Иран әйелдер құрамасының капитаны Аустралиядан баспана сұрау өтінішін қайтарып алды
Иран әйелдер футбол құрамасының капитаны Захра Ганбари Аустралияда өткен Азия кубогына қатысып жүрген кезінде австралиялық биліктен баспана сұрау туралы өтінішін қайтарып алып, отанына оралуды жоспарлап отыр.
Бұл туралы BBC жазды.
Спортшы алдымен Аустралиядан Малайзияға ұшып, содан кейін Иранға қайтады. Бұған дейін дәл осындай шешімді команда делегациясының тағы төрт мүшесі — үш футболшы мен бір қызметкер қабылдаған.
Осылайша, Ганбари бұрын баспана сұраған ирандық делегацияның жеті мүшесінің ішінде өтінішін кейіннен қайтарып алған бесінші адам болды. Қазіргі уақытта Аустралияда тағы екі футболшы қалып отыр. БАҚ мәліметінше, олар әлі де баспана алуға ниетті.
Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары команда капитанының бұл шешімін оң бағалады. IRNA агенттігі спортшы «Отан құшағына оралып жатыр» деп жазса, Mehr агенттігі оның бұл қадамын «патриоттық шешім» деп атады.
Ал Аустралия билігі бұл жағдайға қатысты әзірге ресми пікір білдірген жоқ.
Иран әйелдер құрамасының Азия кубогына қатысуы АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттері басталған кезеңмен тұспа-тұс келді. Турнирдің алғашқы матчында футболшылар Ислам Республикасының мемлекеттік әнұранын орындамаған.
Кейін ирандық БАҚ бұл әрекетті қатты сынға алды. Ал келесі ойында футболшылар әнұранды орындап, патриоттық ишаралар көрсетті.
Құқық қорғау ұйымдарының пікірінше, алғашқы матчтан кейін ойыншыларға қысым жасалуы мүмкін. Атап айтқанда, Иранда тұратын олардың туыстарына қауіп төнуі ықтимал болған.
Бұған дейін екі футболшы мен команда қызметкері де Иранға оралған жағдайда қудалаудан қауіптеніп берген баспана туралы өтініштерін қайтарып алғаны хабарланған.