Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:58, 28 Қазан 2025

Индустрия министрлігі: су бағасы өспейді, есеп айқындалады

ауыз су
Фото: ашық дерек көз

Индустрия және құрылыс министрлігі сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін есептеу тәртібінің жаңа әдістемесін енгізді. Құжаттың негізгі мақсаты – төлем жүйесіндегі ашықтықты арттырып, тұтынушылар арасындағы әділетті есеп жүргізуді қамтамасыз ету.

Министрлік мәліметінше, жаңа ережелер судың бағасын қымбаттатпайды, тек есептеу механизмін өзгертеді. Бұған дейін кей көпқабатты үйлер мен тұрғын аудандарда су шығыны жалпы есептегіш арқылы анықталып, барлық тұрғындарға ортақ көлемде бөлінетін. Нәтижесінде кей отбасылар нақты тұтынған мөлшерінен артық ақы төлеп келген.

«Енді әр пәтер немесе нысан өз пайдаланған көлемі үшін ғана төлейді. Бұл тұтынушының жауапкершілігін арттырып, суды үнемдеуге ынталандырады» – деді индустрия және құрылыс министрлігінің Су ресурстарын басқару департаментінің өкілі.

Жаңа әдістеме есеп-қисап жүйесін цифрландыруды да көздейді. Су арналарындағы деректер бірыңғай ақпараттық базаға жиналып, тұтынушыларға онлайн форматта ұсынылады. Бұл – артық есеп пен есептеу дауларының алдын алуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта елдегі су инфрақұрылымының тозуы 60 пайызға жуық. Сарапшылардың пікірінше, жаңа есеп жүйесі саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады. Өйткені нақты дерек пен ашық тарифтік саясат – кез келген инвестор үшін сенімді негіз.

Экономист Дәурен Арынның айтуынша, тарифті әділ есептеу – экономикалық тұрақтылықтың бір тетігі.
«Егер тұтынушы нақты пайдаланған көлемі үшін ғана төлейтін болса, бұл әлеуметтік шиеленісті азайтады әрі коммуналдық саладағы сенімді арттырады. Мұндай жүйе барлық табиғи монополия саласына енгізілуі керек» дейді сарапшы.

Индустрия және құрылыс министрлігі алдағы кезеңде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, есептеу жүйесін жетілдіру және инфрақұрылымды жаңғырту шараларын жалғастырмақ.

Сарапшылардың пікірінше, су есебінің жаңа әдістемесі тариф саясатының техникалық өзгерісі ғана емес,елдің ресурстық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам.