HRW Азаттық тілшісіне шабуылды мұқият зерттеуге шақырды
Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Айбек Кулчумановқа жасалған шабуылды мұқият зерттеуге шақырды.
28 қыркүйекте Ош қаласында журналист Айбек Кулчумановқа бірнеше адам шабуыл жасап, "тілші ұшырған дрон жергілікті тұрғынды жаралады" деп айыптаған.
"Біз журналиске жасалған кез келген шабуылды айыптаймыз. Олардың жұмысына ешқандай кедергі әсіресе күш қолдану немесе қоқан-лоқы жасалмауы тиіс. Журналистер кәсіби міндетін қауіпсіз жағдайда атқара алуы тиіс. Себебі сөз бостандығы — кез келген демократиялық қоғамның іргетасы" деді HRW денсаулық сақтау және адам құқығы департаментінің зерттеушісі Лора Миллс.
28 қыркүйекте Ошта бірнеше адам Кулчумановқа шабуыл жасап, оның аппаратын, дрон пульті мен смартфонын және өзге де заттарын тартып алған. Кулчумановтың айтуынша, шабуылдаушылар оны Қырғызстанның кеден қызметі төрағасының бұрынғы орынбасары "Раимбек Матраимов туралы зерттеуді кім тапсырды" деп тергеп, шүйліккен.
Кейінірек журналистің өтініші бойынша жергілікті милиция "ұрлық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Құқық қорғау орган өкілдері шабуыл жасаған адамдардың Кулчуманов заттарын қайтарып бергенін хабарлады. Бірақ тілші әзірге заттарын алмаған.
30 қыркүйекте ЕҚЫҰ-ның сөз бостандығы мәселелері бойынша өкілі Арлем Дезир Қырғызстан билігін Кулчумановқа жасалған шабуылды "мұқият зерттеуге" шақырды.
Азат Еуропа/Азаттық радиосы корпорациясының президенті Джейми Флай бұл оқиғаны шұғыл зерттеп, журналиске аппараттарын қайтарып беруге шақырды. Ол Twitter-дегі парақшасында соңғы бірнеше аптада Азаттықтың Қырғыз қызметі тілшілеріне "қысым жалғасып" жатқанын айтқан.