HRW Қазақстанды індет кезінде халыққа беретін көмекті ұлғайтуға шақырды
Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан үкіметін коронавирус індетінен зардап шеккен азаматтарды экономикалық тұрғыда қолдап, көмекті ұлғайтуға шақырды.
18 тамызда жариялаған есебінде ұйым індет Қазақстандағы "теңсіздікті тереңдетіп", "әлеуметтік қорғау жүйесінің кемшіліктерін көрсетті" деп жазған.
Қазақстан – індет кезінде азаматтарына қаржылай көмек көрсеткен Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет. Алайда HRW ұйымының айтуынша, эпидемия басталғанға дейін елде кедейлікке ұшырағандар көп болған, сол себепті үкімет халықтың кедейленбеуіне көп күш салуы керек.
Наурыз айында Қазақстанда алғаш рет ресми түрде коронавирус тіркелгеннен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, карантин кезінде табыссыз қалғандарға көмек көрсетіп, бизнеске індеттің әсерін азайту үшін бюджеттен шамамен 10 млрд доллар бөлінетінін айтқан. Бұл пакет елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 7 пайызына тең.
Билік сонымен бірге жағдайы нашар отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарға азық-түлік таратып, сәуір және мамыр айларындағы коммуналдық төлемдерін өтеуге шамамен 36 доллардан бөлген.
Індеттің кесірінен жұмыссыз қалғандар алты айға дейін жәрдемақы алуға өтініш бере алады. Мемлекет оларға бұрынғы жалақасының 40 пайызын төлейді.
Бірқатар зерттеулерге сүйенген HRW ұйымы алайда бұл көмек тұрғындарды азық-түлік, баспана және ауыз сумен толық қамтамасыз етуге кепілдік бере алмайды дейді.
Бұл төлемдер қажет болғанмен оның көлемі аз және Алматы немесе Нұр-Сұлтан сияқты қымбат қалаларда тұратын жұрттың мұндай жәрдемақымен өмір сүруі қиын. Бұған қоса, несие төлемін үш айға дейін шегеру "акциясының" мерзімі де маусым айында өтіп кеткен.
Үкімет карантин кезінде табыссыз қалғандар 42 500 теңге көлемінде әлеуметтік көмек берді, алайда 16 тамыздан кейін не болатыны белгісіз, себебі үкімет 17 тамыздан бастап карантин шараларын жұмсарта бастаған.
"Бұл кедейліктен құтқаруы тиіс делінген онсыз де шектеулі бағдарламаның тиімділігін онан сайын азайта түседі" дейді ұйым өкілдері.
Қазақстанның табиғи байлығы мол екеніне қарамастан халықтың басым бөлігіне пандемияға дейін де кедейлікке ұшырау қаупі төнген.
2018 жылы қазан айында жүргізілген зерттеуге сәйкес, халықтың төрттен бір бөлігі кедейлікте өмір сүрген және бұл көрсеткіш ұлғаюы ықтимал.
Індеттің кесірінен мұнайдан түсетін табыс көлемі қысқарғандықтан жағдай онан сайын нашарлауы мүмкін. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, "Қазақстанда кедейлік деңгейі 2020 жылы болжанған көрсеткіш – 8,3 пайыздан 12,7 пайызға өседі". 800 мың адам кедейліктен зардап шегеді.
HRW алайда үкімет халықты кедейліктен қорғау үшін бюджет қоры мен шетел инвестициясының мүмкіндіктерін және халықаралық көмекті пайдалана алады дейді.
Маусым айында Азия даму банкі індеттің зардабын азайту үшін Қазақстанға миллиард доллар көлемінде көмек беруді мақұлдаған.
HRW ұйымы үкіметті экономикалық қолдау шараларын күшейтіп, Қазақстан тұрғындары тиісті дәрежеде өмір сүруі үшін түрлі көмекпен қамтамасыз етуге шақырды.
"Індет кезінде және одан кейін адамдардың тиісті дәрежеде өмір сүруіне жағдай жасау үшін үкімет дағдарыспен күрес бағдарламасының ауқымын тез арада кеңейтіп, халықтың әлеуметтік қорғалу құқығын жүзеге асыруға кепілдік беру бойынша алған міндеттемесін орындауы тиіс" деді ұйымның кедейлік және теңсіздік мәселелері бойынша зерттеушісі Лена Симет.
19 тамыз күнгі мәлімет бойынша, Қазақстанда 123,3 мың адам Covid пен белгілері коронавирусқа ұқсайтын пневмонияға шалдыққан. Кемінде 1446 адам коронавирустан қайтыс болған.