Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:55, 22 Ақпан 2024

Ырысбек Дәбей. Шырақшы

Ырысбек Дәбей
Фото: из открытых источников

Қазақ ауыз әдебиетінде «Қозы көрпеш-Баян сұлудай» даңқы мол жайылған жыр жоқ деуге болады. Мұхтар Әуезов

Қасқайып жатқан қарлы даланы таспадай тілген жол сорабы бұлдырап көрінеді. Қар астынан қылтиған изен мен жусан, түп-түп қараған желмен тербеліп, әредік көлік алдын жаяу бұрқасын кес-кестейді. 
– Биыл қайта қар жұқа, әйтпесе, қаңтарда Айғыздан машинамен «Қозы-Баянға» бармақ түгілі, мына далада бір шоршуға да шамаң келмейді, – деді жүргізуші.
– Мазарға енді қанша қалды?
– Өлкенің осы ойпаңынан шығып, анау үстіртке көтерілгенде, мазар көрінеді. – Келіп те қалдық, – деп, жүргізуші тақтайдай жауырынын қозғап-қозғап қойды. – Әуелі мазарға соғасың ба, әлде іздеп келе жатқан кісіңе ме?
Машина кедір-бұдыр жолға түсіп, ырғалып, шайқалды. Жүргізуші жылдамдықты бәсейтті.
– Алдымен мазарға барайын. Таңсық жақын шығар?
– Тиіп тұр. Осы жол қазір үстіртке шығады. Оңға бұрылсақ, мазар. Солға бұрылсақ, Таңсық.
Көлік ойпаңның кедір-бұдыр жолын артқа тастап, адырға шықты. Жүргізуші:
– Әне, анау төбесі көрінген – мазар, – деп алдын иегімен нұсқады.
Ғасырлар бойы өзі жайында айтылған аңыз бен әфсананы, сансыз сипаттаманы үнсіз қабылдап, сырын ішіне бүккен Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазарының төбесі көрінді. Маң даланың төсіне қаққан қазықтай қадалып, көкке бой созады.
– Ғажап! – дедім таңданып.
Көлік мазар түбіндегі автотұраққа тоқтады. Мазардың айналасы темір тормен қоршалыпты. Жалғызаяқ жолдың төселген тастары жылтырайды. Мазар іргесіндегі қара тақтаға кесененің қай ғасырда қаланғаны, төмен жағына әйгілі ақынның бір шумақ өлеңі қашап жазылыпты. Гранит тектес қалақ тастардан қаланған ұлы махаббат эпопеясы ескерткішінің алдында тұрмын. Талай заманды өткеріп салған тарғыл мола махаббат пен ғадауат, құштарлық пен құрбандық жайында сыбырлап, ауыр естеліктерді белі бүгілмей неше ғасыр көтеріп тұрғаны үшін аса аяулы, тым асқақ көрінеді. Талқандалған арман, үзілген үміттің үгіндісін қан мен жасқа илеп, мәңгілік мұнара соққан адамнан шебер, адамнан аусар жаратылыс жоқ шығар. Бағзы заман трагедиясының тасқа айналған сұлбасы мызғымас махаббаттың уақыт эрозиясына төтеп берген құдіретіндей көк тірейді. Әрбір гранит тастың суық қатпары айнымас адалдық жайында баяндап тұрғандай жан тебірентеді.
– Күн еңкейіп барады, жел де күшейді. Сені баратын үйіңе жеткізіп тастап, қайтпасам, түнге қалам. Тезірек боласың ғой, жолды көрдің өзің!
Автотұрақта шылым шегіп қалған жүргізуші жаныма келіпті.
– Жақсы, ішке кіріп шығайын. Осында бір-екі күн бармын, асықпай тағы келермін.
Ғашықтар моласына тәу еткен жандардың мазар есігінің әр тұсына байлаған ақтықтары баяу желбірейді. Жуанды-жіңішкелі темірден қиюластырып, дәнекерлеп жасаған есіктің алақандай-алақандай ашықтарынан ішкі жақ анық көрінді. Қатар жатқан табыт пішінді қос төмпешік үстіне ақ мата жабылыпты. Сетінемес серт, айнымас анттың кеңістікте керілген мәңгілік гобеленіне айналған нүктесі тіптен толқытып жіберді. Санамда сезімтал композитордың асқақ әуеніндегі арзу-арманы, жан қалауы шырылдап, шығандап келіп, ақырында осы нүктені тауып, үздігіп барып үзілетін әуезі жаңғырғандай болды. Иенде қаңырап тұрған пейзаждан жұбаныш тапқан шерлі жүрек зары қараторғайдай осында қалқып жүрген тәрізді.
– Кеттік! Мен сені ана іздеп келген кісінің үйіне жеткізейін де, зымырайын.
Ой-қиялдың шүңетіне батып, өрмекші торына тұтылған жәндіктей болып тұрған мені жүргізушінің дауысы селт еткізді. Кесене босағасын қос қолымен тіреп, қанатын жайған құстай болып тұрған жүргізушінің бойы зорайып көрінді. Қос төмпешікке бас иіп, тағзым қылдым.
Сырт сұрғылттанып, азынаған жел бет қариды. Ұшы-қиырсыз құлазыған кең дала төсінде қаққан қазықтай махаббат мұнарасы мұнартады.

***
Қанталаған қызыл күн сазарған, нұрсыз аспанның құлдилап келіп, сұр жерге сұғынған тұсында ілініп тұр. Құлап бара жатқан қызыл жалқын астында құстар ұшып барады. Жер мен көктің түйіскен тұсына сіңіп бара жатқан құстарға қарап, қараторғайды есіме алдым. Шоқтеректен ұшып келіп, шырылдап қолыма қонатын. Өмір ол кезде уәде мен серттен ғана тұратындай, айнымас адалдық бәрін жеңетін ертегідегідей еді. Енді бұл пәни шексіз жалғыздығымның ұшы-қиырсыз бос кеңістігінде ұзын-ұзын қара көлеңкелер ғана бар, жоғалған, жұтылған сөздердің жаңғырығы естілетін бұлыңғыр түс секілді.
Бозінген боздап қоя берді. Артыма бұрылдым. Жануардың жібек бұйдасы қолымнан қашан сусып түсіп қалғанын аңғармаппын. Алысырақта аққудай мойны қайрылып, шығысқа қарап боздап тұр. Екі жыл бұрын ел кезген диуана ауылға келіп, өмірі боталамаған бозінгенге қарап:
– Үстіне қалы кілем жапса, жібектен бұйда тақса, шытырма қазық қақса, бозінген боталамай қайтеді, – деп еді.
Диуананың айтқаны келді. Жебір жеңге қараторғайдың төбе жүнін, қанат-құйрығын жұлмалап өлтірген күні бұл бейшара бітімі бөлек бота тапты. Жебір зұлымдығының қарымжысына ботаны сұрады. Қайырымсыз әке тәлтіректеп аяғын әзер басып тұрған ботаны оған берді. Жебір оны ауылға қыдырып келіп жатқан інісіне сыйға тартты. Қызылкөз қонақ жарытып уыз да ембеген ботаны алысқа алды да кетті. Бозінгеннің көзінен жас парлап, қара емшегінен сүт саулап, таң атқанша боздап шықты сол түні. Қараторғай өліп, Шоқтеректі паналаған алтын айдарлы ұлдан хабар-ошар ала алмай мен де түнімен алақызып, ұйықтай алмай шықтым. Көзім ілінген сәтте қыстығып жылаған дауыстан ояндым. Төсегімнің тұсында топтасып тұрған әйелдердің алдына шыққан қатал әке:
– Одан да бекзат, одан да асыл жарға қосамын сені! – деп суық өлімнің ауыр хабарын еш еміренбей айтты.
Төбеме аспан құлап түскендей болды. Қара күштің, зұлым пәнданың зымияндығы, әккілігімен алған жеңіс хабары қаусатып, күйретті. Ашынып, ызаланып:
– Етегімді жел ашып жүрген емен,
Одан басқа жанменен күлген емен.
Әке, неке қи дағы енді өзің ал,
Елден бура салғандай інген емен, –
деп аңырап, жоқтау айттым. Енді жоқ екеніңе көзім жетіп, есімнен тандым. Көзімді ашқанда лаулаған отты айналып, құтырған бақсы жүгіріп жүрді. Ботадай тәлтіректеп орнымнан тұрып, дөң басында боздап тұрған бозінгенді жетелеп, күн батысты бетке алдым. Құдайдың құлағына жетер болса, қосылып зарладық.
– Шығыстан батысқа, батыстан шығысқа шиырлап жүргенімізге неше күн өтті, жануарым. Шытырман із аққан жас, төгілген сүтке толса да дүниенің қылы қисаймайды. – Кетейік, – деп, тостақтай көзінен жас парлап, боздап тұрған бозінгеннің мойнына асылдым. Кеберсіген ерніме кермек жас тамды.
Әредік төңіректен ат тұяғының дүбірі естіледі. Күндегідей сыртымнан бағып, қарап жүрген қатыгез әкенің қарауылдары шығар. Құр сүлдерімді сүйретіп, орнымнан тұра сала бозінгенді жетелеп, дала кезетін мені енді бұлардың неден қорғағысы келетінін ойласам да ойым жетпейді. Екі-үш атты алыстан қарауылдап, ереді де жүреді.
Бозінгеннің жібек бұйдасын білегіме ілдім. Төңірек қарауытып, тұл даланы зілдей іңір басты. Ілбіп келем. Әрбір қадамым кең-байтақ кеңістіктен жұбаныш таппай, шиырлаған шырма-шату ізге айналды. Боздаған үн де, ұлыған жел де оның жоқтығын еске түсіретін күй тәрізді, ауыр ырғақтан құлан-таза құтылғым келеді.
Жақын маңнан үкінің уілдеген үні естілді. Бозінген бұйданы тартып іркілді де, боздап қоя берді. Осы сәт бақытсыз ғұмырым ертегідегі өксіген өмірмен бірге тоқылып, шебердің бізіндегі бір сабақ жіптей шиеленісіп, қысқарып бара жатқанын сездім. Дәл қазір уақыттан озып, тізеңе басымды қойып, өзіңе талай рет айтқызған бозінген жайлы жырдағы оқиғаның болған сәтін қасынан көріп тұрмын. Бір кездері қызықты болған, мұң-зары басым хикая жүрер жолды нұсқап, барар жолдың бағдарын айпарадай анық көрсетті. Аспанда ұшқан құс біткеннің бәрінен ботасын сұрап, зар қаққан жетегімдегі жануардың шаң басқан шудасын иіскеп, бірге боздадық:
– Күндіз ұшпай, түнде ұшқан,
Көбелекпен бірге ұшқан.
Көзі қызыл үкім-ау,
Аққудай мойны қайрылған,
Күндіз-түні зарлаған,
Көзінен жасы парлаған,
Жетім бота көрдің бе?
«Қандай бота?» – дедің бе?..
Үкінің уілдеген үні тағы естілді. Еш мәні жоқ үмітсіз сұрақтар кеңістікке қалқып ұшты. Жан дүниемнің босаған кеңістігі күйзелген, күңіренген зарға толып, сілем қатты. Жер мен көктің арасы айызы қанып, тарының қауызындай тарыла түсті.
Шығыс көкжиекке қара бақырдай ай ілініпті. Беліме таққан алтын сапты асыл қанжарды сыртынан сипап, бағытты мола басына бұрдым...

***
«Ботасы өлген бозінген алып келдім,
Мен – Баян тал отындай жанып келдім...
Қозекем, жатырмысың жер бауырлап,
Қарға жүнді қамыс оқ соны ауырлап», –
деп келеді эпостың Шөже ақын жырлаған нұсқасында. Бұл жазушы өмірден баз кешіп, дала кезген, мола басында жылап отырған Баян сұлудың сол бейнесін, соңғы сәтін көрсеткісі кепті. Сол жерін қиып алдым.
Шағын жазбаны қайта шолып, мәтін мазмұны кім жайлы жазылғанын түсінгендей болдым. Суретші шылымын тұтатып, орнынан тұрды.
– Өзім осы өңірдің тумасымын. Жетпісінші жылдары Ленинградтың Кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітіргелі сәтті, сәтсіз талай картина салдым. Алматыда ұзақ жыл қызмет қылдым, шәкірт тәрбиеледім. Сен жұмыс істейтін «Дала әдебиеті» газетін үзбей оқитынмын. Бір күні айқара бетке жарияланған әңгімені көзім шалып, осы тұсын қиып алдым», – деп, суретші алдымдағы сарғайған газет қиындысын алды. – Бұл маған идея берді. Бұрын Әуезовтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосы жайындағы зерттеу еңбегін оқығам. Онда да эпостағы қиянат көріп, өмірден түңіліп, өзін өлімге кескен жас адамның иен далада ботасы өлген бозінген жетелеп, зар қағып, ары-бері шиырлап жүретін тұсын айтатын. Соны қайта қарап шықтым. Қиялымды тербеген бір картина елесі шырылдаған шақалақтай мазамды алды. Сосын бәрін тастап, осында тарттым. Содан бері жиырма, жиырма жыл өтіпті.
Суретші ағарып, жұқарған ұзын шашын артына қайырып, орнынан тұрды. Ілбіп басып есік жақ бұрышқа барып тоқтады. Бұрқ еткен темекі түтіні басынан бұлттай көшіп, ауаға сіңді.
– Міне, осы есіктен төрге дейінгі үш қабырғаны алып, қаттаулы тұрған картинаның бәрі менің жиырма жылда салған сәтсіз еңбектерім, кенепке жағылған кембағал, кержағал бояулар, – деп, суретші артына бұрылып, шылым қысқан қос саусағымен қабырғаларды нұсқады.
– «Бір картинаны біраз жыл салыпты» деген дақпыртты естіп, мені осы Таңсыққа іздеп келгісі келетін өзің секілді журналист, анау-мынау көп. Телеарналар көрсеткісі келеді. Ешқайсысына келіскен емеспін. «Дала әдебиетіненмін» деп қайта-қайта хабарласқаның үшін саған ғана келістім. Мені азапты жұмысқа жеккен газеттенсің ғой қалай да.
Суретші кеңкілдеп күлді. Кең-мол шеберхананың ортасында тұрған жалпақ сары үстелге кеп сүйеніп, үстел үстіндегі күлдікке шылымын мыжғылап өшірді. Бөлме ішін мұңлы шедеврдің нәзік штрихтар елесі кезеді. Күңгірт жарық, үстелге жанасалап қойылған, қаңқиған, кенепсіз мольберт, ұшына бояу қатқан қылқаламдар суретшінің көңілі толмаған уақыт кескініндей көрінді.
– Мұндағылардың мені не деп айтатынын білесің бе? – деп күлді суретші. «Шырақшы», – дейді. Мана өзің барып қайтқан мола басына құдайдың құтты күні барам, медет тілеймін. Әйтпесе, көңілім көншімейді. Шырақшы атандық сөйтіп. Жалпы сенің газетіңе көсіліп сөйлеп, көсемсіп сұхбат беретіндей ештеңем жоқ. Айтпақшы, Шекспирдің жоқтан жонып жасаған «Ромео мен Джульеттасын» оқып па ең?
– Иә.
– Сол шығарма туралы бәленбай жүз картина салынып, музыка жазылып, жүздеген кино түсірілген. Кейде саф, ұлы эпосымыз туралы біз не жасадық деп ойлаймын, санап та көрдім, – деп суретші күрсініп, басын шайқады. – Қылаяғы ғашықтардың кесенесіне келер жолды да қатырмадық.
– Салған картиналарыңызды көруге бола ма?
– Көргің келсе, көр. Бәрін ақтарып қайтесің, осы қатардағы үшеуін қара. Үш жұмысты қатар қой мына үстелге, қандай айырмашылық байқайды екенсің?
Қаттаулы картиналардың алдына бардым. Суретші нұсқаған тұстан үш картинаны алып, қанша үңілсем де үшеуінен еш айырма таппадым. Бірін-бірі қайталаған үш сурет. Жазық дала, қызыл іңір. Көзінің ағынан қарасы көп түйе жетектеген жас қыз. Кеңістікте ұшқан құсқа ұқсайтын көмескілеу бедер, түрлі-түсті бояулар.
– Мына үшеуі бір-бірінің көшірме нұсқасы секілді екен, еш айырма жоқ.
– Еш парық жоқ па?
– Жоқ.
Суретші жаныма келді де, картиналарды бірінің үстіне бірін қойып, орнына жайғастырды. Жүзінде сәл жымиыс бар.
– Осы үш картинаны бірінен кейін бірін салдым, төрт жыл уақытым кетті. Соңғы төрт жылда қыз қарашығындағы тәркі дүниені, үзіліп бара жатқан нәзік сәулені көрсететін нүктені іздедім. Үш жұмыс бір-бірінен қарашықтағы кішкентай қозғалыс арқылы ғана парықталады. Парықталғанын қайтейін, теңізден ине іздегендей арпалыс қана болды бұл. Суретші бүкіл бұлым-пұшпағын өзі жатқа білетін ландшафтың кең төсінде адасып, қай уақытта аяқтайтыны белгісіз арпалыстың Сизифтей күрескеріне әлдеқашан айналған секілді. Санасын билеген симфония, көкейіндегі көркем образ кенепке қонбай өзін мазақ қылып, әбден жауыр еткен дерттен ләззат та табатын сыңайлы.
Бөлме ішін үнсіздік биледі. Сырттан ұлыған жел, үрген иттің дауысы естіледі. Мен болашақта жарық көрер мұңлы шедеврдің бір тамшы бояуы, тоқылар әйгілі гобеленінің суретші шашындай ағарған бір тал жібі уақыттың қай кеңістігіне ілініп тұрғаны жайында ойладым.