Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

Ыстықкөлде қазақстандық боксшы суға батып кетті

1
Фото: ашық дереккөз

2025 жылғы 16 шілдеде Ыстықкөлде (Қырғызстан) қазақстандық жас спортшы, 21 жастағы боксшы Ибрагим Ирисматов суға батып көз жұмды. Бұл ақпаратты Шымкент қалалық спорт басқармасы растаған.

Қайғылы оқиға туралы алғашқы ақпарат әлеуметтік желілер мен Қырғызстанның БАҚ-тарында тараған. Жазбада сол кезеңде Ыстықкөл маңында Қазақстанның 22 жасқа дейінгі боксшылар құрамасының оқу-жаттығу жиыны өтіп жатқаны айтылған еді.

Алайда Шымкент қалалық спорт басқармасы бұл мәліметті нақтылап, Ирисматов ресми жиынға қатыспағанын, ал Ыстықкөлге жеке демалу мақсатымен өз қаражатына барғанын хабарлады.

«Ол қалалық кәсіпқой бокс клубының мүшесі болған. Бірақ бұл жолы ол жаттығу жиынына емес, жеке демалысқа барған. Басқа базада тұрған», – делінген басқарма мәлімдемесінде.

Марқұмның жеке бапкері Алишер Ерметовтің айтуынша, олар Ыстықкөлге бірге барған. Тренер ұлттық құраманың шақыртуымен бір спортшымен бірге келген, ал Ибрагим және тағы бір шәкірті өз ақшаларына демалуға барған.

«Қайғылы оқиға болған күні түстен кейін бізде спарринг жоспарланған еді. Бұған дейін балалар суға түскен – бұл бос уақыт болатын. Ибрагим де сол жерде жүрген. Кейін суға батып кеткені туралы хабар жетті. Айтуларынша, су салқын болған, мүмкін, аяғындағы сіңірі тартылып қалған шығар. Бұл – менің жеке болжамым. Ресми қорытындыны әкесіне берді. Ол келіп, баласының денесін алып кетті», – деді Ерметов.

Айта кетйік, Ибрагим Ирисматов – Шымкенттегі бокс мектебінің түлегі.

Тегтер: