Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 04 Желтоқсан 2019

Изоляторға қамалып, мүгедекке айналған айыпталушыны қамауда қалдырды

None
None

Алматының Алмалы аудандық соты 3 желтоқсанда өткен көшпелі сот отырысында 41 жастағы айыпталушы Жұлдызбек Тәуірбековті қамаудан босату туралы адвокат Фархат Гулиевтің өтінішін қарады.

Көшпелі сот Алматыдағы ЛА-155/18 мекемесінде өтті.

Адвокат Гулиевтің айтуынша, "Терроризмді насихаттау" және "Әлеуметтік араздық қоздыру" баптары бойынша айыпталған Жұлдызбек Тәуірбеков 29 мамырдан бері Алматы қалалық полиция департаментінің тергеу изоляторында отыр. Көктемде ол жаққа қамалған кезде Тәуірбековтің денсаулығы жақсы болған. Алайда бір айдан кейін айыпталушы Тәуірбековтің жүрек ауруы асқынып, бірнеше рет реанимацияға түскен. Адвокат Гулиевтің айтуынша, 19 қазанда Тәуірбековке екінші топ мүгедектігі берілген. Бірақ соған қарамастан тергеу изоляторында айыпталушы қажетті медициналық көмек алып жатқан жоқ, сол себепті оның "жүрек-қан тамыр ауруы одан сайын асқынып кетуі ықтимал" деп қауіптенеді адвокат. Адвокат Гулиевтің өтінішін айыпталушының анасы және қоғамдық қорғаушысы Әсемгүл Жауғашева қолдады. Оның айтуынша, ұлының денсаулығы барған сайын нашарлап барады және оның жүрегін алмастыру қажет, ал түрме жағдайында мұны жасау мүмкін емес.

Айыпталушы Тәуірбеков адвокат Гулиевтің өтінішін қолдады. Ал прокурор Мақсат Дәуірбеков адвокат Фархат Гулиевтің өтінішіне қарсылық білдірді.

Прокурор мен қорғау тарабының пікірлерін естіген судья адвокаттың өтінішін қанағаттандырмады. Бұл қаулыға шағым түсіруге болмайды. Судья Иманқұловтың айтуынша, Тәуірбеков ісі бойынша негізгі сот бүгін, 3 желтоқсанда басталды. Келесі сот Алмалы аудандық сотында 4 желтоқсанда өтеді.

Тәуірбеков "терроризмді насихаттады" және "әлеуметтік араздық қоздырды" деп айыпталған тоғыз айыпталушының бірі. Оның ісі денсаулық жағдайына байланысты жеке қаралып жатыр. Қалған сегіз айыпталушының ісі бойынша сот аяқталған және қараша айының соңында Қазақстанның түрлі аймағына этаппен жіберілген. 5 тамызда Алмалы аудандық соты сегіз адамды 5-8 жыл аралығында соттаған. 20 қарашада апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Қылмыстық іске қарағанда, сотталушылардың бірі Болатбек Нұрғалиев "терроризм мен салафизм идеясын насихаттау және салафизм идеясын ұстанатындарды көбейту үшін" WhatsApp мессенджерінде топ ашып, өзімен пікірлес сегіз адамды тіркеген. Сот үкіміне қарағанда, Қазақстанның түрлі өңірінде тұратын бұл адамдар заңға қайшы екенін біле тұра әрекеттерін жалғастырған.

Барлық айыпталушылар сот отырысы кезінде өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарды. Тамыз айында қазақстандық құқық қорғаушылар сегіз сотталушыны діни көзқарасы үшін қудаланған азаматтар қатарына қосты.

Тегтер: