«Инфляция 4-6 пайыз емес», үкімет шындықты бүркемелеп отыр
![None](/static/img/image.jpg)
Өткен аптадапрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында ел дамуының жаңартылған болжамы және республикалық бюджетті нақтылау жөніндегі ұсыныстар талқыланды. Отырысқа қатысқан премьер-министр Асқар Мамин, президент әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошанов, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев және басқалар экономикалық дамуымызға қатысты жайттарды талқыға салды.
Жоспар көп, ал жорамал дөп пе?
Жорамал бойынша биыл ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі бекітілген көрсеткіштен 0,3 пайызға артып, 3,1 пайыз деңгейінде болмақ. Елде инфляция деңгейі 4-6 пайыз аралығында сақталып отыр. Осыған байланысты президент Тоқаев үкіметке бюджет шығындарын оңтайландырып, кірісін арттыру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, инфрақұрылым мен цифрландыруды дамыту, сондай-ақ жекешелендірудің кешенді жоспары аясында мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту жұмыстарын жандандыру жөнінде тапсырма берді. Болашақта экономиканы одан әрі тұрақтандыру үшін автомобиль жолдарын дамытуға, «Ауыл – ел бесігі» жобасын одан әрі іске асыруға, экономиканың неғұрлым зардап шеккен салаларындағы кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға, «Жұмыспен қамтудың жол картасын» жүзеге асыруға және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қосымша қаражат бөлінетін болады. Сондай-ақ пандемиямен күреске бөлінетін қосымша қаржы дәрігерлерге үстемеақы және медициналық қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалады. Сонымен қатар әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге, су тасқынына қарсы іс-шараларға, сумен қамтамасыз ету және су тарту жүйелерінің құрылысы мен оларды жаңғыртуға қаржы бөлу жоспарланған.
Болжам мен шындық арасы
Экономикалық даму тұрғысында осындай позитивті болжамдар айтылғанымен, сала мамандарының бірқатары мұнымен келіспейді. Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтің айтуынша, бүгінде болжам мен шындық арасы аса үйлесіп тұрған жоқ.
– Есепке жүгінсек, коронавирус Қазақстанды 7,7 триллион теңге немесе 18,4 миллиард доллар шығынға отырғызды. Былтыр ішкі жалпы өнімнің 2,9 пайызын жоғалтып, оны биыл қалыпқа келтіреміз деген болжам болған. Бірақ бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша тек экономиканың нақты секторының өсіп, шағын және орта бизнес, қызмет көрсету салаларының әлі де қиын кезеңді бастан кешіп отырғаны белгілі болды. Қазір қызмет көрсету саласы, болжамды есеп бойынша, кем дегенде 20 пайызға қысқарды. Енді мұны қалпына келтіруге екі-үш жыл кететін болады. Үкімет оптимистік болжамдарды асығыс айтып отыр, – дейдіЖұмаділда БАЯХМЕТОВ.
Маман алға тартып отырғандай, бұл жерде үкімет экономиканың нақты секторына, оның ішінде тау-кен және өңдеу өндірісіне сеніп отырған болар. Бірақ шағын және орта бизнестің құлдырауы шын мәнінде макроэкономикаға кері әсерін қатты тигізеді.
– Бір ғана салық тұрғысынан алайық. Мемлекеттік бюджет негізінен салық алу арқылы толығады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша жиналған салық көлемі 8,5 триллион теңге болған. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 700 миллиард теңгеге кем. Экономикалық белсенділіктің төмендеуі, шағын және орта бизнестің құлдырауы, жалпы, бизнес нысандарының салықтан босатылуы, мұнай бағасының күрт түсіп кетуі бюджетке түсетін салықтың көлемін азайтты. Осының барлығын саралай келе ойласақ, болжам мен шындық арасы үйлеспейтінін бағамдаймыз, – дейді экономист-ғалым.
Есептен неге жаңылыса береміз?
Сала мамандары әсіресе үкіметтің «инфляция 4-6 пайыз көлемінде сақталып тұр» деген пікірімен келіспейді. Мамандардың айтуынша, қазір тұтыну нарығында инфляция деңгейі 20 пайызға дейін артып, қымбатшылық тіпті еселеніп тұр. Бұған қатысты «Аналитик» талдау орталығының экономист-сарапшысы Наталья Гурева былай дейді:
– Алматыда 1,5 млн халық бар. Биыл қаладағы орташа табыс табатын халықтың азық-түлікке ай сайынғы тұтыну шығыны 123 338 теңгені құрады. Анықтағанымыздай, 123 338 теңгені үш баласы бар отбасы тек азық-түлікке ғана жұмсайды екен. Ал қосымша коммуналдық төлемге, жолақысына қаражат кетеді. Тапқан табысын тек ас-ауқатына жеткізетіндердің қатары көбейді. Мұны уәкілетті органдар сезінуі керек. Тұтыну нарығында инфляция 4-6 пайыз емес, 20 пайызға жетті. Сондықтан болашақта Ұлттық банк пен үкімет инфляцияны тежеудің заманға сай жолдарын меңгеруі тиіс. Олай етпесек, қымбатшылық қамыты бұқараны қысып барады.
Жалпы, елдегі қымбатшылық деңгейінің өскеніне қатысты сарапшылар бізде инфляцияны есептеу әдісі дұрыс қалыптаспағанын айтып отыр. Бұл реттеқаржыгер Ілияс Исаев:
– Қазір инфляцияның әлеуметтік мазмұны бүркемеленіп тұр. Мен де бұл арада «инфляция 4-6 пайыз» дегенмен келіспеймін. Бізде инфляцияны әрбір нарық секторы бойынша есептеу тетігі қалыптаспаған. Айталық, тұтыну нарығында инфляция қандай, өнеркәсіп саласындағы инфляцияның көлемі қанша, ІТ саласындағы инфляцияның көрсеткіші қанша – осының барлығы жеке-жеке есептелмейді. Үкімет жалпы экономиканың, ЖІӨ деңгейіне қарайды да, инфляцияны соған шағып, жалпылама есептей салады. Мысалы, қазір азық-түлік бағасы қатты қымбаттап кетті. Бірақ жалпылама есептеулердің нәтижесінде инфляцияны төмендетіп көрсетіп, көп шындықты бүркемелеп отыр. Сондықтан бізге нақты секторлардағы инфляцияны есептеудің тетігін қалыптастыру керек, – дейді.
Тақырыпқа тұздық:
Халық қашанға дейін тарығады?
Жалпы, мамандар экономиканы дамытуға, оның ішінде қымбатшылықты ауыздықтауға жаңаша әдістерді қолға алмасақ, келер жылы халық одан әрі тарығып, ауыртпалық бұқараның арқасына бата түсетінін алға тартты. Сала мамандарының байыптауынша, үкімет болашақта мына жайттарға аса мән беруі тиіс.
Біріншіден, тауар бағасын өсіруге бірден-бір әсер ететін дүние – коррупциялық қадам. Оларға кедендегі, жол үстіндегі және басқа да тексеруші құрылымдардағы заңсыз алым-салықтарды жатқызуға болады. Мұндайларға кеткен шығынды кәсіпкерлер тауар бағасына үстеме қосып, шығарып алуға тырысады. Міне, бірінші кезекте баға осылай шарықтайды. Екіншіден, мемлекеттік монополиялардың аздығы. Бұл ретте бірінші мұнай нарығының жекеменшік монополияға тәуелділігі ойлантуы тиіс. Мұнай өнімдерін сатудың жекелеген топтарға мүдделі болуы. Олардың бір-бірімен текетіресіп, бәсекелестерін болдырмау үшін нарықтан орын бермеуі бізде әбден өршіген. Үшіншіден, тендердегі заңсыздықтар. Мемлекеттік ведомостволық кәсіпорындардың астыртын монополия құруы. Тендерді тамыр-таныстық жайлаған. Бұл да нарықтық экономиканың заңына қайшы дүние. «Міне, ең алдымен осы мәселелер нақты шешімін таппаса, енді қымбатшылықты ауыздықтау да, экономиканы жандандыру да, нақты секторларды дамыту да қиынға түседі. Сондықтан үкімет осы мәселелердің салдарымен сауатты күресуі керек», – дейді сала мамандары.