Израиль Газаға екі гуманитарлық дәлізін ашуға шешім қабылдады
Израиль билігі Газа секторына көмек жеткізу үшін екі жаңа гуманитарлық дәліздің ашылуын мақұлдады.
bbc.com мәліметінше, бұл шешім АҚШ президенті Джо Байден Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесіп, Палестина анклавындағы бейбіт тұрғындарды қорғау үшін шара қолдануды талап еткеннен кейін қабылданды.
Газа секторында Израильдің Хамасқа қарсы соғысы басталғаннан бері алғаш рет жолақтың солтүстік бөлігінде орналасқан Эрез өткелі уақытша ашылады. Бұған қоса, Израиль Керем Шалом өткелінен Иорданиядан келетін гуманитарлық жүктердің көбірек өтуіне рұқсат береді. Газаға көмек Израильдің Ашдод портына да түсе бастайды.
АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесі Израиль үкіметінің бұл шешімдерін құптайтынын және олар «тез әрі толық» орындалуы керек екенін атап өтті.
Бейсенбі күні кешке Байден мен Нетаньяху телефон арқылы жарты сағат сөйлесті, бұл кезде Ақ үй тарапынан әдеттен тыс қатал әңгіме болғаны айтылады.
Лидерлер Израильдің Газадағы әуе шабуылынан World Central Kitchen (WCK) қайырымдылық ұйымында жұмыс істейтін жеті батыстық ерікті қаза тапқаннан бері алғаш рет келіссөздер жүргізді. Нетаньяху әскерилер «жазықсыз адамдарға» «байқаусыз соққы» бергенін айтып, мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін бәрін жасауға уәде берді.
Фото: GETTY IMAGES