Испаниялық инвестор Қызылорда облысында 44 млрд теңгелік зауыт салады
Қызылорда облысында заманауи санитарлық-техникалық өнім шығаратын ірі өндіріс орны салынбақ. Бұл жобаға Испанияның Roca Group компаниясы 44 млрд теңгеден астам инвестиция құюды жоспарлап отыр.
Осыған байланысты инвестициялық келісімге ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нагаспаев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және испаниялық компанияның Қазақстандағы еншілес кәсіпорны – «ROCA Қазақстан» ЖШС-нің бас директоры Даниэль Эрнандес қол қойды.
Жоба Мемлекет басшысының өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту, өндірісті жергіліктендіру және импортты алмастыру жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келеді. Зауытта керамикалық санитарлық бұйымдар, ванна бөлмесіне арналған жиһаз және өзге де санитарлық-техникалық өнімдер өндіріледі. Құрылыс жұмыстарын 2026 жылдың бірінші тоқсанында бастау көзделіп отыр.
Инвестициялық жоба аясында шамамен 300 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар қазақстандық мамандарды оқыту, олардың біліктілігін арттыру да қарастырылған. Бұл өндіріс Қазақстан аумағында санитарлық-техникалық өнім шығаратын жоғары деңгейде автоматтандырылған алғашқы зауыт болмақ және халықаралық экологиялық қауіпсіздік стандарттарына сай жұмыс істейді.
Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 500 мың дана өнімді құрайды. Өндірілген тауарлар ішкі нарыққа бағытталып қана қоймай, Орталық Азия елдеріне экспортталатын болады. Бұл өз кезегінде жоғары қосылған құны бар өнім өндірісін арттырып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін күшейтеді.
Айта кетейік, аталған инвестициялық келісімге қатысты жоспарлар биылғы маусым айында Премьер-министр Олжас Бектенов пен Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рока арасындағы кездесуде талқыланған болатын. Келісімнің жүзеге асуы елдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі әрі шетелдік инвесторлардың Қазақстан экономикасына деген сенімінің жоғары екенін көрсетеді.
Roca Group өкілдері Қазақстанды компания үшін стратегиялық маңызы бар нарық ретінде бағалап, елдегі қолайлы іскерлік климатқа оң пікір білдірді.
Анықтама: Roca Group – сантехникалық жабдықтар өндірісіндегі әлемдік көшбасшылардың бірі. Компанияның тарихы 100 жылдан асады, әлемнің 78 елінде өндірістік алаңдары бар, 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Өнімдері 170-тен астам мемлекетте сатылады және сапасы мен инновациялық шешімдері арқылы кеңінен танылған.