Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:14, 01 Наурыз 2023

Итімді «үйлендірдім»

None
None

Ауламда байлаулы тұрған кезінде «қабаған», ал босатқан кезінде «моп-момақан» болатын қазақы төбет итімді күндіз бірер уақ «қыдырып» қайтсын деп босатып жіберетін әдетім еді.

Бір күні сол итім жоғалды. Күшік кезінен асыраған жақсы көретін итім еді. Іздемеген жерім қалмады. Күдерімді үзе бастағанда белгісіз біреу телефон соқты.

— Сіз итіңіздің жоғалғаны туралы газетке хабарландыру берген екенсіз. Біздің қалада жоғалған, иесіз қаңғып жүрген жануарларды ұстап, қамқорлыққа алатын мекеме ашылған. Итіңізді сол жерден іздеңіз деп, мекенжайын берді.

          Мекеме қаланың шетінде орналасқан екен. Ауласындағы темір қоршау ішінде көптеген ит қамаулы тұр. Менікі сияқты үлкен иттер жеке клеткаларға қамалған. Менің итім де қамаулы тұр екен. Қуанышым қойныма сыймай, мекеме бастығына кірдім.

          – Итімді алып кетуге келдім, – дедім оған.

          – Итіңіз қандай еді? – деді ол.

          – Сарыала қазақы төбет.

          – Ол итті бере алмаймын.

          – Неге?

          – Тәртіп бұзған.

          – Қандай тәртіп?

          – Көшедегі қаншық иттің қыр соңынан қалмай қойды.

          – Қалмаса ше, немене, сол үшін қамап тастадыңыздар ма?

          – Иә.

— Ау, айналайын, адам сияқты итте де жүрек бар. Итім әлгі қаншықтың қыр соңынан алмаса, «ғашық» болып қалған шығар. Сол үшін қамап тастауға бола ма?

          – Сіз қылжақтамаңыз, – деді ол. Біз не нәрсені де заңға сүйеніп істейміз.

          – Қандай заң?

— 2021 жылдың желтоқсан айында Парламент елімізде «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қабылдаған. Сол заң бойынша біз көшеде жоғалған, иесіз қаңғып жүрген ит, мысықтарды ұстап, қамқорлыққа алуымыз керек. Бұл жануарлардың тамағына да, бағып-қағу күтіміне де біз жауап беретін боламыз. Бұл үшін бізге бюджеттен миллиондаған теңге қаржы бөлінеді.

          – Апыр-ай, бұл мен естімеген үлкен жаңалық екен. Біздің Парламент адамдарға жасайтын қамқорлықтың бәрін тауысып, енді жануарларға қамқорлық жасауға ауысқан ба?

          – Сіз саясаттан мүлде мақұрым қалған екенсіз, – деді мекеме бастығы, – әлгі дамыған дейтін демократиялық елдердің бәрінде осылай. Біз де демократияға бағыт ұстап отырған жоқпыз ба? Бұған таңғалатын ештеңе жоқ. Түсіне білгенге бұл да жаңа Қазақстанды құруға жасалған бір қадам. Ескі Қазақстанда көше кезіп, қаңғыған иттерді атып тастайтын. Жаңа Қазақстанға «көшіп» жатқанымызға қуаныңыз. Әйтпесе, итіңіз марқұм боп кететін еді.

          – Жарайды, тамаша айттыңыз, түсіндім. Енді итімді алып кетейін.

          – Жоқ, – деді ол. – Әзірге бере алмаймын. Біз сіздің итіңізді аулаңыздан әкеткен жоқпыз, қаңғып жүрген жерінен әкеттік. Сондықтан алдымен, заңға сәйкес қаңғыбас иттерге тиісті «ем-домын» жасайық. Сосын, береміз.

          – Ол қандай ем-дом?

          --Ақсақал, біз аталған заңға сәйкес, итіңізді піштіруге тиіспіз. Итіңіз қазір піштіру кезегінде тұр.

          – Астапыралла, не дейд! Заңда солай көрсетілген бе?

          – Иә. Аталған заңда: «Жануарды хирургиялық, дәрі-дәрмекпен не өзге тәсілдермен ұрпақ өрбіту қабілетінен айыру» деп түсініктеме берілген. Яғни, бұл турасын айтқанда «піштіру» деген сөз. Сонда мана өзіңіз айтқандай, итіңіз көшедегі қаншықтарға «ғашық» болмайды.

— Алда байғұс итім-ай, бұл мекеменің қолына қалай ғана түстің? Көшедегі қаншыққа «махаббат» болып нең бар еді? Енді, міне, біздің еріккен, зеріккен Парламент шығаратын басқа заң қалмағандай, сені иттік құқыңнан, еркектік құқыңнан, «ғашықтық» құқыңнан айырғалы отыр. О, сорлы итім-ай деп, кемсеңдеп, көзіме жас алдым.

— Жыламаңыз, ақсақал, – деп бастық шошып кетті. Итіңізді қазір-ақ шығарып берейін, жыламаңызшы!

          Содан итімді үйге әкеліп, не істерімді білмей дал болдым. Байғұс итімнің түрмеде отырғандай, үнемі байлауда тұрғаны да аянышты. Бой жазып қайтсын деп босатып жіберейін десем, бір қаншыққа «ғашық» болып қала ма деп қорқам. Содан әрі ойлап, бері ойлап, қаламыздағы ит базарына барып, таңдап жүріп, «қасы көзі қиылған» бір қаншықты сатып алып келдім. О, ғажап! Итім танымайтын итті шайнап тастай ма деп қорқып едім. Жоқ, керісінше, әлгі «сұлуды» көргенде, көзі «жайнап» кетті. Құйрығын бұлғаңдатты, иіскеді, исінді, аузын жалады. Қаншық та оған «еркелеп», «күлімсіреді».

— Бәрекелді, – дедім мен итіме риза болып, жарайсың, «жігіт екенсің», «келіншегің» құтты болсын! Осындай «бақытқа» жеткізген депутаттарға рақмет айт. Солардың заңы болмағанда ғой, өмір бойы бойдақ болып өтетін едің. Енді, міне, босатып жіберсем де ауладан шыққың келмейді. Өйткені «келіншегің» бар, бақыттысың!

                                                                         

Тегтер: