Инфляциямен «СОҒЫС»: Үкімет неге шарасыз?!

Өткен аптада Ұлттық банк жылдық базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде қалдыру туралы шешім қабылдады.
Сарапшылар «бас банктің бұл әрекеті ай өтпей-ақ өзгеруі әбден мүмкін» деседі. Сала мамандарының пайымдауынша, қазіргі өсімнің қарқынымен келесі айдың аяғында-ақ базалық ставка жоғарыға «секіреді».
Жоспар бар, нәтиже қайда?!..
Жалпы, біздің үкіметте елді дендеген қымбатшылықпен күресуге қатысты жоспар бар. Былтыр Смайылов үкіметінің атқарушы билікке келген тұстағы ең бірінші міндеті осы инфляциямен күресу болған. Содан бері бір жыл өтті. Жоспар бойынша 2022 жылдың аяғында елдегі жылдық инфляция 8,5 пайызды құрауы керек еді. Өкінішке қарай, үкімет бұл үмітті ақтамады. Қазір өткен жылғы жылдық инфляцияның көлемі 20,2 пайыз болғаны анықталды. Тіпті Ұлттық статистика бюросы өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тағы 0,4 пайызға қымбаттағынын мәлім етті. Егер бұл деректі қоса есептер болсақ, елдегі азық-түліктің ғана қымбаттауы жылдық мәнде 23,3 пайызға шарықтаған болып шығады.
Осының бәрін саралай келе, бүгінде жұрт «Жаңа Қазақстанда» өмір сүрудің тым қымбаттап кеткенін, қоғамда аса бір өзгерістің байқалмайтынын қайта-қайта қаузап жүр. Ең қызығы, бізде мол астық өндірілгеніне қарамастан, нанның, ұнның және басқа өнімдердің бағасы шарықтап жатыр. Жаз бойы халық қат болған қанттың жолында қызыл қырғын болды. Күзде монополистер жылдағы әдетіне басып, коммуналдық төлем бағаларын өсіре қойды. Одан бөлек, Ресейден, Қытайдан келетін киім-кешектен бұрын іргеміздегі Қырғызстан мен Өзбекстан ұсақ-түйек заттарына дейін бізге қымбатқа сата бастады. Осы аралықта біздің үкімет әдеттегідей, халыққа түрлі-түрлі жобаларды ұсынып, «жаңалықтарға ұмтылып жатырмыз» деуден әрі аса алмай отыр.
Қаржыгер Тоғжан Шаяхметованың айтуынша, үкіметтің инфляцияны бұғаттаудағы қазіргі ұстанып отырған бағыты самарқау және сауатсыз. Мәселен, бұған дейін бізде «Қарапайым заттар экономикасы» деген бағдарлама жүзеге асуы керек еді. Басқасынан бөлек, осы бағдарламаны үкімет сауатты жүргізе алғанда, Қытайдан тым құрығанда, ине-жіп, шеге, кесе, қасық тәрізді ұсақ-түйектерді сатып алмайтын едік. Амал нешік, отандық өндірісі артта қалған ел ретінде біз бүгінде шиеттей нәрсенің өзін өзге елден алуға мәжбүрміз. Сонда қарапайым ғана шеге шығарудың тетігін таба алмай отырып, инфляцияны қалайша ауыздықтамақпыз?
– Қымбатшылықты жүгендеуге қатысты президент Тоқаев үкіметке қайта-қайта тапсырма беріп жатыр. Бұл ретте, ұлттық экономика министрлігі, қаржы министрлігі, сауда және интеграция министрлігі, бәскелестікті қорғау агенттігі тізе қосып, жұмыс істеуі керектігі де нақты айтылды. Әттеген-айы, бұл ведомстволардың елдегі монополистерді тезге салуға, «бағаны орынсыз өсіргендердің басы кетеді» деп тепсінуге, тіптен мысы жетпей тұр, – дейді Тоғжан Шаяхметова.
Соғысып жатқан елдер құрлы болмадық ба?!
Мамандардың пайымдауынша, шындап келгенде, көршісімен арасы шиеленісіп, соғысып жатқан Ресейде жылдық инфляция көлемі 12-13 пайыз, ал Украинада 26,6 пайызды құраған. Осы екі елмен ғана салыстырмалы түрде айтсақ, бізде ел-аман жұрт тынышта халықты қымбатшылық қамыты қысып барады?!
Бұл ретте, экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева:
– Негізінде, осы инфляциядан ірі инвесторлар пайда көріп отыр. Мысалы, қандайда бір инвестор инфляция әсер еткен нарықтарда активтерін сақтаса, олар шаш-етектен пайдаға кенеледі. Энергетикалық компаниялар энергия бағасы өсіп жатса, мұнай-газ компаниялары мұнай бағасы өссе, сол тәрізді тұрғын үйге сұраныс жоғары болса, үй салушы компаниялар үйлерді сату үшін жоғары бағаны талап ете алады. Шындап келгенде, бізде бұл нарықтың бәрінде олигархтар отыр емес пе?! Міне, қазіргі инфляция солардың пайдасына шешіліп отыр, – дейді.
Осылайша, маман алға тартып отырғандай, инфляция қандайда бір бизнесті бағалық қуатпен қамтамасыз ете алады және олардың пайда шегін арттырады. Сондай-ақ кәсіп иелері бағаны қолдан өсіріп, деңгейге жеткізілгендерді әдейі нарықтан ұстап қалуы да әбден мүмкін.
– Бізде мұндай жағдайдар көп кездеседі. Қолдан бағаны өсіру, тауар тапшылығын қолдан жасау – жекелеген мүдде үшін жұмыс істегенде жағдай осылай түзіледі. Қазір елдегі монополистер де, инвесторлар да үкіметке бағынайын деп тұрған жоқ. Олар жеке мүддесін көздеп, осылай істеп отыр. Олар біздің экономикаға «пайдасын тигізейін» деп отырған жоқ. Тапқан табысын оффшорға шығарып, бас пайдаларын ғана ойлап отырғандар өте көп. Осыдан барып, біздегі инфляция деңгейі соғысып жатқан елдермен деңгейлес болып қалды. Ақиқатын айтқанда, бізде инфляциялық соғыс жүріп жатыр. Рас, әлемдік тұрғыда жағдай қиын. Халықаралық өндіріс легі және тасымал жүйесі Ресей мен Украина арасындағы соғыстың салдарынан бұзылды. Бірақ үкіметтің сыртқы фактордан бөлек, ішкі факторларға қатысты қолданатын шаралары тегеурінді болуы керек. Соның бірі – елдегі бай-манаптарды, монополистерді тезге салу. Мұндайда үкіметтің пәрмені мықты болуы керек, – дейді сарапшы.
Ендігі міндет – сауатты бюджет жасау
Сөйтіп, инфляцияның бітпейтін жыры Смайылов үкіметінің соры болды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, үкімет инфляцияны биыл 9,5 пайызға дейін төмендетуі керек. Алайда сарапшылардың пайымдауынша, бізде тиісті шаралар қабылданғанымен, олардың нақты жүзеге асып жатқанын бақылау төмен. Мысалы, инфляцияны ауыздықтау мақсатында тұрақтандыру қорлары, «айналым схемасы», форвардтық келісім тәрізді шаралар атқарылды. Бірақ мұндай шаралардың басы, әжептәуір басталғанымен, аяқ жағы сұйылып, құмға сіңгендей болып кетті дейді мамандар.
Бұл ретте, бізге болашақта, ең алдымен, бюджетті толықтыру көздерін өзгертіп, қазынаға түсетін табысты әртараптандыру қажет болмақ. Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, бұған қатысты болашақта отандық өндірістің дағдарысқа шыдас беру иммунитетін қалыптастыру қажеттігіне басты назар аударған жөн. Бұл ретте, қажетсіз салаларға субсидия бөле беруді доғарып, бюджет қаржысын ұтымды пайдалану қажеттігін алға тартты.
«Субсидия бар жерде, ұрлық бар. Ол коррупцияға жол ашады. Сондықтан мынадай дағдарыс кезінде бюджет қаржысын ұтымды пайдалану үшін тегін қаражат бөлуді тоқтату керек, бәрінің қайтарымы бар», – дейді маман.
Бұдан бөлек, сарапшының айтуынша, бюджеттік табысты арттыру үшін Смайылов үкіметі, ең алдымен, шикі мұнайға деген тәуелділіктен арылуды ойластыруы қажет. Ол үшін балама энергия көздерін өндіруді дамытқан жөн. Алтын-күміс, руда, уран өндіру істерін қарқынды дамытып, жаңа технологияға жүгіне отырып, әрбір салада жаңалық ашуға бейімделіп, нано-биотехнологиялардың тілін меңгеру қажет болады. Бұған қоса, алыпсатарлық экономикадан арылу керек. Мұндай экономика импортқа тәуелді. Сондықтан отандық өнім өндіру жағына басты назар аударған абзал. Жерді дұрыс пайдалану жобаларын да мықтап қолға алған жөн. Елдегі жайылымдық жерлер, егістік жер, бос жатқан жерлерді игеру қазір өте маңызды. Жерді шаруаларға арзан несиемен беру жағын да ойластырған жөн. Жерсіз жүрген шаруаларды жермен қамту – қазір өзекті болып отырған тұс. Үкіметтің тағы бір ескеруі тиіс өзекті дүниесі – әр салаға шетелден мамандарды тартып, оған қыруар қаржы жұмсауды шектеу. Бұл арада отандық ғалымдардың ойына жүгіну тиімдірек болады. Себебі шетелден келген сарапшылар Қазақстанның аурасын, экономикалық қабілетін нақты біледі деп айту қиын.
Міне, болашақта Смайылов үкіметі қазіргі қалыптасқан жағдайдан ұтып шыққысы келсе, осы ұсыныстарды ескеруі тиіс. Бірақ үкімет мұны ескере ме, әлде мұндай қыруар шаруаның басын қайыруға сескене ме?! Әйтеуір, қанша жерден ұтымды ұсыныстар айтылса да, бұған дейінгі үкімет те, қазіргі үкімет те өз жоспарымен жүрері анық. Өкініштісі, сол жоспар мен жобалардың қызығын халық толыққанды көре алмай келеді...