Иранда 19 жастағы жасөспірімдер құрамасының балуаны өлім жазасына кесілді
Иранда жасөспірімдер құрамасының 19 жастағы балуаны Салех Мохаммадиға қатысты өлім жазасы орындалды.
Спортшы Құм қаласында дарға асылған.
Мохаммади осы жылдың 8 қаңтарында өткен үкіметке қарсы наразылықтар кезінде полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады деп айыпталған. Сот оның әрекетін «мохаребе» («Құдайға қарсы соғыс») бабы бойынша саралап, ең ауыр жаза – өлім жазасын тағайындаған.
Балуан өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Ол тергеу барысында берген «мойындау» жауабы азаптау арқылы алынғанын мәлімдеген. Алайда құқық қорғаушылардың айтуынша, сот бұл мәлімдемелерді елемей, тиісті тексеру жүргізбеген, ал сот процесі жабық әрі өте қысқа мерзімде өткен.
Сонымен қатар жаттықтырушылары мен командадағы әріптестері оқиға болған сәтте Мохаммади ағасының үйінде болғанын айтқан. Бірақ бұл алиби де ескерілмеген.
Салех Мохаммади халықаралық жарыстардағы жетістіктерімен танылған. 2024 жылдың қыркүйегінде ол Красноярск қаласында өткен Бувайсар Сайтиев атындағы халықаралық турнирде қола жүлде иеленген еді.