Иран: АҚШ пен Израиль Натанздағы ядролық нысанға соққы жасады
Иранның Атом энергиясы жөніндегі ұйымы Натанздағы нысанға жасалған соққыны «халықаралық заңдар мен міндеттемелердің, соның ішінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың бұзылуы» деп атады.
21 наурыз, сенбі күні АҚШ пен Израиль Иранның Натанз қаласындағы уран байыту кешеніне кезекті соққы жасағаны хабарланды. Бұл туралы Иранның Атом энергиясы жөніндегі ұйымы мәлімдеді. Ал АҚШ пен Израиль бұл ақпаратқа қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.
Ұйымның мәліметінше, техникалық бағалау нәтижесінде радиоактивті заттардың сыртқа таралуы тіркелмеген және жақын маңдағы тұрғындар үшін қауіп жоқ.
Иран бұл шабуыл туралы Халықаралық атом энергиясы агенттігін (МАГАТЭ) хабардар еткен. Агенттік өз кезегінде нысаннан тыс жерде радиация деңгейінің артқаны байқалмағанын және ақпарат тексеріліп жатқанын мәлімдеді.
Натанздағы ядролық кешен Исфахан провинциясында, Тегераннан шамамен 250 шақырым оңтүстікке қарай орналасқан. Бұл нысанның бар екені 2002 жылы белгілі болған. Ол – Ирандағы ең ірі әрі маңызды ядролық объектілердің бірі.
Кешен жер үсті және жер асты уран байыту қондырғыларынан тұрады. Мұнда 10 мыңнан астам центрифуга бар.
МАГАТЭ бағалауынша, Натанзда уран 60%-ға дейін байытылған. Ал атом электр станциялары үшін 3–5% жеткілікті болса, ядролық қару жасау үшін 90% деңгей қажет.
2025 жылғы жаздағы америкалық соққылардан кейін жер үсті центрифугалар жойылған. Алайда жер асты нысандарының зақымдану деңгейі белгісіз күйінде қалған.
АҚШ пен Израиль 2026 жылғы 28 ақпаннан бастап Иранға қарсы әуе соққыларын жалғастырып келеді. Бұл шабуылдар нәтижесінде Иранның бірқатар жоғары лауазымды тұлғалары қаза тапқаны хабарланған.
Иран өз кезегінде Парсы шығанағындағы көршілес елдерге ракеталар мен дрондар арқылы жауап соққыларын жасауда. Ресми Тегеран бұл шабуылдардың нысанасы – аймақтағы америкалық әскери базалар екенін айтады.
Сонымен қатар Иран шабуылдарының салдарынан Әзербайжан мен Еуроодақ құрамындағы Кипр де зардап шеккені хабарланды.