Инклюзивті білім беру – тең қоғам құрудың іргетасы

Ерекше қажеттілігі немесе мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, оларға көмек көрсету, қолайлы орта жасауға тырысу демократиялық елге тән құбылыс.
Азаматтардың қандай да бір жағдайларға, күйге, дертке немесе қажеттілікке тап болуы кездесіп жатады. Ал мұндайда мемлекет барынша өз азаматтарын қорғап, әлеуметтік көмек беріп, басқа да қосалқы әлеуметтік көмек тағайындап, жүріп-тұратын ортадан бастап, оқу, білім алу, жұмыс істеуге дейінгі жүйені ыңғайластырып, бейімдейді. Қоғам баршаға тең болу керек деген ұстанымның астында дәл осы ерекше қажеттілігі бар жандарға көмек көрсету де жатыр.
Мәселен, инклюзивті білім беру туралы айтуға болады. Мүмкіндігі шектеулі балалар мектеп жасында үйде отырып білім алатын еді. Оларға арнайы баңдарлама жасалып, педагогтар қатынап жүріп оқытатын. Әрине, бұл бала мен ата-ана үшін өте жақсы әдіс. Дегенмен, бала қоғамнан, қатарластарынан, олардың ортасынан тыс өскендіктен кейіннен оның адамдармен, айналамен коммуникация құруы қиындап кететінін уақыт дәлелдеді. Демек, адамның әлеуметтенуі баяулап, оның ортаға сіңісуі күрделене түседі. Осы мәселені шешу үшін 2015 жылы жаңа шешімдер әзірленді. Ол бойынша ерекше қажеттілігі бар балаларға қашықтықтан (дистанционно) оқыту бағдарламасы әзірленбек. Демек бұлдіршіндер сабақты онлайн форматта да оқи алатын болады деген сөз. Және оындай қажеттілігі бар оқушыларды біріктіріп, бір мектепте және жас ерекшеліктеріне сай бір сыныпта оқыту мәселесі де қаралған. Бұның бәрі де бастамасы. Ең игі бастамалардың бірі мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беретін орта мектептерде өз қатарластарының арасында оқыту болды. Осы мақсатта балаларға ыңғайсыздық тудырмауы үшін мектептерді арнайы материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету ісі де қаралуда. Бұл дегеніміз арнайы парталар, дәретханалар, тамақтанатын орын секілді қажеттіліктер. Сонымен қатар арнайы санитарлық бөлмелер мен медициналық бөлмелер, кіребреістегі пандустар мен компенсаторлық құралдар да ескерілмек.
Осының нәтижесінде балалар өз жасына сай ортада оқып, әлеуметтенуі шектелмейтін болады. Мемлекеттің осы бастамасы оңалту, сауықтыру сонымен қатар қоғамға қызу араластыру жұмыстарына жатады. Әрі ең бастысы балалар өз оқшау, бөлек сезінбейтін болады. Мұндай инклюзивті білім беру жүйесі екерше қажеттіліг бар оқушының құқығы өзгелермен тең болуын, өз жасына сай коммуникация мен қарым-қатынас орната алуын қамтамасыз етеді.
Осылайша жалпыға тең қоғам жасау сонау мектеп табалдырығынан басталады. Бұл әдіс әлем елдерінде өткен ғасырдың 70-80 жылдарында-ақ бастау алған болатын. Ал 1990 жылдардан кейін батыс елдері де осы үрдіске кқшті деуге болады. Ең жақсы тұсы, мұнда баланың қабылдауына сәйкес индивидуалды білім бағдарламасы құрыла бастады. Әрі ол қажеттілік ретінде назарға алынды. Ал еліміздегі инклюзивті білімге ресми ден қою «Қазақстан Республикасы Білім беруді дамытудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» алғаш рет қозғалды. Бұл бір жағынан әлемдік стандарттар мен тенденцияларға да байланысты бастау алған нәрсе еді. Қазақстан әлемдік білім кеңістігіне кіру үшін осындай игі бастамаларды әкеліп, өз тәжірибесіне енгізуде. Осының арқасында қоғамдағы тең қарым-қатынас қағидалары бойға сіңіріліп, физикалық немесе тағы басқа жағдайларға байланысты дискриминацияның болмауы назарға алынады. Арнайы қолайлы жағдай жасай отырып ерекше қажеттілігі бар жандарды қалыпты қатарластарымен бірге оқыту ешқандай факторларға қарамастан қоғамға сіңісу процесін жеделдетеді. Осы факторлардың бәрін ескере отырып, инклюзивті білім беру өте орынды әрі қоғамға қажетті бастама деп ауыз толтырып айтуға болады.