Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:26, 20 Қазан 2022

Ішкі істер министрлігі не жасырып отыр?

None
None

«Жабуды жаба тоқығанға» жанымыз жақын біздің. Барды жоқ деп, жоқты бар деп көрсетуге келгенде алдымызға жан салмаймыз-ау!

Жағымсыз дүниені жұмсартып, келеңсіз оқиғаның тігісін жатқызуда кейбір лауазым иелері алдына жан салмайды.

Мысалы, су жаңа ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «Өтірікті – шындай, ақсақты – тыңдай» қылып тұрып, мәлімдеме жасапты. Бас сақшының сөзіне сенсеңіз, Қазақстанға келіп жатқан ресейліктердің саны соншалықты алаңдатарлықтай емес көрінеді. Тіпті, келгендерінен кеткендерінің саны басымдау сияқты. Сенбесеңіз, пікіріне қараңыз!

«Ескі өмір салтына қайта оралдық. Бүгінде Ресейден келіп, елге орналасып жатқандарға қарағанда, ел аумағынан тысқары кетіп жатқандардың саны артты. Күн сайын елге 8-9 мың адам келеді, 10-11 мың адам ел аумағынан шығып кетеді», – депті.

Өз сөзі. Үтір-нүктесіне де тиген жоқпыз. Сонда Ресейден жүздеп-мыңдап келіп жатыр деп, алаулатып-жалаулатқандар кімдер? Қарапайым халық па? Жасампаз журналистер ме? Әлде закон күші қолында бар биліктің өзі таратты ма бұл ақпарды?

Естеріңізде болса, жыл басынан бері Қазақстанға 1,66 миллион ресейліктің келгені туралы ішкі істер министрлігі мәлімдеген болатын-ды. Бұл қыркүйектегі мәлімет. Енді осыны тоғыз айға бөлсеңіз, ай сайын 184 мың адам келген болып шығады. Сол ақпаратта Қазақстанға кірген адамдардың 1,64 миллионы қайтып шығып кеткен деп айтылады. Сонда айырмасы 2 мың адам ғана. Байбалам салатындай цифр емес, негізі.

Сенгіміз-ақ келеді. Бірақ үлкен-кіші қалалардағы қонақ үй бағаларының шарықтап кетуі мен пәтер жалақысының жүз есе аспандауы – әлгі 2 мың адамның ісі дегенге кірсіз көңіл сенгісі келмейді.

Тағы да ішкі істер министрлігінің дерегі: жыл басынан бері Қазақстанға 4,3 миллион адам келіп, 4,1 миллион адам кетіпті. Бұл ақпарға сенсеңіз, елде қалғандар 200 мың адам ғана. Оның бәрі ресейлік емес. Логика бойынша қымбатшылық осы 200 мың адамның кесірінен болып отыр. Сонда бұған дейін елге шетелден 200 мың турист келіп көрген жоқ па?  

Ресейден ағылып жатқандардың дені мобилизациядан қашқандар екені рас. Оны ешкім жоққа шығармайды. Ал онда кетіп жатқандар кімдер? Мысалы, 5 қазанда Қазақстанға Ресейден 200 мың адам келсе, сол күні 147 мыңы шекарадан шығыпты. Көші-қоң сальдосы 53 мың адам ғана. Мобилизация қайда қалды? Бұл бір. Екінші, ірі қалалардағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының алдындағы ұзынсонар кезекке тұрғандар қайда? Ішкі істер министрлігі 53 мың адаммен бұл есепті жапқысы келсе, қатты қателеседі. Өйткені, Ресейде жаппай әскерге алу науқаны басталғалы бері ірі қалалардағы халыққа қызмет көрсету орталықтары бір күн босаған емес.

Ішкі істер министрлігі бұрын жайлы өмір іздеп, шетелге кетіп жатқандарды жасырып әлек болушы еді. Енді елден кеткендердің санымен абырой жинауға көшкен сияқты. Парадокс деген – осы. «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен», дейміз. Ал мынадай әдемі өтірікке сенбеу – ішкі істер министріне қиянат болар?!     

   

Тегтер: