Хрущев салған үйлерді Досаев жаңғырта ала ма?!
![None](/static/img/image.jpg)
Күні кеше жылу желілерінде орын алған апаттық жағдайға байланысты Екібастұзда төтенше жағдай жарияланды.
Аталмыш қаланың жұрты қазіргі қыстың көзі қырауда бүрсеңдеп, жандарын шүберекке түйіп отыр. Біз Екібастұз жаққа елеңдеп, ондағы елмен қал жағдай сұрасып отырғанда Өскемен жақтағы жылу электр стансасы да сыр берді. Қазір шығыста да сабақ уақытша тоқтатылып, оқушылар онлайн форматқа көшті. Өскемен жылу электр орталығы пәтерлерді жылыта алмай жатыр. Арасында Алматыда да жылу жүйесінің әлсіздігі, тозығы жеткендігі айтылып қалып жатыр.
Әйтеуір қыс түсіп, күн суытса болғаны біздің ел қалтырап, дірдектеп сала береді. Мұның себебі – елдегі ЖЭС-ның жұмысы сын көтермейді. Ірі мегаполюстердегі қазандық жүйелерінің, құбырлардың тозығы жеткен. Халықтың жылуға жалпы комунналдық төлемге деген қарызы шаш-етектен. Бүгінде бір ғана Алматы тұрғындарының суық суға деген қарызы ғана 500 млн теңгеден асып жығылған.
Басқасынан бөлек бүгінде Алматыда «хрущевка» атанып кеткен ескі үйлердегі елдің көңілі алаң. Бұл үйлерді баспана етіп қоныстанғандар не сата алмайды, не нақты «баспанамыз бар» деп те айта алмай жүр. Себебі тозығы жеткен бұл үйлер жыл сайын сыласа да, сылағы түсіп, құбырлары шіріп, күлімсі иіс қолқаны алып, үй иелерінің жүйкесі жұқарып-ақ жүр.
Жалпы, 2011 жылы осы тозығы жеткен үйлерді жаңарту мақсатында «2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үйлерді жаңғырту» бағдарламасы қолға алынғанын біз білеміз. Бағдарлама іске асырыла бастаған тұста «ескірген үйлерден құтылатын болдық» деп, қуанымыз да рас. Әсіресе Алматы халқы 1959-85 жылдары салынған осы «хрушевка» үйлерден құтыламыз деп ойлады. Бірақ сала мамандарының пайымдауынша, бастапқыда жап-жақсы басталған аталмыш бағдарлама қазір тіпті «сұйықталып» кеткен. Бұған қатысты Алматы қаласы Жетісу ауданының тұрғыны Әбіл Оспанов:
– Бүгінде Алматыда «хрущевкалар» халықтың бас қайғысына айналған. Бұл үйлер 1959-85 жылдар аралығында салынған. Алайда содан бері қаншама жыл өтті, уақыт өзгерді. Хрущевтің салдырған үйлері байырғы көне үйлер болып қала берді. Біз күні бүгінге дейін бұл үйлердің проблемаларына оншалықты ден қоя бермедік. Бірақ бұл үйлер қазір тым ескірді. 2011-20 жылдарға арналған тұрғын үйлерді модернизациялауға қатысты бағдарлама қолға алынғанда осы үйлерді жаңғыртуға септігін тигізе ме деп біраз үміттендік. Бірақ атқарушы органдар бұл үйлердің сыртын ғана сылап-сипап өтті. Оның өзінде толықтай емес. Қаланың көрнекті аудандарында ғана үйлер сыланды. Ал қалған төменгі жақтағы аудандарда ескі үйлер сол ескі күйінше тұр, – дейді.
Жалпы, деректерге жүгінсек, Алматы қаласында тозығы жеткен 7771 үй бар десек, оның 4446-сы күрделі жөндеуді талап етеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жоспар бойынша жыл сайын 500-ге жуық тұрғын үй жөндеуден өтуі керек еді. Бірақ бір жылда 100-ге жақын тұрғын үй ғана жөнделген. Ал қазір осы атағы дардай бағдарламаның жұмысы тіптен тоқтаған.
Мәселеге қатысты осы саланы зерттеп жүрген құрылыс және экология орталығының маманы, сарапшы Қорлан Әубәкірова былай дейді:
– Бұл бағдарламадан халық пайда көру үшін алдымен жергілікті атқарушы органдар бөлінген қаржыны нақты бақылауға алғаны абзал. Нақты бақылауды қатаңдату қажет, олай етпесек, нәтиже болмайды. Негізінде, есептесек, тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы арқылы күрделі жөндеуден өткен қаладағы үйлердің шығыны азайған. Мысалы, үйді жаңғыртудан өткізгеннен кейін тұрғындар жылу үшін аз төлем төлей бастаған. Ескеру керек, бұл үйлердің барлығы орталық жылу жүйесіне қосылған. Жөндеуден өткеннен кейін тұрғындар пайдаланатын жылу мен ыстық су айтарлықтай үнемделіп, бір ғана жылуға 46 пайызға дейін аз төлем төленген. Сондықтан бұл бағдарламаны сауатты жүзеге асырып, тозған үйлерді жөндеу біз үшін аса қажет. Себебі тозығы жеткен үйлердің шығыны да көп болады. Осыны ескерсек, бағдарламаның әрі қарай жалғасуын, оның орындалу барысын әкімдік қатаң бақылауы қажет.
Сөйтіп, мамандар айтып отырғандай әкімдік бұл шаруаны бақылауға ала ма, ескі үйлерді модернизациялау жалғасын таба ма? Хрущев салған үйлерді Досаев модернизациялай алар ма?!
Негізінде шет мемлекеттерде тозығы жеткен үйлерді жөндеу үшін арнайы мемлекеттік қор құрылады. Сосын, ол қорға халық салық төлеп отырады. Кезекке тұрып, өз кезегі келгенде үйін жөндеуді талап етеді. Ал енді бұған қатысты елдегі деректерге жүгінсек, бізде республика бойынша тұрғын үйлердің 34 пайызы жөндеуді қажет етеді екен. Бұл – аз көрсеткіш емес. Әлемдік стандарт бойынша бұл меже 10 пайыздан аспауы керек. Демек жалғыз Досаев емес, болашақта елдегі бірқатар қаланың әкімдеріне ескі үйлерді модернизациялау мәселесімен бас қатыруға тура келеді. Алайда әдемі кабинетте, жұмсақ креслода, жып-жылы зәулім үйлерде тұратын біздің әкімқаралар қараша халықтың мұңын түсіне қояр ма екен?! Егер олар мәселенің мәнін түсінер болса, қыстың көзі қырауда қаншама халық бүрсеңдеп отырмас еді ғой. Бізде халық бір жақта, шенеуніктер бір жақта жүрген соң, мәселелер қордаланып, шешілмейтін күрмеуі көп түйінге айналып жататыны ащы шындық. Әттеген-айы – осы...