Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:15

Иран аймақтағы АҚШ пен Израиль университеттеріне соққы жасаумен қорқытты

Иран
Фото: Atta Kenare/AFP/Getty Images

Тегеран Таяу Шығыстағы қақтығыс шиеленіскен жағдайда аймақтағы америкалық және израильдік университеттерге соққы жасау қаупін мәлімдеді.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы мәлімдеуінше, АҚШ пен Израиль Ирандағы екі университетке жасалған шабуылдарды 30 наурыз күні Тегеран уақытымен түске дейін айыптауы тиіс. Әйтпеген жағдайда, аймақтағы университеттер жауап соққыларының нысанасына айналуы мүмкін.

ИРСК мәлімдемесінде америкалық және израильдік оқу орындары «заңды нысана» ретінде қарастырылатыны айтылған. Сонымен қатар мұндай университеттердің қызметкерлері, оқытушылары мен студенттеріне кампустардан кемінде бір шақырым қашықтықта болу ұсынылды.

Иран тарапының мәліметінше, бұған дейін Исфахан технологиялық университеті мен Иран ғылым және технология университеті соққыға ұшыраған. Ресми Тегеран бұл шабуылдарды елдің ғылыми және технологиялық әлеуетін әлсіретуге бағытталған әрекет деп бағалайды.

Қауіптер аясында Таяу Шығыстағы бірқатар университеттер қашықтан оқыту форматына көшті. Атап айтқанда, Бейрут американ университеті екі күнге онлайн режимге ауысатынын жариялады.

Сол сияқты Мадаба американ университеті 30 наурыз бен 2 сәуір аралығында офлайн сабақтарды тоқтатты. Ал Шарджа американ университеті де қосымша хабарламаға дейін онлайн оқытуға көшкенін мәлімдеді.

Сонымен қатар АҚШ елшілігі Бағдад Иран мен оған жақтас қарулы топтар Бағдад, Сүлеймания және Дохук қалаларындағы америкалық университеттерді нысанаға алуы мүмкін екенін ескертті. Бұған дейін Ирак аумағында АҚШ-қа байланысты нысандарға шабуылдар тіркелгені де атап өтілді.

Еске сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге, Парсы шығанағы елдеріне және аймақтағы америкалық нысандарға зымырандар мен дрондар арқылы соққы беріп келеді.

Бұған дейін БАӘ Ираннан шабуылдар салдарынан келген шығын үшін өтемақы талап еткені хабарланған. Сондай-ақ қақтығыс басталғалы бері Иранда 400-ден астам әйел мен бала қаза тапқаны туралы ақпарат тараған.