Ирандағы қазіргі наразылықтар бұрынғылардан несімен ерекшеленеді?
Иран аумағында үшінші аптаға ұласқан жаппай наразылықтар Ислам Республикасының 47 жылдық тарихындағы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.
Бұл толқулардың билікке нақты ықпал ете ала ма, жоқ па – әзірге кесіп айту қиын. Алайда бір қазіргі наразылықтар алдыңғыларынан түбегейлі өзгеше.

Алғаш рет жетекші пайда болды
Бұрынғы толқулардан басты айырмашылықтардың бірі – наразылықтардың жетекшісінің пайда болуы. Бұл тұлға – 1979 жылы тақтан құлатылған Иранның соңғы шахының ұлы Реза Пехлеви.
Сонымен қатар, АҚШ билігі де бұл жолы оқиғаларды жіті бақылап отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп бірнеше рет жағдайға араласуы мүмкін екенін ашық айтып, Иран билігіне ескерту жасады.
Бұған қоса, 2025 жылғы маусымда Израильмен болған соғыс, сондай-ақ АҚШ авиациясының соққылары Иранның аймақтағы жетекші держава ретіндегі беделіне елеулі соққы болды.

Наразылықтардың ауқымы
Жаппай наразылықтар 2025 жылғы 28 желтоқсанда Тегеранда басталып, бір күннен кейін өзге қалаларға тарады. Толқуларға бағаның күрт өсуі мен иран риалының доллармен салыстырғанда күрт құлдырауы себеп болды. Бір жылдың ішінде АҚШ валютасы Иранда шамамен 80 пайызға қымбаттаған.
Алғашында экономикалық сипаттағы талаптар көп ұзамай саяси ұрандарға ұласты. Көшеге шыққандар арасында Ислам Республикасын толық жоюды, тіпті монархияны қалпына келтіруді талап еткендер де пайда болды.
Нақты қанша адамның наразылыққа шыққанын анықтау қиын. Халықаралық БАҚ-қа Иран аумағында жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Бұған қоса, билік ел бойынша интернетті толық өшіріп, ақпарат алмасуды барынша шектеді. Соған қарамастан, куәгерлер мен сарапшылар қазіргі наразылықтар ауқымы жағынан бұрынғылардан әлдеқайда кең екенін айтады. Кейбір мәлімет бойынша наразыққа шыққандар саны 30 млн-ға жеткен.
BBC-ге сұхбат берген әлеуметтанушы-зерттеуші Али Хурсандфардың айтуынша, митингілер «көпшілік бұрын атын да естімеген шағын елді мекендерге дейін жеткен».

Бұрынғы наразылықтар қандай еді?
Иранда бұған дейін де ірі наразылықтар болғанымен, олар мұндай кең ауқымды сипат алмады.
- 2009 жылы президенттік сайлаудағы бұрмалауларға қарсы «Жасыл қозғалыс» басталды. Оған жеңілген кандидаттар жетекшілік етті, негізгі қозғаушы күш – орта тап болды. Бірақ наразылықтар ірі қалалармен ғана шектелді.
- 2017 және 2019 жылдары өткен толқулар негізінен кедей аймақтарда байқалды.
- 2022 жылғы наразылықтар «дұрыс киінбеді» деген айыппен ұсталған Махса Аминидің өлімінен кейін басталды. Бұл 1979 жылғы ислам революциясынан бергі ең ірі толқулардың бірі еді, алайда билік тарапынан күшпен басып-жаншылды.

Символдық жетекшілік феномені
2022 жылғы наразылықтардың нақты жетекшісі болмаған, сол себепті қозғалыс біртіндеп әлсіреді. Ал қазіргі толқуларда шетелде жүрген тұлғалар қозғалысты үйлестіруге тырысып жатыр. Солардың ең көзге түскені – Реза Пехлеви.
Сарапшылардың айтуынша, наразылықтардың ұзаққа созылуына Пехлевидің үндеулері де әсер еткен. Ол ирандықтарды көшеге шығуға шақырып отыр, ал жастар әлеуметтік желілер арқылы бірін-бірі қолдауға үндеп жатыр. Көшелерде Пехлеви әулетінің билігін қайтару туралы ұрандар да естілуде.
Сонымен бірге, сарапшылар бұл құбылысты монархияны қалпына келтіруге деген жаппай ниет деп қабылдауға болмайтынын айтады. Бұл діни режимге балама іздеудің көрінісі, әсіресе ел ішінде беделді зайырлы оппозиция көшбасшыларының жоқтығы жағдайында.

«Диктаторға өлім» ұраны
2022 жылғыдай, қазіргі толқулар да белгілі бір оқиғадан басталғанымен, тез арада жүйелік өзгерістерді талап ететін сипатқа ие болды.
Желтоқсанның соңында Тегерандағы базар саудагерлері риалдың құлдырауына наразылық білдіріп, ереуілге шықты. Толқулар елдің ең кедей батыс аймақтарына дейін жетті. Иллам мен Луристан провинциялары тағы да негізгі ошақтардың біріне айналды.
Мыңдаған адам көшеге шықты, ал миллиондаған ирандық, соның ішінде орта тап өкілдері, ауыр экономикалық дағдарыс пен бағаның шарықтауын бастан кешіріп отыр.
Алда не болуы мүмкін?
Сарапшылар наразылықтардың ұйымдасу деңгейі төмен екенін, сондықтан билікті құлату ықтималдығы әзірге аз екенін айтады. Бірақ қозғалыс басып-жаншылған күннің өзінде, жаңа толқулардың қайта тұтану қаупі өте жоғары.
Осылайша, қазіргі наразылықтар Иран тарихындағы кезекті эпизод қана емес, елдегі ұзақ мерзімді саяси және әлеуметтік дағдарыстың айқын көрінісіне айналып отыр.