Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:41

Израиль Газаға тағы шабуыл жасап, салдарынан 13 адам қаза тапты

Газа
Фото: AFP

Газа секторында бітім күшіне енгеніне қарамастан, Израиль әуе және дрон соққылары салдарынан кемінде 13 палестиналық қаза тапты, олардың бесеуі – балалар.

Бұл туралы Газаның азаматтық қорғаныс қызметі хабарлады.

The Guardian басылымы агенттік өкілі Махмуд Бассалға сілтеме жасап, Газаның оңтүстігінде шатырды дронмен атқылау салдарынан төрт адам, соның ішінде үш бала қаза тапқанын жазды.

Ал солтүстіктегі босқындар лагерінің маңында 11 жастағы қыз көз жұмған, мектепке жасалған соққы тағы бір адамның өліміне әкелген. Хан-Юнис маңында дрон соққысы бір ер адамның өмірін қиған.

ХАМАС бақылауындағы мекемелер өзге шабуылдарда тағы екі палестиналықтың қаза болғанын хабарлады. Израиль әскері бұл ақпараттарды тексеріп жатқанын мәлімдеді.

Бейсенбі кешке қарай Израиль Газа қаласының шығыс бөлігіндегі тұрғын үйге шабуыл жасаған. Нәтижесінде тағы төрт адам қаза тапты.

Израиль армиясының уәжі

Бұған дейін Israel Defense Forces Газа қаласы аумағынан Израиль бағытына снаряд атылғанын, бірақ бірақГаза ішінде құлағанын хабарлаған. 

Махмуд Бассалдың айтуынша, бүгін таңертеңнен бері Израиль соққылары салдарынан қаза тапқандар саны 13 адамға жеткен. Ол мұны бітімнің ашық бұзылуы деп атады.

Газа денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, бітім күшіне енгеннен бері Израиль күштері Газада кемінде 425 палестиналықты өлтірген.

Ал ХАМАС өкілі Хазим Қасым AFP агенттігіне берген сұхбатында бейсенбідегі соққылар «Израильдің бітім шарттарын сақтаудан бас тартқанын айғақтайды» деді.

Израиль армиясы осы кезеңде өз тарапынан үш әскери қызметкердің қаза тапқанын хабарлады.