Израиль: Операция да, террор да емес, бұл – соғыс!
50 жылдықтың «құрметіне» жаңа шабуыл. Палестина мен Израиль арасында басталған соғысты осылай атауға болады.
Осыдан дәл 50 жыл бұрын Сирия мен Египет Израильға дәл осылай шабуыл жасаған. Енді, міне, «Иерусалимнің әл-Ахса мешітін қорлауы» себеп болып, әлемнің бірқатар елі террорлық ұйым деп таныған ХАМАС жанкештілері Израильді атқылап, шекарасын бұзып кірді.
Израиль тарапы бұған «алдын ала ойластырылған әскери шабуыл» деген баға берді. Және бірден соғыс жағдайына көшіп, «ұзақ та ауыр соғысқа кірдік», деп жариялады. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өз халқына «Израиль азаматтары, бұл операция емес – соғыс», деген үндеу жолдап, азаматтарды отан қорғауға шақырды да, «Темір қылыш» әскери кампаниясын бастап кетті. Жексенбі күні Палестина астанасы Газа қаласын атқылап, 500-ге жуық нысанды жойғанын, Израиль шекарасына кірген жау жасақтарын қиратып тастағанын айтып жатыр. Және бұл алғашқы этап қана екенін, әскери қимылдар ары қарай жалғасатынын айтып, палестиналық бейбіт тұрғындарды бұл аймақтан кетуге үндеп жатыр. Қысқасы, Израиль армиясы «ХАМАС-ты құртпай тоқтамайды».
ХАМАС-тың да мақсаты осыған келеді деуге болады. Құрылған күні-ақ (1987 жыл 14 желтоқсан) «кез келген еврейді әскери босқын деп есептеуге болады, сондықтан ондайларды өлтіруіміз керек» деп, қорқынышты мәлімдеме жасаған бұл ұйым оңай шағыла салар жаңғақ емес. Бүгін құртса, ертең басқа бір бүйірден бұрқ етіп бүлік шығаруы ғажап емес дегендей. Өз аяғын өзі атып, оған Израильді кінәлап шығатын палестиндіктер де ХАМАС құрыды деп қарап отырмасы анық.

Дұшпан кім, дос кім?
Қалай болғанда да, «Израильді теңізге тастаймыз», яғни жерін тартып алып, өздерін суға тұншықтыра саламыз деп ат қойған тентек көршісін Иерусалимнің қашан жөнге салып болары белгісіз. Бұған бірнеше жанама себептер бар. Қазірдің өзінде бұл шабуылдың артында Иран мемлекеті тұр деген болжамдар жасалып жатыр. Иран мұны жоққа шығарса да, Палестинаның «мақтан тұтуға болатын бұл әскери операциясын» қолдайтынын ашық білдірді. Иран ғана емес, Парсы шығанағындағы елдер де түгелге жуық Израильдің өзін кінәлап шықты. Сирия, Ирак, Кувейт ақылдасып алғандай «Израильдің өзі кінәлі, палестиндіктерді тұқыртумен келеді» деген мазмұндағы мәлімдеме жасап жатыр. Бұл соғыс басталғалы бері жұрттың бәрі не дер екен деп елеңдескен Сауд Арабиясы ұстамды кеп танытып, жағдайды асқындырмауға шақырғанмен, ол да «ұзақ жылдар бойы палестиндіктердің құқығын таптап келген Израильдің өзі де кінәлі» деп салды. Ал Израильге зымыран атқан Ливанның («Хезболла» радикалды тобы мойнына алды) қай жағалауды таңдағаны айтпаса да түсінікті. Израиль де қарап қалмай, солтүстік жағын қымтап, тіпті Ливандағы исламшылдарға танкімен оқ атып, жауап берді. Бұл тарапта, әзірге, ХАМАС-ты кінәлай сөйлеген жалғыз ел – БАӘ болып тұр.
Батыс елдері түгелге жуық Израиль жағында. Ең әуелі АҚШ бастап, ХАМАС-тың әрекетін енді-енді ғана беті бері қарап келе жатқандай болған Саудия мен Израиль арасын ушықтыру мақсатында жасалған деп бағалады. Израиль үкіметі ә дегеннен-ақ АҚШ-тан қарулы көмек сұрады; оқ астында қалған, тұтқынға түскен бейбіт тұрғындар арасында 18 елдің азаматы бар екенін, әсіресе АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция азаматтары көп екенін айтып, Еуропаның өзіне салмақ сала сөйледі. АҚШ әскери техникаларын Израиль маңына топтастыра бастады, Еуропа елдері, Еуроодақ мүшелері түгелдей Израиль жағында. Бірақ бұл осымен бар мәселе шешіледі дегенді білдірмейді. ХАМАС тарапы «бізді ұшақ тасығышпен қорқыта алмайсың, бұл ісіңнің артын ойла», деп, «Әл-Жазира» арқылы сәлем айтты. Өзге жақтастарын да Израильге қарсы күреске шақырып жатыр.
Бейтараптық танытып отырған елдер де көп. Соның ең басында Ресей тұр. Кейбір сарапшылар бұл соғыстың тұтануына Ресей де мүдделі болды, астыртын қатысы болуы мүмкін деп жатыр. Қатысы бар-жоғы бөлек әңгіме, қайткенде де Ресей бұл эскалацияға аса мұқият көз тігіп отыр. Себебі бүкіл Батыс жұрты Украинадағы соғысқа қарсы, Ресейді кінәлайды және қару-жарақ, қаржылай тұрғыда көмекті үйіп-төгіп жатыр. Енді, осындайда олар алаңдайтын екінші фронт ашылса, Ресей үшін әжептәуір ес болмақ. Кім біледі, Араб мемлекеттері Палестина жағына шығып кетіп, соғысқа кірісіп кетсе... Парсы шығанағы мен Батыс арасында жағдай ушыға түссе, Ресейдің жағдайы күрт оңалып кетпесе де, арқасы кеңіп қалар еді. Сондықтан ақыры басталып қалған бұл қанды майданға жел берушілер табылмай тұрмайды.

Бейбіт келісімге келу мүмкін бе?
Израиль салған жерден ешқандай да бейбіт келісім туралы сөз болмайтынын айтты. Иә, 700-ден астам адамы шейіт болған (соңғы мәлімет бойынша 750 Израиль азаматы хабар-ошарсыз кеткен), 3000-дай адамы жарақаттанған, жүздеген адамы тұтқынға түскен Израиль тарихындағы ең бір қанды, қасіретті шабуылдың өтеуі – онсыз да асқынып тұрған қатынасты бір жақты ету. Ал ол Израиль үшін тек қанды кек, яғни ХАМАС-тың көзін құртумен өлшенеді. Олар қазірдің өзінде палестиналықтарға үндеу жасап қойды: «Газалықтар, біз ХАМАС пен «Ислам жихады» ұйымына қатысы бар барлық нүктені үйіндіге айналдырамыз, сондықтан бұл аймақтан кетіңдер!» – дейді.
Қазір Газа секторындағы босқындар Мысыр шекарасынан өтуге әрекет қылып жатыр. Египет билігі араағайындыққа жүруге дайын екенін білдірген, бірақ Израиль тарапы бір ғана сөз айтты: тұтқындарды босату туралы ғана келісуге болады. Палестина да «Аллаһу акбар» деп, ұрандатып, көзапара көшеде сүйреп жүрген тұтқындарды Израиль түрмесіндегі тұтқындармен алмастыру үшін ұстадық деп жатыр. Демек, келісім туралы сөз болғанда, әзірге осы төңіректен ғана үміттенуге болатын сияқты.
Жексенбі күні түнімен Газа бомбаланды. Ресми мәлімет бойынша Газа аймағында қаза болғандар саны 400-ден асып жығылады. Дүйсенбі күні таң ертең Израиль премьер-министрі баспасөз конференциясында «бейбіт тұрғындарға обал емес пе?» деген сұраққа жоғарыдағы үндеуін қайталап, олардың оқ пен қиранды астында қалмауын қалаймыз, бірақ солай екен деп, тоқтап та қалмаймыз деген сыңайда жауап берді.
Айта кетерлігі, ХАМАС бір-ақ күнде 5000 зымыран атып тастапты. Бұл дүркін-дүркін Израильдің мазасын алып тұрған 2001-2009 жылдардағы кезеңнен де асып түскен. Бұл жылдары ХАМАС 4380 зымыран мен миномет снарядтарын атыпты.
Олжас СЛАМЖАН