Ирандағы соғыстан кейін әлемдік авиацияға қалпына келу үшін бірнеше ай қажет
Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) басшысы Уилли Уолштың айтуынша, Ормуз бұғазы толық ашылған күннің өзінде әлемдік азаматтық авиация бірнеше ай бойы жанармай жеткізу мәселесіне тап болады. Бұл туралы The New York Times хабарлады.
Сарапшының пікірінше, Парсы шығанағы елдерінен мұнай тасымалданатын негізгі бағыттардың бірі саналатын Ормуз бұғазының ашылуы барлық мәселені шешпейді. Әсіресе соғыс кезінде зақымданған мұнай өңдеу зауыттарының жағдайы күрделі күйінде қалып отыр.
Уолш әлемдік нарықта шикі мұнай бағасы төмендеуі мүмкін екенін, алайда мұнай өнімдерінің, соның ішінде авиациялық жанармайдың бағасы жоғары деңгейде сақталатынын атап өтті.
Соғыс салдары
Қақтығыс барысында Иран – Кувейт, Сауд Арабиясы, БАӘ, Израиль елдеріндегі мұнай өңдеу зауыттарына шабуыл жасаған.
Ал АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы мұнай өңдеу инфрақұрылымына, соның ішінде Харк аралындағы нысандарға бірнеше рет соққы берген.
Осы жағдайлардың салдарынан Еуропада авиациялық және дизель отыны күрт қымбаттады, кейбір елдерде рейстер жаппай тоқтатылды, Парсы шығанағы елдерінің әуе компаниялары да қиындыққа тап болды
8 сәуірге қараған түні АҚШ пен Иран Пәкістанның арағайындығымен екі апталық бітімге келді.
Алайда осы кезеңде Ормуз бұғазы қалай жұмыс істейтіні әзірге белгісіз. АҚШ президенті Дональд Трамп бұғаздың толық ашылуын атысты тоқтатудың басты шарты деп атаған еді.