Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:50

Инфрақұрылымдық даму. 4 бағыт, 204 жоба

Инфрақұрылымдық даму
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Елдегі көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын жеделдету мен инвестицияларды тиімді пайдалану мәселесі әлі күнге маңызды.

 Негізгі міндеттердің қатарында логистика мен көлік коммуникацияларын жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, шалғайдағы және ауылдық аудандарда азаматтардың өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлар жасау белгіленген. Бүгінде үкімет осы бағыттағы жұмыстарын жалғастыруда.

Мұндай ауқымды шаруаны өнімді әрі тыңғылықты жүзеге асыру мақсатында үкімет 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды әзірлеп, бекітті. Құжаттың міндеті – басым жобаларды айқындау, нысаналы көрсеткіштер мен инфрақұрылымның негізгі бағыттарын белгілеу. Осы бойынша Қазақстанның инфрақұрылымдық даму жоспары төрт негізгі бағыттан, жалпы саны 204 жобадан тұрады. Соның ішінде энергетикалық инфрақұрылым бойынша 46 жоба бар. Олардың қатарына жаңа объектілерді жаңғырту және салу, халықты газдандыру деңгейін арттыру арқылы сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету кіреді. Ал көлік инфрақұрылымы бойынша атқарылатын 59 жоба негізінен көлік дәліздерін дамыту, жолдарды реконструкциялау және теміржол желісін жаңғыртумен айналысады. Сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымы бағытына 89 жоба жоспарланған. Ол бойынша сумен жабдықтау, су бұру және сарқынды суларды тазарту объектілерін салу және жаңғырту шаралары атқарылады. Цифрлық инфрақұрылым жағынан 10 жоба инфрақұрылымды бақылау және басқару үшін цифрлық шешімдерді енгізуді мақсат етеді.

Айта кететін жайт, мұнда мемлекетке тиесілі ортақ жұмыстың басым бөлігін жергілікті билік өз мойнына алады. Мысалы, Алматы облысында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жылумен қамту, сумен жабдықтау, су бұру, электрмен қамту және газдандыру жүйелерін жаңғырту мен салу бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өз кезегінде бұл тек техникалық міндеттер ғана емес, халықтың өмір сапасын арттыруға, кәсіпкерлік, туризм мен әлеуметтік саланың дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған стратегиялық қадамдар.

Нақтырақ тоқталар болсақ, Алматы облысының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесіп 127 жобаны жүзеге асыруға кірісті. Оның ішінде жылумен қамту, электрмен жабдықтау, газдандыру, сумен жабдықтау және су бұруға қатысты жобалар басталды.

Әсіресе жылумен қамту мәселесі басты назарда. Биыл Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында 15 модульдік қазандықтың құрылысы басталды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Жоспарға сәйкес, алдағы жылыту маусымында 52 көпқабатты үй орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінде толық аяқталады деп күтілуде.

Жылу тұтынушыларының 98 пайызын халық құрайды. Олар үшін төмендетілген тарифтер қолданылатыны белгілі. Осыған байланысты жылу жеткізуші мекемелердің қаржылық тұрақтылығын сақтау мақсатында мемлекет тарапынан субсидиялар қарастырылған. 2025–2026 жылдары тұрақты жылыту маусымын қамтамасыз ету үшін 2,5 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 1,7 млрд теңгесі облыстық бюджеттен.

Сондай-ақ облыс көлемінде электрмен қамту бағытында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайтын 25 жоба жүзеге асырылуда. Оның 18-і – алдыңғы жылдан өтпелі жобалар болса, 7 жоба – жаңадан басталған. Бұлардың басым бөлігі биылғы күзде пайдалануға беріледі.

Өңірдегі көгілдір отын мәселесі де шешімін тауып жатыр, биыл облыстағы 13 елді мекенді газдандыру үшін 11 млрд теңге бөлінді. Бұған дейінгі кейбір жобаларда техникалық қиындықтар мен мердігерлер тарапынан жіберілген кемшіліктерге қарамастан, жұмыс қарқынды жүргізілуде. Кіші Байсерке, Еламан және Шілібастау ауылдарындағы жобалар жоспарға сай іске асуда. Тағы Қонаев, Алатау қалаларында және Қарасай, Жамбыл, Балқаш аудандарында жаңа құрылыс жұмыстары басталды. Жобалардың бірнешеуі инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылып отыр. Ал Матибұлақ, Достық және Тереңқара ауылдарындағы инфрақұрылым нысандары сәтті аяқталды.

Алматы облысында су мәселесі де өзекті. Себебі өңірде ауыз сусыз ауыл да, егіндіктер мен шаруашылықтар да жоқ емес. Былтыр сумен жабдықтау бойынша да, су бұру бағытында да біраз жоба басталған-ды. Қазір де 20 жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 1 300 шақырымнан асатын желілердің құрылысына 28,9 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда 19 жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, тағы 66 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып жатыр. Бұл жұмыстар аяқталған соң, өңірдегі су жүйелерінің тозу деңгейі едәуір төмендеп, халық сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етіледі деп күтіліп отыр.

Бұл жөнінде Алматы облысының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Айдын Бегімбетов:

«Біздің басты міндетіміз – облыс тұрғындарын сапалы және тұрақты коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету. Біз инженерлік инфрақұрылым мәселелерін кешенді түрде шешіп жатырмыз: тозған желілерді жаңғыртамыз, заманауи технологияларды енгіземіз, жеке инвестицияларды тартамыз және жобалардың орындалу мерзімі мен сапасына бақылауды күшейтеміз», – дейді.

Расында, инженерлік инфрақұрылымды дамыту тек тұрмыстық жағдайды жақсарту ғана емес, өңірдің экономикалық өсуіне, әлеуметтік тұрақтылыққа және инвестицияға жол ашатын міндеттер. Егер әр облыс пен аудан өз деңгейінде сапалы жұмыс істейтін болса, елдегі инфрақұрылымдық тозу деңгейі мен одан туындайтын мәселелер біртіндеп шешіле береді деуге болады.

Ақжол МЕЙІРБЕК

Алматы облысы