«Хылуеттен» шыққан кітаптар

Жуырдағы 14 маусымда өткен көп томдықтың таныстырылымында жазушы, тарихшы Бексұлтан Нұржеке: «Математика мен тарих ғылымы бірдей.
Нақты сан-цифры, өлшемді формуласы болады. Бір цифрынан қателік кетсе, есеп дұрыс шықпайды. Оған өтірік қоса алмайсың» деді. Ертеде өткен тарихшылар қандай болса, біздің Тілеуберді де сондай ғұлама еді.
Өткен айдың 14 маусымында Ғылым ордасында ҚР БҒМ Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы басқарып өткізген жиналыс болды. Онда Тілеуберді Әбенайұлының 10 томдық жинағының таныстырылымы жасалды. Жиналысқа ҚР ҰҒА президенті, химия ғылымының докторы, академик Мұрат Жұрынов құттықтау сәлемін жіберіпті. Директор Институтта история Сибирского отделения РАН, доктор исторических наук Вадим Рынков, заңгер, ғылым докторы Қопабаев Өмірәлі Шакарапұлы қатысып, құттықтау сөздерін айтты. Институт тарапынан арнайы баяндаманы белгілі ғалымдар Жұмаділов Арман Қабдешұлы және Жомарт Жеңісұлы жасады. Одан кейін жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржеке, қоғам қайраткері, қаламгер Марал Ысқақбай, жазушы, тілеубердітанушы Данияр Әлбозым, қаламгер Дәулетбек Байтұрсынұлы, жазушы, аудармашы Абай Мауқара, он томдықты шығарушы, кәсіпкер Тілеубай Базарбекұлы қатарлы кісілер сөз алып, өз пікірлерін білдірді.
Тілеуберді Әбенайұлы отыз жылдан бері еңбектеніп келе жатқан зерттеуші. Алайда қытай бетінде жүргенде бұл еңбекті жазып жарыққа шығарудың орайы мүлде болған жоқ. Тек Қазақстанға келген соңғы 15 жылдың ішінде жазып хатқа түсірді, артынан жарыққа шығарды. Тәуелсіз елдің құшағы оның еркін еңбектеніп, жазғанын елге жеткізудің ашық алаңына айналып, армандаған күндеріне қадам басты. Осы кезге дейін жазған 15 кітабы 10 томға жинақтылып бір үлгі, бір формамен басылып «Шыныңа көш, тарих! Шыңғыс хан кім?» деген атпен шығарылды. Он томдыққа мен білетін «Марко Полоның саяхат естелігі» кірмей қалыпты. Тілеуберді соңғы кезде осы кітапты аударып жүрген болатын. Әрі ол туралы көлемді мақаласын «Жетісу» газетінде жариялап, тағы бір тың дүниенің қатпарын ашып, халықпен қауыштырып еді. Сол соңғы еңбегі толық аяқтамай қалған секілді. Тілеуберді маған «Марко Поло» туралы бұл тарихи кітапта қазақ тарихына байланысты құнды деректердің өте көп екенін айтып еді. Өйткені Құбылай ханның қасында 17 жыл қызмет еткен жиһангез, ержүрек саяхатшының көргені бойынша жазылған еңбекте тұнып тұрған тарихымыз жатқанын ерекше толқыныспен сездіргенді. Алдағы уақытта архивін ақтарып көріп, сол еңбегінде оқырманға ұсынуға болады. Тілеубердімен болған сұхбатымда екеуміз ол туралы сөйлескенбіз. «Жетісуға» шыққан мақаланы оқып қайран қалған болатынмын. Сол кезде хатқа түсіріп алған сұхбатым менің «Ерлік ескірмейді» деген кітабыма басылды.
1-том «Таныс та, бейтаныс Шыңғыс хан әулеті және Қытай жылнамаларындағы құнды деректер» (1-2 кітап). Бұл том екі кітаптың басын біріктірген 602-бет. 2-том «Таныс та, бейтаныс Шыңғыс хан әулеті және Қытай жылнамаларындағы құнды деректер» (3-4 кітап). Бұл томда екі кітаптың басын біріктіріп шығарылған 778 беттен тұрады. 3-том «Шыңғыс хан тарихы – қазақ тарихы» (Шыңғыс ханның тегі – түрік, діні – ислам, атамекені – қазақ даласы), «Шыныңа көш, Тарих! Шыңғыс хан кім?» (5-6 кітап), 380-бет. 4-том ««Түгел тауарихтың» түбінде не жатыр», 624-бет. 5-том «Құпия шежіренің құпиясы», Бұл кітап «Моңғолдың құпия шежіресі» деген еңбектің тыңнан аудармасы және оған жазылған түсініктемелерден тұрады. 456-бет. 6-том «Құпия шежіренің құпиясы», бұл кітапта сол «Моңғолдың құпия шежіресі» деген тарихи еңбектің қытай тіліндегі нұсқасы бойынша су жаңа аудармасы. 520-бет. 7-том «Әлем әміршісінің тарихы» (Шыңғыс хан әулетінің тарихы) (7-8 кітап). Аударма және түсініктемеден тұрады. 8-том «Ата жазу алыстан сыр қозғайды», «Наурыз және Ай мен Амал» (9-10 кітап). 338-бет. 9-том «Шыңғыс хан әулеті туралы бастау мәліметтер не дейді?», «Шыңғыс ханның атамекені мен ата тегі және тілі мен діні» («Төрт дәлел»). 324-бет. 10-том «Рубруктің шығысқа сапар естелігі», «Маңғұл тарихы», «Тарихнама» (13-14-15 кітаптар). Бұл томда Уильгельм Рубрук, Плано Карпини, Сы-Ма Чиән секілді үш автордың ғасырлар тасасынан жеткен кітаптарының аудармасы және түсініктемесі. 578-бет.
Міне, көріп отырсыздар, таңдамалы 10 том, 15 жылда жазылған 15 кітаптың жиынтығы. Жоғарыда айтқанымдай, мұның ішінде «Марко Полоның шығысқа саяхаты» жоқ. Ол кітапта Юан хандығы, яғни Құбылай мемлекетінің бүге-шігесі толық жазылып, қазақ тарихының тағы бір шұғылалы беттері суреттелгенін байқап едік.
Он томдық, автордың көзі тірісінде жазған: «Шыңғысхантану ғылымының жанашыры, біздің еңбектеріміздің қаржылық және рухани қолдаушысы – Үсенов Қантбайұлы Қажымұрат ағаға шын жүректен алғыс айтамын. Отбасына мәңгі аманшылық, қызметте зор табыс, ұзақ өмір, баянды бақыт тілеймін! Құрметпен, автор – Тілеуберді Әбенайұлы. 2019 жыл 2 мамыр» – деген, жүрекжарды алғыспен ашылады. Бұлай деп жазылуының себебі, Қожамұрат Үсенов мырза он жыл бойы авторға қолдаушылық көрсетіп, үздіксіз демеп отырған. Ал он томдықтың соңында құрастырушы Тілеубай Базарбекұлының «Алғыс білдіреміз» деген жылы лебізімен аяқталады. Онда осы жолғы он томдықтың жарық көруіне демеушілік танытқан Мерей Сіләм, Рахат Әбдіқадырұлы, Жамалбеков Жандарбек, Ғылымхан Қали, Жеңіс Түркия, Қаматай Жәкенұлы бастаған 30 жігіттің атына рақмет айтылыпты. Демек, он томдықтың жарық көруіне, еңбектің ғылым саласында айналымға түсуіне себеп болған атқамінер саналы азаматтарды атап өткен екен. Бізде бұл кәсіпкер жігіттерге шын жүректен алғыс айтамыз.
Тілеуберді Әбенайұлы тарихқа кездейсоқ келген адам емес. Ол сонау 1980-жылдардың ішінде Үрімжіде оқып жүрген студенттік кезінен бастап қатпары қалың, құпиясы терең, салмақты тақырып Шыңғыс хан заманына назары ауып, құштарлық танытқан. Қытайда жүрген кезінде бұл тақырыпты жазып жариялатудың аса қиын екенін сезінеді. Ең әуелі қалыптасып кеткен қасаң жүйе, сіресіп қатқан мұз секілді тарих сорабы өзіне маңайлатпайды. Сегіз ғасырлық Шыңғыс ханға байланысты жазылып, жатталып кеткен «тарих» Қағанды бізден тым алысқа апарып тастаған болатын. Жүгенсіз кеткен асауды қайтарып әкеліп, өз халқымен қауыштыру өте ауыр болды. Сонымен нар тәуекелге бел буған Тілеуберді Әбенайұлы өзінің тарихи отанына ат басын бұрып, 2007 жылдары қазақ баспасөзінде көріне бастайды. Біреулер қызыға қарады, біреулер мазақтап күле қарады, біреулер жанкештілігіне таңғалып, бас шайқады. Ат төбеліндей зиялы жұрттың назар салып, нақты мәніне үңілгенін білеміз. Ал басым көпшілік бұл тақырыптан жаңалық ашатынына сенбеді. Тіпті қазірдің өзінде «Шыңғыс хан қазақ болған да, не өзгереді?» деп жүрген оқырман өте көп. Тілеуберді ұлы ақиқатты әуел баста таныды. Және өзінің көтерген мәселесінің шындық екеніне титтейде күдіктенген жоқ. Ол осы жолда күнді түнге жалғап, зерттеуін жалғастыра берді. Жолындағы мыңдаған бөгеттердің арасынан аяқ басатын ашық тауып, алға жылжитын соқпақтармен тарта берді. Оның шығармасын оқып түсіністік танытып қолдаған адам алғашында жалғыз қара болды. Онан соң екеу, күндер өте келе үшеу, уақыт оза төртеу, артынан қырық, жылдардан соң төрт мың болып көлемін ұлғайтып, ауқымын арттырып, шындықты таныған саналы жандар барған сайын қомақты күшке айналды. Сол шоғырдың басында жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржеке, қоғам қайраткері, белгілі қаламгер Марал Ысқақбай, ұлт қаламгерлері Мұхтар Мағауин және Қабдеш Жұмәділ, академик Мұрат Жұрынов, тарихшы Талас Омарбеков, журналист Әміре Әрін, заңгер Өмірәлі Шакарапұлы, актер Байғали Есенәлі, күйші Шәміл Әбілтаев, журналист Нұрлан Әбдібеков қатарлы ұлылы-кішілі азаматтар болды.
Тілеубердінің тарихқа бой ұру себебі, оның қытай тілін мықты білгені десем артық емес. Ол қытай тіліндегі тарихи материалдарды оқыған сайын тарихқа ашқарақтана құныға түседі. Қолдағы бар кітаптарды оқып тауысып, ендігі жерде архив құжаттарын, сирек ұшырайтын тасада жатқан кітаптарды іздеп тауып, аттай қалап алып оқиды. Оның санасында түркінің жалауы желбіреп, елдіктің рухы бас көтереді. Тілеуберді қазақ, қытай тілдерінен өзге ұйғыр, өзбек, татар, түрік текті ұлттардың тіліне де жеттік болды. Сонымен бірге көршілес, қоңсылас болып өскен моңғол тіліне де назар аударып, көңіл бөлді. Онан да басқа бір қасиет Тілеубердіні құлшындырған үстіне құлшындырды деуге болады. Ол болса, Әбенайұлының жұрттан өзге алабөтен бір қасиеті логикалық ойлау жүйесі өте дамыған адам еді. Қисынға жүгінетін, қиялымен шолып, қиырларға ұшатын. Зау биіктен көрген, көңіліне бүккен мәселені нысанаға алатын. Ендігі жерде сол тақырыбын қаузайтын, тінтетін, тірілтетін. Көзінен де, көңіл дүрбісі жырақты шолатын. Оның «Шыныңа көш, тарих! Шыңғыс хан кім?» деп алғашқы жазған кітабының өзінен асқақ дауысты, зор үнді естуге болады. Сол «старт» алған нүктесінен алға жылжып, Уильгелмь Рубрук пен Плано Карпиниге жеткенде оның бағытының дұрыс, көмбесінің анық екенін өзі де сезіп, сергіп сала береді. Алдындағы жинаған күллі кітаптары мен архив деректері оның пайымының парасатты, шешімінің шегеленгенін көрсетті. Сегіз ғасырдан бергі әңгіме афсаналарды, жазылған кітап пен аңыздарды, құпия шежірелер мен бұрмаланған бұлтақы баяндауларды қайтадан екшеп, електен өткізеді. Біздер оның зерттеген кітаптары мен оқыған шығармаларын былай қойғанда, жинақтап, жазып қолға ұстатып кеткен он томының өзін қорытып, сіңіріп алсақта оңай емес екенін анық сеземін. Ендігі жерде шыңғысхантану мен тілеубердітану ғылымы қатар жылжиды. Марал Ысқақбай ағамыз айтқандай, «Қаласаң да, қаламасаң да, Тілеуберді дариясын кешпей амалың жоқ».
Жуықта бір оқымысты бауырыммен жолығып, Тілеуберді туралы сөйлесіп қалдық. Ол: «Тілеубердінің кітаптары заказбен жазылған» деді, шімірікпей. Мен одан: «Ең кемінде бір кітабын оқыдың ба?» деп, сұрадым. Ол «Ондай тапсырыспен жазылған кітапты оқып қайтемін!» деп қарап тұр. Тілеубердіні тануға оның нәпсісі жібермей тұр, тағы бір жағынан, жалқаулық, шалағайлық байқалады. Егер ол жоқ дегенде бір шығармасын толық оқып шығып, маған дәлелді дау айтқанда оның жөні бөлек болар еді. Оның айтқаны әшейін «көп айтса, көнді, жұрт айтса, болды», Өйткені «тексеріп, зерттемегеннің сөйлеу құқы жоқ». Мен білетін Тілеуберді Керейдің шұбарайғыр деп аталатын руынан болса да, онда рулық нысай болған емес. Абай атамыз айтқандай ол – «Атаның баласы емес, адамның баласы» болып өмір сүрді. Ол ешкімнің тапсырысын орындаған жоқ. Тіпті Жалайыр Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев президент болудан отыз жыл бұрын Шыңғыс хан тақырыбымен толғата бастаған болатын. Көзі жеткен ақиқатты айтты, шындықты дәлелдеуге барын салды. Ол – қазақстан тарихына ғана емес, әлем тарихына өзгеріс енгізуді көздеді. Оның пайымы мойындалмаса да, Шыңғыс хан шындығын көзге түртіп көрсетіп кетті.
Осы он томдықпен бірге «Тілеуберді Әбенайұлы және қазақ тарихы мен этнографиясы» деген бір кітап шықты. Авторы тілеубердітанушы, этнограф жазушы Данияр Әлбозым. Бұл жинақ Тілеубердінің өмірі мен оның шығармашылығына арналып жазылған. Осы күнге дейін шыққан ғалымның 15 кітабына шолу жасай отырып, Әбенайұлының біз біле бермейтін қырлары мен сырларына тоқталады. Бұл еңбек он томдық толық жинаққа кірудің «кілті» деуге тұратын шығарма. Екінші жағынан авторды зерттеудің алғашқысы болу сипатымен құнды.
Мен Тілеуберді Әбенайұлын 2007-жылдан бері жақсы білемін. «Әдебиет айдыны» газетіне алғашқы мақаласын басқалы бері жақыннан сөйлесіп, сыр бөлісумен келдім. Ол Алматының сыртындағы шағын аудандарда квартира жалдап жүріп, жазуын жалғастырды. Бір жолы әңгімелесіп отырып, жұмыстан кештеу шығып оны тұрағына алып бардым. «Шаңырақ» ықшам ауданының бір бұрышында жалға алған времянкада тұрып жатыр екен. Қыс кезі болатын, бөлмесі тастай суық, таңнан бері от жанбағаны ызғарынан сезіледі. Аядай бөлмеде от жағатын пеште, жазу үстелі де, жатын орны да сонда. Сырттан көмір әкеліп от жаға бастады. Мен одан, «Келіншегіңіз бір жаққа кетіп пе еді?» деп сұрадым. Ол, «Келіншегім қытайда мұғалім болып істеп жүр. Мен мұнда жалғызбын» деді, асықпай. Мен сабырсызданып, «Жазып жатқан дүниелеріңіз бар, зерттеу тақырыбыңыз ауқымды. Шәй-тамағыңыз қалай болады?» деген едім, ол, «Келіншегім қытайдағы жұмысынан қол үзген жоқ. Алған жалақысының жартысын өзіне қалдырып, жартысын маған жіберіп отырады. Мен соның салған ақшасына күн кешіремін де, жазуымды жалғастырамын. Егер оны шақырып алсам, жағдайымыз қиындап кетеді ғой?!» деді, ештеңені жасырмай. Кеңсірігім ашып, іштей толқып кеттім. Ер азамат, жайсыз бөлмеде, жападан жалғыз әлем тарихына түрен салып, төңкеріс ашып жатыр. Қасында бабын тауып күтетін жары жоқ. Басында жайлы қоныс, жақсы тұрағы жоқ. Соның өзінде ештеңе болмағандай, том-том кітаптардың арасында өрмекшінің аяғындай қимыжық қытайдың ескі әріптеріне қадала қарап, жұмыс істеп отыр!..
Иә, ол қытайдағы 2017 жылғы «саяси лагерь» басталғанша, бір өзі жанкештілікпен өмір сүрді. Құдай қосқан қосағы Бәтидің арғы беттен жіберіп отыратын тиын-тебенімен күн көрді. Пандемияның алдында ғана жары шекарадан өтіп, қасына келді. Тілеуберді жарық көрген кітабын дүкендерге апарып қоятын. Қыртысты қалың том, тарихты сөз еткен кітаптары бірден өте қоймайды. Сонда да айына бір рет кітап дүкендерін аралап шығып, түскен ақшасын жинап қайтатын. Сол жолында редакцияларды да сүзіп шығып, пәтереріне тура бет алатын. Одан өзге жиналыстарға, той-томалаққа барғанын ешқашан көрген емеспін. Шынында орынсыз басқосулар мен мағынасыз думандарға аттап баспайтын. Кей түндері келген шабытты кері қайтармай, ұзақ таңға көз ілмей отырып, жерге жарық түскенде барып көз шырымын алатынын білемін. Әне сондықтан болар 15 жылда, 15 кітап жазып үлгерді. Мүмкін асыққан шығар, өйткені ол небәрі 57 жасында өмірден өтті.
Шығармашылықта ол шынымен оқшауланды. Оның айналасы бірдеме жазып жүргенін білсе де, не жазып жүргенін, қандай қиындықпен қалам тербеп отырғанын сезінген жоқ. Оның жаназа намазында, асында осынау өзіме аян болған жағдайын айтқанымда, олар үлкен толқумен тыңдап еді. Мен Тілеубердінің ғылымға деген махаббатына үлкен құрметпен қарадым. Әр кітабы жарық көрген сәтінде шетінен оқып отырдым. Ойламаған әлемді алдыма тартып, біртіндеп бойыма сіңіре берді. Оның келтірген деректеріне, талдап таразылауына, бұлтартпас айғақтарына қарап, таңдай қағып, тамсандым. Қолымнан келген көмегімді көрсеткім келіп, көзінің тірісінде ол туралы «Тыңшыдан жеткен тың дерек», «Шыңғыс хан және Тілеуберді» деген мақалалар жазып жария еттім.
Тілеубердінің алған бетінен қайтпайтын қайсарлығына, бастаған ісінің соңына жетпей тоқтамайтын табандылығына тәнті болған Қожамұрат Үсенов адамгершілік танытып, көмек қолын созды. Тілеуберді Әбенайұлы пәтерден құтылып, баспаналы болды. Кітаптарының жарық көруіне көмектесті. Уақыты жетіп, дәм-ризығы таусылған соң, оның артында қалған құнды жәдігерлерін қайтадан басып шығаруға отыз жігіт атқа қонды. Әрине, осы үлкен жобаның басында марқұмның бауыры Тілеубай Базарбекұлы тұрды. Нәтижесі мінеки, қолымыздағы жарық көрген он том. Әнеугүні Бексұлтан аға: «Тарихи тақырыпта артына он том жазып қалдырған мен білетін бірінші адам – Әлікей Марғұлан болса, екіншісі – Тілеуберді Әбенайұлы» деп, ойын ашық жеткізді.
Тілеуберді Әбенайұлы отанымызға оралғалы бері мүлде хабарсыз кеткен кездеріміз болған жоқ. Тек соңғы ауырып ауруханаға түсіп қалған бір айында байланысымыз үзілді. Менің байқауымша, ол тірісінде «Хылуетке» түсіп кеткен адам. Бес уақыт намаз оқымағанымен, тарихатқа еніп, софы болып кетпегенімен, оның айналысқаны – ғылым, ғибадаты – зерттеу, іздегені ақиқат болды. Соның жолында тойға барып билемеді, думандатып ән салмады, шарап ішіп шалқыған жоқ. Ол – Хылуеттегі дәруіштерше қызылды-жасыл дүниеден оқшау, адамдардан оңашаланып үздіксіз жаза берді, жаза берді. Жазғанда да, жаны сезген, көзі жеткен, машақаты мол, азабы ауыр жұмыстың соңына түсті.