Исабековтен қалған арман дүние

Өткен жылы күзде Нарынқолда өткен жазушы Б.Соқпақбаевтың жүз жылдық мерейтойында Дулат Исабеков ағамыз Соқпақбаевтың мінез, болмысы туралы айта келіп: «Жақсылардың кеудесі жамандықтың моласы» деп еді.
Анығында, Исабековтің өзі де жамандықты, зұлымдықты әр кейіпкерінің кеудесінде тұншықтырып, жақсылықты, ізгілікті қағаз бетіне бедерлеп, әр жүрекке сіңірген жазушы еді. Міне, енді сол ұлы жүрек те тоқтады. Қазақтың кейбір мінезіне таңғаласың. Әсіресе осындай қабырғаны қайыстырған ауыр қаза үстінде көңіл қоңылтақсытқан дүниелерге іштей күйінесің.
Исабековпен қоштасу рәсімі Қазақстан Жазушылар одағында өтті. Қара нөпір адам, жастардың көбісі дәлізде, біршамасы сыртта көшеде тұрды. Мұны көріп «жазушыны неге ақтық сапарға Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрынан шығармады екен?» деген ойға қалдық. Қоштасуға келген, жаназаға жиналған жұрт қаралы жиын өтіп жатқан залға кіре алмай, сүйікті жазушысын ақтық рет көріп, қоштаса алмай ішке мойнын созып, босағадан сығалауға мәжбүр болды. Ол қай кезде де қазақты жазды, қазақтың бітім, болмысын қалыптады. Ұлтының бойындағы оғаш мінезі түзелсе екен деп тезге салды.
Кейде маған «Дерменедегі» Тоқсанбай мен Омаш қазақтың қарама-қайшы жаратылысындай, қазақтың бойында от пен судай шарпысып жатқан кереғар мінезіндей көрінеді. Тоқсанбайдың қиянаттан да, қияпаттан да жанын қалай қызғыштай қорғағаны есіңізде ме?
Түптеп келгенде, бұл Исабековтің қаламгерлік арманы іспетті. Бұл әр қазақтың кеудесінде аяғын шалт басса, адамдықтың тізгінін сәл босаңсытса жанын қаритын, жүрегін сыздататын Тоқсанбайдыкіндей қасиет болса екен деген арман. Немесе «Бейтаныстардағы» Қиясбек. Жауынды күні асығып бара жатса да жол тосқан немерелі әжені қайта қайырылып ала кететін жанашырлық қасиет. Әттең біз Исабековтің «қазақ түзелсе, мінезі оңалса» деген арманын орындай алдық па екен. Әй, қайдам. Жазушыға арналған ас үстінде ұйымдастырушылар «кәдесый» деп ел тізгінін ұстаған азаматтарға шапан жапты. Мұны естіп шетте отырған жастар бір-бірімізге үрпиісе қарадық. «Бұнысы қалай?» деп таңғалдық. Қандай «кәдесый» дегеніңізбен де, астың үстінде дәл бұлай шапан жабу сөлекет көрінді. Сосын тағы бір ақын апамыз сөз кезегі тигенде Мемлекеттік сыйлыққа бірнеше рет ұсынылып ала алмағанын, алайда өзін Исабеков көзі тірісінде өте жоғары бағалағанын айтты...
Осындай жылпың әрекеттерді көргенде, осындай сықсың сөздерді естігенде Исабековті, оның қаламынан туған қазақы кейіпкерлерді ойлайсың, бірден көңілің қоңылтақсып, ішің мұздайды. Тым құрыса Тоқсанбай қарттың жанын жегідей жейтін мінезінің бойымызда жұқанасы қалмай бара жатқан жоқ па деп налисың. Иә, мұндайда адамды әртүрлі ой иектейді. Бір анығы, қазақ барда Тоқсанбай да, Омаш та өлмейді. Бастысы, біздің кеудеміз Омаштардың моласына айнала ала ма?!
Осының бәрі Исабековтен қалған арман, Исабековтен қалған арман дүние еді...
Жақсылық
ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ