Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:45

Израиль армиясы Газа секторына әуеден соққы жасады: 41 адам қаза тапты

Газа
Фото: Anadolu Agency

7 шілде күні таңертең Израиль армиясы Газаның бірнеше аймағына әуеден соққы жасап, салдарынан кемінде 41 палестиналық көз жұмды. Бұл туралы аймақтағы медициналық дереккөздер мен куәгерлер хабарлады.

Израиль дрондары мен ұшақтары Газаның солтүстігіндегі Шайх Ридван және Ан-Наср аудандарында уақытша қоныс тепкен босқындардың үйлерін нысанаға алған. Бұл шабуылдың өзінде 25 адам қаза тауып, олардың көпшілігі – әйелдер мен балалар екені айтылып жатыр. Куәгерлердің айтуынша, шабуыл кезінде тұрғындар ұйықтап жатқан.

Сол аудандағы тағы бір соққыда 3 адам көз жұмып, жараланғандар Аш-Шифа ауруханасына жеткізілді. Ал Ад-Дераж ауданындағы Әл-Сафади әулетінің үйіне жасалған шабуыл тағы 3 адамның өмірін жалмады.

Газаның оңтүстігіндегі Хан-Юнус маңындағы Аль-Маваси босқындар лагеріндегі шатырларға оқ жаудырылып, арасында жүкті әйелдер мен балалар бар 10 адам көз жұмды. Көптеген адам ауыр жараланған.

Құрбандар саны – 57 мыңнан асты

Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газа секторында Израильдің шабуылдарынан 57 418 адам қаза тауып, 136 261 адам жараланған. Жергілікті ауруханаларға кейінгі 24 сағат ішінде ғана 80 мәйіт пен 300-ден астам жаралы адам жеткізілген.

2024 жылғы 18 наурыздан бастап қайта басталған шабуылдарда Израиль армиясы 6860 палестиналықты өлтіріп, 24 220 адам жарақат алған.

Мыңдаған адам әлі күнге дейін қирандылар астында қалып отыр, олардың тағдыры белгісіз.

«Гуманитарлық аймақтардағы» шабуылдар

27 мамырдан бері АҚШ пен Израильдің қатысуымен құрылған «Газаға гуманитарлық көмек» қорғалатын аймақтарында да жүйелі шабуылдар тіркелген. Бұл жерлерде 751 адам қаза тауып, 4931 палестиналық жараланған.

Осылайша, Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс салдарынан азаматтық тұрғындардың зардабы күн санап ушығып жатыр. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар бейбіт тұрғындардың нысанаға алынуын айыптап, тараптарды атысты тоқтатуға шақырған.

Тегтер: