Израильде Иранның зымыран шабуылынан екі адам қаза тапты
Иран Израильдің орталық бөлігіне зымыран соққысын жасап, оны Ислам Республикасының Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Лариджанидің қазасы үшін кек алу деп атады. Рамат-Ган қаласында бір ер адам мен бір әйел көз жұмды.
Тель-Авивтен шығысқа қарай орналасқан Рамат-Ган қаласында Иранның зымыран соққысы салдарынан жараланған ер адам мен әйел қайтыс болды. Бұл туралы Израильдің Magen David Adom құтқару қызметі 18 наурызға қараған түні хабарлады.
БАҚ мәліметінше, қаза тапқандар 70–80 жас аралығындағы қарт ерлі-зайыптылар.
Жарияланған фото және видеоларға қарағанда, зымыран тұрғын үйге түскен.
Тель-Авив маңындағы тағы бір қала — Бней-Бракта жеңіл жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізілген.
Сонымен қатар, зымыран соққысы Тель-Авивтегі Савидор теміржол станциясына да зақым келтірген. Осыған байланысты пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды. Өрт сөндірушілер Израильдің орталық бөлігінде бірнеше өртті сөндіргені хабарланды.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) өз Telegram-арнасында қираған теміржол станциясындағы құтқару жұмыстарының фотосуреттерін жариялады. Онда:
«Құтқару қызметтері Израильдің орталық бөлігінде бірнеше жерде іздестіру жұмыстарын жүргізіп, бейбіт тұрғындарға көмек көрсетіп жатыр», — делінген.
DPA агенттігінің мәліметінше, Израильге бағытталған зымырандардың басым бөлігі әуе қорғаныс жүйелері арқылы тосқауылданған. Дегенмен елдің орталық бөлігінде бірнеше нысанға соққы тигені тіркелді. Израиль әскері тұрғындарды зардап шеккен аймақтарға жақындамауға шақырды.
Осы уақытта Иран телеарнасы Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) мәлімдемесін таратты. Онда Иран Тель-Авив маңындағы нысандарға орта қашықтықтағы «Хоррамшахр-4» баллистикалық зымырандары мен ұзақ қашықтықтағы «Қадир» зымырандары арқылы соққы жасағаны айтылған. ИРСК бұл шабуылды Әли Лариджанидің қазасы үшін кек деп атады.
18 наурызға қараған түні бірқатар елдерде әуе қорғаныс жүйелері іске қосылды. Атап айтқанда, Кувейт, Сауд Арабиясы, Бахрейн және Біріккен Араб Әмірліктерінде, соның ішінде Дубайда да дабыл берілген. AFP агенттігі Дубайда бірнеше қатты жарылыс болғанын хабарлады.
Сол күні Аустралия премьер-министрі Энтони Албанезе Иран снаряды БАӘ-дегі Әл-Минхад әуе базасы маңына түскенін мәлімдеді. Бұл база аумағында аувстралиялық әскери қызметкерлер орналасқан. Оның айтуынша, Аустралия азаматтары зардап шекпеген.
Сауд Арабиясы да ханзада Сұлтан атындағы әуе базасы маңында баллистикалық зымыранның тосқауылданғанын хабарлады. Бұл базада АҚШ әскери күштері орналасқан.
Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі 18 наурыз күні Эр-Риядта араб және ислам елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтетінін мәлімдеді. Онда аймақтағы қауіпсіздік мәселелері мен мемлекеттердің іс-қимылын үйлестіру талқыланбақ. Кездесуге қатысатын елдердің нақты тізімі жарияланған жоқ.
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға әуе соққыларын жасаған болатын. Осыдан кейін Тегеран Парсы шығанағы аймағындағы елдерге қарсы зымыран және дрон шабуылдарын бастады. Иран мәлімдемесіне сәйкес, бұл шабуылдардың негізгі нысанасы – аймақтағы АҚШ әскери базалары.
Қақтығыс басталғалы бері Иранның шабуылдарынан Әзербайжан мен Еуроодаққа мүше Кипр де зардап шеккен.