Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 13:31

Империяның соңғы күндері (КСРО-ны тарату туралы құжатқа қол қойған Әнуар Әлімжанов хақында)

Әнуар Әлімжанов
Әнуар Әлімжанов

  Ол күндер тарихқа айналды...

Жетпіс төрт жыл өмір сүріп, адамзат өмірбаянына Кеңестер Одағы деген атпен енген ұлы империяның соңғы күндері есіме түскен сайын 1991 жылдың суық қара күзі мен қайыршылық, жоқшылық өкпесін буып, қолқасын қапқан Мәскеу жадымда жаңғырады...

«...Міне...

Бір кездегі аты алты әлемді дірілдетіп, абырой-беделі алты құрлыққа тарап, дүркіреген ұлы империяның астанасына біз тоқтағалы бір ай, алты күн болды. Мақсат жалғыз – конфедеративтік одақ орнату. Қазақстан жұртшылығы мен Қазақ Президентінің ұсынысына жан бітіріп, жаңа Одақ туралы Шартқа жеті жұрттың (Ресей, Қазақстан, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Қырғыз Республикасының) көзін жеткізіп, келісімін алып, қолын қойдыру...

Әзірге уақыттың біразы Алматы мен Москва арасындағы жолға кетіп жүр...

Дүние тынышсыз...

Москва мөңкіп жатыр...

Әлем алаңдаулы...

Батыс та, Шығыс та демін ішіне тартып, қолында жер тіршілігін жермен-жексен етер құдыретті ядролық қаруы бар алып елдің қатулы қабағын үнсіз бағып, сескенулі...

Біздің міндет – тым құрыса «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» әрекет жасап, мына ыдырап, сетінеп, күйреп бара жатқан ұлы жұртты «қарғыс отына» ұрындырмай, өз республикаларымызды, әлемді қатерден сақтау... Міндет пен мақсаттың қаншауы қолдан келер-келмесін ешкім білмейді... Ойласаң, жаның үрей құшағына көміледі... Тоғыз валды мұхитпен алысқан алып кеме елестейді көзіңе... Өкірген долы тұңғиықтың қорқынышты үні құлаққа жететіндей... Замананың үрейлі, сұсты дауысы...» деп жазыппын «Москва» қонақүйінің 951 бөлмесінде отырып, 1991 жылдың 26 қарашасы күні «Ой күнделігіне».

Ол күндерде елімізді алдан не күтіп тұр деген сауалға әулиелердің әулиесі де, көріпкелдердің көріпкелі де нақты жауап айта қоюы қиын еді... Бірақ... Әлем Кеңестер Одағы дейтін ұлы жұрттың бір қатерлі асудың қабағында тұрғанын сезді... Біз де сездік... Жүрек сезгенмен... Ой осыншама ұлы кеңістікті алып жатқан ұлы елдің қысқа мерзім ішінде тарих аренасынан кете қоярына алғашында сенбеді... 1991 жылдың суық күзінде болған тарихи оқиғалар империяның соңғы күндерін жақындата түсті.

Сол империяның соңғы күндерін көруге біреулер асықса, енді біреулер жандәрмен қарсылық көрсетіп, ескі жүйені қалпына келтіруге тырысты...

Сол күндерде, тарихтың таңдауы дейсіз бе, әлде тағдырдың шешімі дейсіз бе, империяның өз өмірін тоқтатқанын айдай әлемге жария етіп, тарихи құжатқа қол қойған адам – Алаш жұртының ардақты ұлдарының бірі, көрнекті жазушы, жүйрік журналист, беделді қоғам және мемлекет қайраткері, ҚСРО Жоғарғы Кеңесінің Жоғарғы Палатасының (Республикалар Кеңесінің) Төрағасы Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов еді.

Бұл қызметте Әнекең 1991 жылдың 29 қазаны мен 1991 жылдың 26 желтоқсаны аралығында үш күні кем екі ай отырды.

Иә...

Жиырмасыншы ғасырдың кітап оқитын қалың қауымы мен Қазақ Елі Әнуар Әлімжанов есіміне қанық. Әнекеңнің өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдарынан бастап, берісі – ұлт, әрісі әлем әдебиетінің өркениет төрінен көрініп, айтулы оқиғалар мен рухани шаралардың құлағында жүргенін Қазақстан жұртшылығы жақсы біледі. Әлімжанов қаламынан туған «Ұстаздың оралуы», «Жаушы», «Көгілдір таулар», «Отырардан жеткен жәдігер», «Махамбеттің жебесі» секілді ұлт әдебиетінің беделіне бедел қосқан көркем туындылары – ұлт көркемсөзінің тұтас бір кеңістігіне айналған іргелі классикалық шығармалар...

Әнуар Әлімжанов Қазақстанның рухани өмірінде көрнекті қаламгер (жазушы, журналист) ретінде қалай еңбек етіп, тер төксе, табанды басшы, қажырлы қайраткер ретінде де солай еліміздің жарқын беттерін молайтып, көркейтер ұлан-асыр тарихи істердің бастауында тұрған ірі тұлғалардың бірі, бірегейі болды.

«Өткен өмір – аққан су» дейді біздің халық.

Әнекеңмен бірге болған, ағалы-інілі болып қоян-қолтық араласқан күндер тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып барады. Жадымда қалған өмір тараулары мен беттеріне үңілген сайын, көз алдыма ағаның бойындағы жайшылықта «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып көрінер қарапайымдылықтың төркінінде кең мінезді, кемел ойлы, үлкен жүректі, ұлтжанды тұлғаларға тән табандылық пен күрескерлік, қайсарлық пен ұстамдылық жатқан болмысын тануға болар еді… Ол үшін қоғамдық ортада жайдары күлкісінен жаңылмай жүретін: «Нағыз кең бітімді, жалаң қылыш Әлімжановты – Әнуар Тұрлыбекұлын танығың келсе, өмір мен қоғамның принципті мәселелері дауға түскен тұстарда, қызмет бабындағы шешуші мәселелерде, ұят намысы сынға түскен жойқын әңгімелерде, қаhарлы шайқастарда, т.т. азаматтық бітімі сынға түсер жауапты кезеңдерде көру керек!» – деуші еді Сайын Мұратбеков.

Мен, өз басым, Әнуар Әлімжановтың «айдың арғы беті» секілді былайғы жұрт біле бермейтін осындай қырларының сан мәрте куәсі болған адаммын.

Әнекеңмен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінде (ХІІ шақырылымында) «халық депутаты» дейтін жауапкершілік жүгін қатар арқалап, еліміз Тәуелсіздікке бет түзеген тарихи кезеңде ұлт пен ұрпақ болашағы үшін «майдандасқан» жылдарда бірге жүрдік. Ол кісі жаратылысынан біреудің ала-жібін аттауды білмейтін, аса биік мәдениет пен асқақ мұраттарды жүрегіне тұмар етіп түйген, шынайы ұлттық ойлау биігіне көтерілген тұлға болатын.

Әнекеңнің сол мінезіне Қазақстан Жазушылар Одағына басшылық жасаған жылдарында қалай көзіміз жетсе, Парламент қабырғасында жүргенде де көзіміз жете түсті. Есімі әлемге танымал қаламгердің ғажайып қарапайымдылығына көп депутаттар сүйсінуші еді...

1991 жыл есіме түсіп отыр...

Мақала басында айтылғандай, Кеңестер Одағының уық-шаңырағы шайқалып, жер-әлем теңселіп жатқан сұрапыл кезеңде, дәлірек айтқанда, тарихқа «алтыншы империя» болып енген ұлы жұрттың ыдырау қарсаңында Мәскеуге – кәрі Кремльге аттанған 20 депутаттың құрамына жазушы-қаламгерлерден Әнуар Әлімжанов екеуміз кірдік.

1991 жылдың 19 қазаны. Біз мінген ақ лайнер «Домодедово» аэропортына келіп қонып, араға аз-кем уақыт салып, Москваның қақ ортасындағы «Москва» қонақүйіне жетіп қоныстандық. Тіркеуден өттік. Қолымызға «КСРО-ның халық депутаты» деген мандатты (мүшелік билетті) алдық... Сонымен... Жеті елдің 135 халық депутаты 20 қазан күні өз жұмыстарын бастады. Қос палатаның Жоғарғы палатасына кірген 135 депутат Беларусь, Қазақ КСР, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түркмения, Өзбекстан Республикасынан келген депутаттардан жасақталды. Мұның сыртында Одақтар Кеңесі дейтін төменгі Палатаға елдің түкпір-түкпірінен келген 115 халық депутаты мүше болды. Әзербайжан мен Молдова депутаттары бақылаушы ретінде тіркелді.

Алғашқы күні де, кейін де Алматыдан шыққанда құлағымызға «құйып», жүрегімізге түйіп шыққан Жаңа Одақтың Шарты ара-тұра айтылғаны болмаса, күн тәртібіне кірген жоқ. Күн тәртібіне кірген басты мәселе – қоғамның тыныштығы мен ынтымағын орнықтырып, осы кеңістіктегі халықтардың бірлігін қамтамасыз ету! Көріп отырсыздар, ыдырау қарсаңында тұрған алып империяның жан шақыруы секілді әңгіме.

Күн тәртібіне енген ұран мен Кеңестер Одағы дейтін ұлы кеңістіктегі өмір ақиқаты мен шындығы екі бөлек. Біріне-бірі үйлеспейді. Біз – соны жүрегімізден өткізіп, санамызда қорытып келіп отырған жеті жұрттың халық сайлаған өкілдеріміз... Мысалы, маған Жоғарғы Кеңестің жаңадан жасақталып жатқан құрамы да, күн тәртібіне ұсынып отырған «сақтану», «қорғану» секілді «маңызды» мәселелері де уақытша жан сақтау секілді болып көрінді...

Иыққа түскен ел міндеті мен уақыт жүгін көтеру – парыз. Ұлт ұпайын түгендеп, кеңістіктегі алашұбар әңгімелердің жолын кесу, ең бастысы, осы кеңістіктегі Қазақ Елінің мемлекеттік тұтастығын сақтау! Біз үшін – басты мақсат!

Құрылып жатқан қос палаталы Парламенттің, қанша күн, қанша мерзімге созылары белгісіз, бүгіні – күмәнді, болашағы тұманды болғанымен, жаңа құрамдағы Кеңестер Одағы Жоғарғы Кеңесінің әр жиынына, әр басқаруына барынша қызу араласып отырдық.

Сондай күндердің бірінде Әнуар ағамыз маған қадала қарап, ұзақ ойланып барып сұрақты төтесінен қойды.

– Нұрлан, сен осы болып жатқан мына өзгерістерге сенесің бе? Біздің елге пайдалы ма? Жоқ па? – деді.

– Сіз ше? – дедім мен.

– Күдігім көп... Күмәнім қалың... – деді ол кісі.

– Менде де... Күдік көп... Күмән басым... – дедім.

– Ендеше, өздерің сенбейтін шаруаға неге осынша ақ тер, қара тер болып жүрсің? – деп жылы жымиды.

– Сізді төрағаға өткізу үшін жүрген жоқпыз ба? – дедім мен төте сұраққа тура жауап беріп.

– Мәселе төрағалықта емес. Мәселе, Қазақ тәуелсіз ел бола ала ма? Жоқ па? Мәселе... Сонда! Тәуелсіздікті тезірек жариялауымыз керек! Қазақ – тамыры тереңде жатқан мықты халық. Бірақ... Санымыз аз... Өзің айтпақшы, жеріміз кең... Ұлы көршіміз өзін сақтап қалу үшін бәріне баруы ғажап емес... Тезірек ірге бекітуіміз керек! – деді.

Ойлы кескін...

Арада бірер күн өтті.

Ұйымдастыру жұмысының бәрі тиянақталып, Әнекеңді Республика Кеңесіне ұсыну мәселесі де бір жобаға келіп қалды. Әнуар Әлімжановтың кандидатурасы бірте-бірте ел көңіліне қонақтай бастады... Неше күндік дау-таластың ақыры консенсустық бітімге келіп, Өзбекстан кандидатурасын жақтағандар қатары «жеңіліс» тапты... Жоғарғы билік қалаған, қаламағанын білмейміз, Әнуар Әлімжанов кандидатурасы 5-2 деген басымдықпен алға шықты. Дауыс беру кезінде де осы басымдық ашық байқалды.

Жеті жұрттан келген жүйріктер ақыры Әлімжановты Жоғарғы Палатаның Төрағасы етіп сайлады. Консенсустық жолмен өткен бұл сайлауға Горбачев та, Ельцин де, Назарбаев та араласпады-ау деп ойлаймыз...

Сонымен...

29 қазан күні Республикалар Кеңесінің тізгіні Әнуар Әлімжановтың қолына тиді.

Бұл тақта Әнекең үш күні кем екі ай отырды.

«Әлімжанов Республика Кеңесінде отырып, не бітірді?» деген сұрақ маған жиі қойылады.

Бұл сұраққа қайтарар менің жауабым қысқа.

«Екі ай ішінде кетеуі кетіп, басынан бағы тайған елді ұстап тұру міндетін мойнына алған тарихи тұлғалардың, президенттердің қолынан келмеген жауапкершілікті Республика Кеңесін басқарған адам осындай қысқа мерзімде не бітіруі мүмкін...»

Ол кісінің сайланған күнгі сөзін мен архивімнің ішінен тауып алдым. Өз сөзінде Республикалар Кеңесінің Төрағасы: «Бұл араға біз әрқайсымыз өз еліміздің намысын жыртып, мақсатын орындау үшін келдік» деп қадап айтқан жеріне көзім түсті. Баяндама орыс тілінде жазылғандықтан, одан әрі мысалды да сол тілдегі нұсқасынан алғанды жөн көрдім...

«...Трудно не испытывать волнение, сметение, присутствия на похоронах, когда-то казавшихся прекрасными идей о лучезарном социализме, при разрушений, казалось бы вечных «гранитных» структур власти бывшего режима. Но, вглядываясь в прошлое, мы все больше и больше убеждаемся, насколько оно было жестким, лицемерным, двуликим. Отсюда вытекает задача – обрести доверие народа честным и бескорыстным отношением к своему делу, терпимостью и умением слушать друг друга, своей демократичностью и порядочностью, неприверженностью к административным формам правления, навсегда отбросив навязчивую идею о старших и младших, о сильных и слабых. В мире нет больших и малых народов по степени дарования, по таланту, а есть большие лишь по числу...

Мы делегированы сюда своими суверенными республиками для поисков путей и форм строительства нового демократического содружества народов на развалинах тоталитарной империи…» – деп еді Әлімжанов сөзінің бір тұсында.

Бұл сөздері «терісін ауыстыруға» тырысқан ескі жүйеге ұнамағаны анық еді. Оны кейін жиындарда сан аңғарып, сан сезіндік… Бірақ сол күні Әнуар Әлімжановтың баяндамасын депутаттар ұйып тыңдағаны есімде… Үлкен залдың дүркіретіп қол соққаны есімде… Залға үнсіз қарап, жымиғаны белгісіз, кейігені белгісіз, мінбеден ұзап бара жатқан Әнуар Әлімжановтың соңынан ұзақ қарап, үнсіз отырғаным есімде…

Әнекең төраға болып сайланған 29 қазаннан ұзаған сайын әлем де, Кеңестер Одағының алып кеңістігі де ширыға түсті. Күнделігімнің бетіне қонған мына бір сарғайған жазбалардан соны аңғаруға болады:

«Бүгін бір күтпеген жағдай болды… Шындап айтқанда, бұл күтпеген емес, күткен сөз еді. Бірақ дәл осылай өрескел, оқыс айтылар деп, көбіміздің ойламағанымыз рас. Қарт Кремльдің кең дәліздерін Орта Азияның бес республикасының қалың депутаттары оңды-солды еркін кезіп жүргені ұнамады ма? Әлде… «Конфедерациялық одақ» деген сөз көп айтылып, қытығына тиді ме? Қысқасы… Бір жиыннан бір жиынға өткен сайын, позициялары «әлсірей» түскен ресейлік депутаттар тарапынан түксиген қабақ көбейе түскенін аңғарып жүрміз… Бүгін сол пісіп-жетілген іштегі әңгіме сыртқа шықты.

Қазан айының 21-інен басталған қос палата арасында, турасын айтқанда, Россия мен өзге республикалар арасындағы «арбасу» табаны күректей бір ай, тоғыз күн дегенде сыздаған жараның аузы жарылғандай бір көрініс болды. Ресейліктердің «ашуы» лақ етіп, сыртқа шықты… Шықты да… Көп ұзамай, басылды… Онсыз да ондаған жылдар бойы өзінің «отыр», «тұрымен» әбден мезі қылған «билеуші» жұрттың атынан сөз сөйлеген Ресей депутациясының координаторы Александр Котенковтың айналасына ызғар шаша айтылған сөзі түрпідей естілді. Котенковтың сөзі бізді қойып, біраз ресейлік депутаттардың өзіне ұнамағанын көрдік. Жараны солқылдатқан іріңнің оннан бірі сыртқа шығып, тоғызы іште қалды… Соқтасы қалды орнында!.. Қанша жуып-шаймасын…

«Ұлы Россия сендерді қашанғы асырайды? Бұрынғыдай Россияның есебінен күн көруді ұмытыңдар! Әркім өз күнін өзі көретін кезең келді. Заман… Заман… деп, сұраншақтықпен, қайыршылық психологиямен қолды соза беруді қою керек! Россия түпсіз бөшке емес!» – деді.

Заман туралы сөз айтып тұрған ресейлік депутат-полковниктің мына сөзі залдың басым бөлігіне ұнамады. Алты республиканың намысына тиді… Алғашқылардың бірі болып сөз алдым. Сөз алдым да, полковник-депутатты сынға алдым. Алты республиканың мандатын арқалап келіп отырған әріптестерінен кешірім сұрауды талап еттім… Зал сөзіме қол соқты… Котенков қызарақтап: «Я хотел сказать…» деп жалтара сөйлеп, кешірім сұраудың орнына ақталып жатты…

Жиын соңынан Жоғарғы Палата Төрағасы Әнекең (Әнуар Әлімжанов) мені кабинетіне ертіп кіріп, қапсыра құшақтап: «Жарайсың! Ана шовинисті орнына қойғаның дұрыс болды! Өте дұрыс!» деді ақсия күліп. «Кешке дачаға кел. Сөйлесетін сөз бар» деді. Мен түс қайта Алматыға ұшып бара жатқанымды айттым… Әнекең шай алғызды. Шай үстінде Алматыны еске алды. «Мына кабинетте көп әңгіме айтуға болмайды. Кешке сөйлессек деп едім… Енді уақыт аз қалды… Біз сақтанбасақ болмайды. Қазақстанның жағдайын ойлауымыз керек! Тездетіп тәуелсіздік жариялауымыз керек! Мыналардан қайыр жоқ!» деді құшағын кең жайып. Мыналар деп отырғаны – империяның қожайындары ғой! «Жә! Жолың болсын! Қалған әңгімені артынан сөйлесерміз! Жігіттерге сәлем айт!» деді.

29 қараша, 1991 жыл

Мен кабинеттен шығып бара жатып, әлденеге қатты алаңдаған ағаның сұраулы жүзін көрдім. Сол жүз, сол кескін әлі күнге көз алдымда тұр...

Тарих – сыншы...

Тарих – тәлімгер...

Қалай десек те, сол ұлы тарихтың қойнауында қалып бара жатқан жаңа тәуелсіздену дәуірінің басы саналар өліара кезеңде 1991 жылдың 26 желтоқсаны күні Кеңестер Одағын тарату туралы құжатқа Әнуар Әлімжанов есімді қабырғалы қазақтың қайраткер ұлы, Алаш жұртының ардақты перзентінің қол қойғаны – ұлы тарихтың бұлтартпас ақиқаты!

Бұл – дәуір мен дәуір алмасқан, Батыс пен Шығыс арбасқан, ғасырлар қойнауынан келе жатқан әлем билігі үшін жүргізілген ұлы күрестің адамзат тарихындағы алтыншы империяның туын құлатып, жаңа жаһандану атты майдан кеңістігіне бет алған күн еді...

Біреулер өтпелі кезең десе, біреулер тәуелсізденудің басы деп айтатын, мен шет-жағасын көрген империяның соңғы күндерінің бір ақиқаты – осы.

Нұрлан ОРАЗАЛИН,

ақын,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

1990-94 ж.ж. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі

ХІІ Шақырылымның халық депутаты,

1991 жылғы КСРО Жоғарғы Кеңесі Республикалар

Кеңесінің халық депутаты