Иран АҚШ пен Израильге қатысты экономикалық нысандарға соққы жасауы мүмкін екенін мәлімдеді
Иран АҚШ пен Израильге қатысты банк және экономикалық инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Иранның «Хатам әл-Анбия» біріккен әскери штабының өкілі Ибрахим Зольфакари хабарлады.
Оның айтуынша, мұндай шешім Ирандағы банктердің біріне жасалған шабуылдан кейін қарастырылып отыр. Тегеран бұл шабуылға АҚШ пен Израильді кінәлап отыр.
Зольфакаридің мәлімдеуінше, егер шабуылдар жалғаса берсе, Иран қарсы тараппен байланысты экономикалық орталықтар мен банк құрылымдарына соққы жасауға дайын.
Сонымен қатар Иранның ИРСК-ке жақын Tasnim агенттігі Израильде және Парсы шығанағы елдерінде орналасқан бірқатар америкалық технологиялық компаниялардың инфрақұрылым нысандарын «ықтимал нысаналар» ретінде атады. Тізімге Google, Microsoft, Palantir, IBM, Nvidia және Oracle компанияларымен байланысты объектілер енгізілген.
Иран тарапы аймақтағы қақтығыс әскери нысандармен шектелмей, енді экономикалық және технологиялық инфрақұрылым деңгейіне өтіп жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін Тегеран соғыс басталғалы бері 1300-ден астам бейбіт тұрғынның қаза тапқанын және мыңдаған нысанның қирағанын хабарлаған.