Иран президенті тікұшақ апатынан қайтыс болды
Иран президенті мен елдің сыртқы істер министрі тікұшақ апатынан қайтыс болды. Бұл туралы Mehr агенттігі хабарлады.
19 мамырда БАҚ Иран президенті мінген тікұшақ Иранның Шығыс Әзірбайжан провинциясына «апатты жағдайда қонғанын» хабарлады. Президент Эбрахим Раиси мен елдің Сыртқы істер министрі Хосейн Амир-Абдоллахиан мінген тікұшақ қалың орман алқабына құлаған.
«Иран халқы алдындағы борышын өтеп жүрген Ибрахим Раиси апатқа ұшырап, шәһид болды», - делінген агенттік хабарламасында.
Тікұшақта болған жолаушылар: Ибрахим Раиси, Хосейн Амир-Абдоллахиан, Иранның Шығыс Әзірбайжан облысының губернаторы Малек Рахмати және Ислам революциясы жетекшісінің Шығыс Әзірбайжан провинциясындағы өкілі аятолла Мохаммад Али Але-Хашем және тағы бірнеше адам қайтыс болды, деп жазады басылым.
Сонымен қатар, 73 құтқару тобы тікұшақты 10 сағаттан астам іздегені айтылады. Құтқарушылардың жұмысына ауа райының қолайсыздығы – қалың тұман, нашар жол және жаңбыр кедергі келтірді. Төтенше жағдай орын алған жерге жіберілген құтқару тікұшағы көру мүмкіндігінің нашарлығынан қона алмай, кері қайтуға мәжбүр болған.
ISNA агенттігі Иран үкіметі бір сағат ішінде Ибрагим Раисидің өліміне қатысты мәлімдеме жасайтынын жазды. Үкімет шұғыл жиынға шақырылды, деп хабарлайды Tasnim. Ибрагим Раисидің қайтыс болғаны туралы ақпарат құралдарының хабарын Иранның билік өкілі Мохсен Мансури растады.
Ал, елдің бірінші вице-президенті Мұхаммед Мұхбар уақытша Иран президенті болады. Иранның жаңа президенттік сайлауы 50 күн ішінде өтуі тиіс.
Фото: Iranian Presidency Office / AP