Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

Jeju Air ұшағының "қара жәшігі" апаттан 4 минут бұрын жазуды тоқтатқаны анықталды

корея ұшақ апаты
Фото: Yonhap

Оңтүстік Кореядағы ұшақ апатының соңғы минуттары туралы ақпараттың жоқтығы тергеуді қиындатып отыр.

Оңтүстік Кореяның Муан әуежайында апатқа ұшыраған Jeju Air ұшағының екі рекордері де (қара жәшіктер) ұшудың соңғы минуттарында істемей қалған. Кореяның көлік министрлігі "қара жәшіктер" апатқа төрт минут қалғанда жазуды тоқтатқанын айтты, деп хабарлайды Yonhap.

Ұшақ 9:03-те апатқа ұшырап, екі "қара жәшік" те 8:59-да деректерді жазуды тоқтатқан. Ұшудың соңғы минуттары туралы ақпараттың болмауы тергеуді қиындатады. Алайда, агенттік атап өткендей, "қара жәшіктер" тергеушілер үшін жалғыз дерек көзі емес.

"Тергеу әртүрлі ақпарат көздерін, соның ішінде әуе қозғалысын басқару жазбалары, апаттың бейнежазбалары және оқиға орнынан алынған қалдықтарды талдауды қамтиды", - дейді тергеу тобы.

Қазір Вашингтонда Boeing 737-800 ұшағының "қара жәшіктері" сарапталып жатыр.

Айта кетейік, 2024 жылы 29 желтоқсанда Бангкоктан ұшқан Jeju Air ұшағы Оңтүстік Кореяның Муан әуежайына қонып жатқанда апатқа ұшырады. Ұшақ бетон конструкциясына соғылып, өртеніп кетті. Борттағы 181 адамның 179-ы қаза тапты. Экипаждың екі мүшесі ғана аман қалды.