HRT қаржы пирамидасы халықтан 28 млн теңге жымқырған

Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі ресми хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, HRT деп аталатын қаржы пирамидасы криптовалюта жүйесін желеу етіп, қарапайым азаматтарды алдап келген.
Алаяқтық схема бойынша қатысушылардан арнайы электронды шоттарға криптовалюта түрінде қаржы аудару талап етілген. Сонымен қатар жүйеге кемінде екі жаңа салымшы тарту міндеті қойылған. Бұл – классикалық қаржы пирамидасының айқын белгісі.
Агенттіктің дерегінше, 200-ден астам азамат HRT жобасына сеніп, 50 доллардан 35 мың долларға дейін қаржы салған. Көпшілік ай сайын 1200 доллар табыс аламыз деп үміттенген. Алайда бұл уәделердің барлығы жалған болып шықты.
Қаржы мониторинг агенттігі жүргізген тергеу нәтижесінде HRT қызметінің заңсыз екені дәлелденіп, жобаның жұмысы тоқтатылды. Жиналған мәліметке сәйкес, қаржы пирамидасы арқылы түскен заңсыз табыс көлемі 28 миллион теңгеден асқан.
Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Бұған қоса, еліміздің 7 өңірінде осындай схемамен жұмыс істеген өзге де қаржы пирамидаларына қатысты қылмыстық істер қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Қаржы мониторинг агенттігі азаматтарды қаржы салмас бұрын компанияның лицензиясы мен заңдылығын мұқият тексеруге шақырады.