Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Иран АҚШ-тың соғысты тоқтату жоспарын қабылдамады – БАҚ

Иран АҚШ
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Иран билігі АҚШ-тың ұсынған соғысты тоқтату жөніндегі жоспарын қабылдамағанын 25 наурызда мемлекеттік Press TV арнасы хабарлады.

«Иран АҚШ-тың ұсынысын қабылдаvfды», – делінген арна мәліметінде.

Тегеран өкілінің сөзінше,

«Соғыс қашан аяқталатынын Иран өзі шешеді, бұл Трамптың қалауы емес».

AFP агенттігі Исламабадтағы екі үкімет өкіліне сілтеме жасап, АҚШ-тың 15 тармақтан тұратын жоспары Иранға Пәкістан арқылы жеткізілгенін хабарлады.

The New York Times газетінің мәліметінше, бұл жоспардың ішінде Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіру және Иранның ядролық бағдарламасына қатаң шектеулер енгізу қарастырылған. Channel 12 (Израиль) телеарнасы хабарлағандай, бұған жауап ретінде Иранға салынған санкциялар алынып тасталуы керек. Жоспарға сәйкес, тараптар бір айлық уақытша бітім жариялап, осы кезеңде Вашингтонда келіссөздер өткізуі тиіс. Аталған жоспар Ирандағы билік ауысуын көздемейді.

Халықаралық әрекет: коалиция құрылмақ

Ұлыбритания мен Франция Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын қалпына келтіру үшін келіссөздер өткізуге ниетті. AFP дерегінше, 30-ға жуық елдің әскери өкілдері қатысатын кездесу осы апта соңына дейін өтуі мүмкін. Мақсат – бұғазды блоктан шығару үшін халықаралық коалиция құру.

Бұған дейін Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Жапония және Нидерланд қауіпсіз өтуді қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдауға дайын екенін мәлімдеген. Бұл мәлімдемеге тағы 24 мемлекет қосылған.

The Times газетінің мәліметінше, Ұлыбритания коалицияны ұйымдастыру үшін кездесуді Портсмутта немесе Лондонда өткізуді ұсынған.

БҰҰ арнайы өкіл тағайындады

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ирандағы соғысты реттеу үшін арнайы өкіл – Жан Арноны тағайындады. Бұған дейін Арно Ауғанстан, Колумбия және Боливияда БҰҰ өкілі ретінде жұмыс істеген.

«Бұл соғыс бақылаудан шығып кетті», – деді Гутерриш. Ол АҚШ пен Израильді әскери қимылдарды тоқтатуға, ал Иранды Парсы шығанағындағы елдерге шабуыл жасамауға шақырды.

WSJ: Иран жаңа талаптар қойған

The Wall Street Journal дереккөздеріне сүйенсек, Тегеран АҚШ-пен ықтимал келіссөздер алдында бірқатар жаңа талаптар қойған. Олардың ішінде:

  • Парсы шығанағындағы барлық АҚШ әскери базаларын жабу,
  • Америка мен Израильдің шабуылдары үшін өтемақы төлеу,
  • Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден салық алу.

Сонымен қатар Иран:

  • санкцияларды толық алып тастауды,
  • ядролық бағдарламасын сақтап қалуды,
  • соғыстың қайта басталмауына кепілдік беретін шарттарды,
  • Ливандағы «Хезболла» тобына шабуылдарды тоқтатуды талап етуде.

Екі жақты шабуылдар жалғасып жатыр

23 наурызда Трамп Иранмен «тиімді келіссөздер» жүріп жатқанын мәлімдеген еді. Ол сондай-ақ Иранның энергетикалық инфрақұрылымдарына шабуылды бес күнге тоқтата тұруға бұйрық берген.

Алайда Тегеран бұл келіссөздерді жоққа шығарды:

«Ешқандай келіссөздер болған жоқ және болмайды», - деп мәлімдеді.

28 ақпаннан бері АҚШ пен Израиль Иранға әуеден шабуыл жасап келеді. Салдарынан Иранның рухани көсемі Али Хаменеи және бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар қаза тапқан.