңдамай елге – нөкер, топ құрап; –
Жүрсек-тағы біз де патша ек, – тәжі жоқ,
(Бізді ешкім де елең қылған жоқ, бірақ?!).
Қанатымыз ұша-ұша талған көп,
Мына жалған күннен-күнге жалған боп!
Мынау елге өзегіміз өртеніп,
Біз айтпаған бір ауыз сөз қалған жоқ!
Жердің құрты, ойы бөлек, тойлары,
Қашан елдің тереңіне бойлады?
Тек өлімге бола туған өлермен,
Бізді өзіндей пенде ғой деп ойлады!
Социализм өтті де итше ырылдап,
Капитализм кеп тұр енді қырына ап.
Қай заманда жүрсек-тағы, құлаққа,
Құдай ғана тұрды бізге сыбырлап.
Адамзат пен Алашымды тел емген,
Абайымнан қалған шерлі төл ем мен.
Құдай ғана тұрды маған сыбырлап,
Соны ғана жазып кеттім — өлеңмен.
13. Екі құрдас – екі дүние
Қазақстан—
Қазығұрттың кемесі.
Бізде ылғи өлара бұл неге осы?!
Кең айдында, аласапыран мұхитқа,
Жүзіп шықты Қазығұрттың кемесі!
Бұл ғасырда бізді өзіне шақырды от,
Ақырзаман күннен-күнге жақын боп.
Екі бала туды біздің қазақтан,
Біреуі – әкім, біреуі оның – ақын боп.
Қазақ ылғи қарсы жүзген ағысқа,
Екі құрдас жүрді Алты Алаш Арыста, –
Жерден жеміт теріп кетті біреуі,
Екіншісі – ұшып кетті ғарышқа!
Сүйреді елін біреуі өрге түйе боп,
Біреуінің беті күйе-күйе боп; –
Тізгінінен ұстап еді мына елдің,
Біреуі—
Ұлттың Рухына ие боп!
Жақсым жасып, жаман басып төрімді,
Бізге осы не көрінді?
Қырт пенен құрт тіл табысып лезде,
Ұлт пен Рух екі жаққа бөлінді!
Неге бөлінді?!
Содан бастап бізге бірдеңе көрінді...,
Тарих – тұлпар, көнбей-тұғын тақымға,
Жақында, –
Шертеді енді не бір гәпті біздің жұрт,
Осы құрдас екі бала қақында...
14. КГБ-ның сейфтерінде
КГБ-ның сейфтерінде
Сенің де көз жасың,
Менің де көз жасым бар:
Ашыңдар!
Оффшордағы сейфтерде
Сенің де қақың,
Менің де қақым,
Сенің де көз жасың,
Менің де көз жасым бар;
Ашыңдар!
15. Ұлт
Мына дүниеде
Жаманына күйінетін,
Жақсысына сүйінетін,
Жұрт қана—
Ұлт!
Бір жерден сөз,
Бір жеңнен қол шығаратын,
Жұрт қана—
Ұлт!
Қалғаны—қырт!
Эпилог. Қазығұрттың кемесінде
Баяғыда Қазығұрттың басында бір кеме қалған,
Басқа жұртта қалмай сонда, Қазығұртта неге қалған?
Сондағы бір күнәға кеп батқан күллі халықтардан,
Осы кеме бұ қазақты аман-есен алып қалған!
Сұммен—сұмы, еркегімен – еркектері некеленіп,
Осы кеме болмаса егер – су түбіне кетер едік!
Көзі-тұман, көңілі—алаң, көкірегін аза қысқан,
Қазір тағы сол кеменің үстінде жүр Қазақстан!
Тағдыры да—қыл үстінде, тарихы да бұрмаланған,
Қазынасын қайдағы бір ұры-қары ұрлап алған?!
Өлгеннен соң пір тұтады, – тірісінде сабап алып...
Әлеуметтік желілерде жақсысына жала жауып! –
Быт-шыт болып, жан-жүрегі замандардың белесінде,
Келе жатыр әлі боздап, Қазығұрттың кемесінде!
Бай-бағландар шықты бізден!
Жер бар ма екен құтты бізден?!
Мына жарық дүниеде ел бар ма екен мықты бізден?!
Деп ойлап ек, Аруаққа ас беріп ек: «Арысым!» – деп,
Өзің жебе, елге – пана, енді осылар байысын!» – деп!
Айхой, міне, сағат санап, байып, шылқып барады олар,
Қазынаға суық қолын қалай әлі салады олар?!
Қара ормандай жұртын неге ел емес деп ойлайды олар?!
Қалай әлі тоймайды олар?!.
Неге енді қоймайды олар?!!
Көріп не бір көргенсіз бен ессіз елдің егесін де,
Бар ғұмырым өтер болды-ау – Қазығұрттың кемесінде...
Көгілдір тоғандар
Астана. Алматы. Кереку. Қарағанды. Күнгей