Ильхам Әлиев 9 мамырдағы Мәскеу парадына барудан бас тартты

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Жеңістің 80 жылдығына арналған Мәскеудегі әскери парадқа қатыспайды.
Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді.
Бұған дейін Кремль 9 мамырда өтетін парадқа 29 елдің басшыларын, соның ішінде Әзербайжан президентін де шақырғанын хабарлаған болатын.
«Өкінішке қарай, Әлиевтің келмейтіні туралы хабар алдық. Баку оның Гейдар Әлиевке арналған ішкі іс-шараларға қатысуы қажет екенін айтты», — деді Ушаков.
Ресей мен Әзербайжан арасындағы қатынастар 2024 жылдың желтоқсанында Қазақстанда орын алған ұшақ апатынан кейін салқындай түсті. Ильхам Әлиев Мәскеудегі 9 мамыр парадына соңғы рет 2015 жылы қатысқан болатын.
Айта кетейік, Әзербайжан әуе компаниясының Бакуден Грозныйға бет алған ұшағы 25 желтоқсан күні таңертең еліміздің Ақтау қаласына жақын жерде апатқа ұшырады. 38 адам қаза тапты. Euronews және Reuters агенттігінің Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің соққысы себеп болған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Грозный үстінде «пилотсыз ұшақтар әрекеті байқалып жатқанда» ұшаққа зымыран атылған. Зымыран ұшақтың жанында жарылып, оның бортына зақым келген.
Ресей үкіметі мұны растаған жоқ. Апаттан екі күннен кейін Росавиация басшысы Дмитрий Ядров ұшақ Грозный әуежайына қонуға кіріскен кезде қалаға пилотсыз ұшақтар шабуыл жасағанын айтты. Ол ұшақ командиріне Ресейдің басқа әуежайларына қонуға ұсыныс жасалғанын, бірақ ол Ақтаудағы әуежайды таңдағанын айтты. Бұл ретте Euronews арнасының Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзі зақымдалған әуе лайнерінің экипажы шұғыл қонуды сұрағанын, бірақ ресейлік әуежайлардың ешқайсысына қонуға рұқсат етілмегенін хабарлады.
28 желтоқсанда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, «Ресей әуе кеңістігінде болған қайғылы оқиға» үшін кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
6 қаңтарда Әзербайжан президенті Әлиев ұшақ апатына кінәлілерді жазаға тартуды талап етті.