Иран ядролық қару жасауға қаншалықты жақын болды?

Иран билігі ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатта екенін мәлімдегенімен, Израиль тарапы бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – атом бомбасын жасау деп есептейді.
Израиль саясаткерлері мен әскери шенеуніктерінің айтуынша, Тегеран бұл мақсатқа өте жақын келген, сондықтан Ирандағы нысандарға жасалып жатқан соққылар дәл осы қауіппен түсіндіріледі. Өйткені Иран билігі Израиль мемлекетін жою ниеті барын бірнеше рет ашық мәлімдеген.
Халықаралық қауымдастықтың айтарлықтай бөлігі де Иранның ядролық бағдарламасында әскери әлеует бар деп санайды. Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро Иранның ядролық бағдарламасы Израиль мен Еуропа үшін «экзистенциялық қауіп» екенін атап өтті, бірақ қақтығысты шешудің ең тиімді жолы – дипломатия екенін де қосты. Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль де Иранмен келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.
Бейбіт ядролық бағдарламалар әдетте электр қуатын өндіру үшін атом электр станцияларын салуға бағытталады. Ал әскери ядролық бағдарламалар ядролық оқтұмсықтар әзірлеуге байланысты. Иран билігі өзінің ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатта екенін мәлімдеп келеді. Бұл пікірмен көптеген сарапшылар мен Батыс барлау қызметтері де келіседі: қазіргі уақытта Иран әлі ядролық қару жасамапты.
Дегенмен, уран байыту деңгейі алаңдаушылық тудырады. Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) дерегінше, Иран 60%-ға дейін байытылған 400 килограмнан астам уран жинақтаған. Бұл деңгей бейбіт мақсаттағы энергетика үшін қажет деңгейден әлдеқайда жоғары және ядролық қаруға жарамды 90%-дық межеге тым жақын. Егер уран 90%-ға дейін байытылса, бұл көлем шамамен он ядролық оқтұмсық жасауға жетер еді.
Қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Ханс Якоб Шиндлердің айтуынша, Иран уранды 60%-ға дейін байытуды үдетіп, зымыран сынақтарын жиілеткен. Бұл әрекетті АҚШ-пен келіссөздерде өз ұстанымын нығайту амалы ретінде де, ядролық қару жасау жолындағы тез қадам ретінде де қарастыруға болады. Алайда қазіргі геосаяси шиеленіске байланысты келіссөздер тоқтап тұр.
Қазіргі кезде Иранның уранды 90%-ға дейін байытқанына нақты дәлел жоқ. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бар уран қоры мен техникалық мүмкіндіктерін ескерсек, Иран бұл межеге қысқа мерзімде жетуі мүмкін. Израиль шабуылының алдында Иран тағы бір байыту зауытын іске қосқанын хабарлаған еді.
Алайда байытылған уран – ядролық қарудың тек бір бөлігі ғана. Иранға толыққанды ядролық қару жасау үшін оқтұмсық жасап, оны жеткізе алатын зымыран жүйесін де құрастыру қажет.
Израиль ядролық нысандармен қатар, ирандық ядролық бағдарламаға қатысы бар әскери қолбасшылар мен ғалымдарды да нысанаға алған. Спутниктік суреттер Натанз және Исфахан қалаларындағы екі маңызды нысанда әртүрлі деңгейдегі қиратулар болғанын көрсетіп отыр. МАГАТЭ бұл нысандарда шығындар болғанын растады, бірақ нақты көлемі белгісіз.
Иран жөніндегі сарапшы Вальтер Поштың пікірінше, Иранға келтірілген зиян «айтарлықтай елеулі». Оның айтуынша, «өлтірілген генералдарға қарағанда, ғалымдардың қазасы әлдеқайда маңызды. Олар бағдарламаны бастан-аяқ жүргізіп келген, ғылыми және ұйымдастырушылық білімдері мол тұлғалар болатын. Мұндай тәжірибелі кадрларды жоғалту – Иран үшін ауыр соққы».

Ядролық нысандардан бөлек, Израиль шабуылдары Ирандағы зымыран базалары мен жанармай қоймаларына да бағытталған.
Иранның ядролық бағдарламасы 1950-жылдарға, АҚШ қолдаған шах режимінің тұсына барып тіреледі. Ол кезде АҚШ қолдауымен «бейбіт атом» саласында зерттеулер басталған. Алайда 1979 жылғы ислам революциясынан кейін, елде антибатыстық режим орнап, халықаралық қауымдастық Иран ядролық бағдарламасының әскери бағыт алуы мүмкін деп қауіптене бастады.
2002 жылы халықаралық инспекторлар Натанздағы ядролық нысанда жоғары байытылған уран анықтады. Осыдан кейін Иранға қарсы халықаралық санкциялар енгізілді.
2015 жылы Иран АҚШ және бірқатар Батыс елдерімен бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарына (СВПД) қол қойды. Бұл келісім ядролық бағдарламаны шектеу және қатаң бақылау орнату арқылы санкцияларды жеңілдетуді көздеген.
Алайда 2018 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамп бұл келісімнен шықты. Ол келісім мерзімі шектеулі екенін және Иранның баллистикалық зымыран бағдарламасын қамтымайтынын сынға алды. АҚШ Иранға жаңа, қатаң санкциялар енгізді. Бұған жауап ретінде Иран СВПД талаптарын біртіндеп орындаудан бас тартып, уран байыту деңгейін арттырды.
Трамп екінші рет президент болып сайланған соң, Вашингтон мен Тегеран арасындағы жаңа келіссөздер басталды. Бірақ жағдай ушығып, Оманда өтуі тиіс болған кездесу кейінге шегерілді.