Израиль үкіметі ХАМАС-пен келісімді мақұлдады
Израиль үкіметі ХАМАС-пен атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімді мақұлдады.
Израиль үкіметі ХАМАС тобымен Газа секторында атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату туралы келісімді ақыры мақұлдады. Бұл туралы 18 қаңтар, сенбіге қараған түні премьер-министр Беньямин Нетаньяху кеңсесі хабарлады.
Премьер-министр кеңсесі атысты тоқтату және кепілге алынғандарды босату жексенбі, 19 қаңтарда басталады деп мәлімдеді. Министрлер кабинетінің отырысы сегіз сағатқа созылды.
Америкалық Axios порталының хабарлауынша, Нетаньяхудың коалициялық үкіметіндегі 24 министр келісімге дауыс берсе, сегізі қарсы дауыс берген. AP агенттігі атап өткендей, үкімет отырысы еврейлердің сенбі күні жұмыс істемеу дәстүріне қарсы өтті, бұл ерекше жағдайларда ғана болады.
Кепілге алынғандарды босату үшін бітім
Бұған дейін Израильдің әскери-саяси кабинеті ел үкіметіне Газа секторында атысты тоқтатуға және кепілге алынғандарды босатуға бағытталған ХАМАС-пен келісімді қабылдауды ұсынған болатын. Содан кейін келісім министрлер кабинетінің қарауына жіберілді, деп хабарлады премьер-министр Беньямин Нетаньяху кеңсесі жұма күні (17 қаңтар).
15 қаңтарда Израиль мен палестиналық ХАМАС тобының өкілдері атысты тоқтату және кепілге алынғандарды айырбастау туралы келісімге келгені белгілі болды. Келісімнің бірінші кезеңі 42 күндік атысты тоқтатуды және Газа секторындағы кепілге алынғандардың бір бөлігін босатуды қамтиды. Оның орнына әрбір Израиль азаматы үшін 30 палестиналық тұтқын және әрбір сарбаз үшін 50 палестиналық босатылуы керек.
17 қаңтарда израильдік БАҚ келісімнің бірінші кезеңі аясында Израиль түрмелерінде ұсталған палестиналық тұтқындарға айырбасталатын 33 адамның тізімін жариялады. Израиль ресмилері тізімдегілердің көпшілігі тірі деп есептейді, бірақ кепілге алынғандардың жағдайы туралы нақты ақпарат жоқ.