Иран әлемдегі ең ірі газ кешендерінің біріне соққы жасады
Тегеран «Оңтүстік Парс» газ кенішіне жасалған соққыларға жауап ретінде Қатар мен Сауд Арабиясындағы мұнай-газ инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасады. Эр-Риядта төрт адам жарақат алды.
Иран Парсы шығанағы елдеріне кезекті соққысын жасады. Қатар Қорғаныс министрлігінің 19 наурызға қараған түні хабарлауынша, Қатардағы Рас-Лаффан өнеркәсіптік аймағында орналасқан әлемдегі ең ірі мұнай-газ кешендерінің бірі баллистикалық зымыран шабуылына ұшыраған. Мемлекеттік QatarEnergy компаниясының мәліметіне сәйкес, нысан 12 сағат ішінде екі рет соққыға ұшыраған.
Кешен аумағында өрт шыққанымен, кейін ол бақылауға алынған. QatarEnergy Рас-Лаффандағы кәсіпорынға «елеулі зиян» келгенін мәлімдеді, бірақ қызметкерлер арасында зардап шеккендер жоқ екенін атап өтті. Қатар Сыртқы істер министрлігі бұл жағдайды «Иранның қатыгез шабуылы» және «ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп» деп бағалады.
Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта қағып түсірілген зымыранның сынықтары тұрғын ауданға түсіп, кемінде төрт адам жарақат алған. Жергілікті билік мәліметінше, зымыран қалдықтары астананың оңтүстігіндегі мұнай өңдеу зауыты маңына да түскен. Сонымен қатар, елдің шығысындағы газ кәсіпорны маңында дрон атып түсірілгенін Саудия Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Біріккен Араб Әмірліктерінде де Иран ұшырған дрондар мен зымырандарға қарсы әуе қорғаныс жүйелері іске қосылғанын елдің Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.
Бұдан бірнеше сағат бұрын АҚШ-пен бірге Иранға қарсы соғысқа қатысып жатқан Израиль Иран мен Қатарға ортақ әлемдегі ең ірі газ кен орны — «Оңтүстік Парсқа» соққы жасаған еді. Иран президенті Масъуд Пезешкиян мұның «бақылауға келмейтін салдарға» әкелуі мүмкін екенін ескертті.
Тегеран өз мәлімдемесінде шабуылдарға қатысы бар мемлекеттердің отын-энергетикалық және газ инфрақұрылымын нысанаға алатынын айтты. Айта кетейік, осы кен орны арқылы Иран өз ішкі газ қажеттілігінің шамамен 70 пайызын қамтамасыз етеді.